Сағи Әшімовтің Шоқан рөліне бекітілгенін естігенде анасы Майра да, әжесі Тәжіхан да құп көрмеген екен. Тіпті шығармашылық топтың әлдеқашан таңдап қойғанына қарамастан фильм режиссері болған әкесі Асанәлі Әшімов те «Сағиды бұл рөлге алмаймын» деп ұзақ уақыт қарсылық білдірумен болады. Бірақ түсіру тобының өзге мүшелері: «Сағидан басқа актер бұл фильмге түсер болса, біз жұмыс істемейміз», деп талап қояды. Амалы қалмаған режиссер ұлын ұлы тұлғаның рөліне бекітуге тура келеді. Ал сол кезде Көркемсурет және өнер институтының екінші курсында оқып жүрген студент Сағи болса, «әкем режиссер ғой» деп еркінсіп кетпей, керісінше иығына бірнеше есе ауыр жүк артады. Тіпті режиссер әкесімен жұмыс істеймін деп күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. Тәулігіне 4-5 сағат қана ұйықтап, 8 кило салмақ тастапты. Шығармашылықтың қыз-қыз қайнаған қиын да қызық сәттері туралы Сағидың өзі баспасөзге берген соңғы сұхбаттарының бірінде былай деп сыр шертіпті: «Әкем «Шоқан Уәлиханов» фильмін түсірді. Мен әлі де тәжірибемнің аздығына қарамастан сол фильмде басты рөлде ойнадым. Бірде әкем кезекті эпизодтан кейін: «Мен тәуекелге барып, осындай қиын да басты рөлге сені таңдадым. Бекер болған екен. Сенен ештеңе шықпайды» деп қатты ашуланды да, түсірілім тобын ертіп кетті де қалды. Мен киіз үйде жалғыз қалдым. Жанымды қоярға жер таппай, көйлегімнің дал-далын шығарып жыртып, түні бойы намыстан өртеніп кете жаздап жылаумен болдым. Таңертең әкемнің «Сағи» деп айқайлаған даусынан оянып кеттім. Әбден қалжырап шаршағанмын, қарным ашып барады, екі көзім қып-қызыл. Кенет әкем: «Түсіру алаңын дайындаңдар! Науқас Шоқанды түсіреміз!» деп айқайлап жіберді. Сол жолы менің үрейлі жүзімді көрген бір бөгде кісі: «Асеке, мынау шынымен сіздің балаңыз ба?» деп таңғалғаны бар. Мен әкеме сол күндері қатты ренжитінмін…».
Ал жанындай жақсы көретін немересінің мұндай күйге түскен көрген әжесі Тәжіхан: «Сағиды неге бұл рөлде ойнатасың? Әлдеқашан сүйегі қурап қалған аруаққа тимесеңдерші, жаман ырым ғой», деп Асанәлі ұлына біраз жекіп те алыпты. Бірақ түсірілім басталып кеткеннен кейін шегінерге жол жоқ, әкелі-балалы екеу бастаған істі аяғына жеткізуге бекінеді. Осылайша, әйгілі «Шоқан Уәлиханов» фильмі жарыққа шығады. Көрерменін қуантқан туынды – бүгінде қазақ кинематографына қосылған теңдессіз олжа.
Алайда дәл сол сәтте анасының сөзіне мән бермеген Әшімовтің әлі күнге дейін өзегін өкініш өртейді. Ол азапты актердің мына бір естелігінен айқын сезінуге болады: «Мен баламды азапқа салдым. Бірде оған қалжыңдап: «Ендігі межең – Абылай», дедім. Сағи болса: «Шоқаннан ауыр бола қоймас», деді. Осы сөзді бекер айтқан екенмін. Менің өмірімде болжап айтқан сөзім ылғи кері орындалатын. Балаларым мені ешқашан «папа» деген емес, «аға» дейтін. «Папа» дегізуге шешемнен батпадым. Сағи: «Аға, сізбен бірге үлкен бір рөлде ойнасам, арманым жоқ», дейтін. Бізге арналған киносценарий де дайын еді, тек үлгермеді. Сценарий желісі бойынша мен – суы тартылып қалған Арал теңізіндегі кеменің капитаны, ол ғарышкердің рөлін ойнайтын. Біріміз – туған топырағынан табан тайдырмайтын әкені, біріміз арманы асқақ баланы сомдайтын болғанбыз. Ол да кері кетті», деп актер аһ ұрады. Бірақ өкінгенмен Алланың ісіне шара бар ма? Пенде пешенесіне бұйырған тағдырынан асып кете алмасы хақ.
Әңгімеміздің арқауына айналған актер Сағи Әшімовтің өнердегі жолы ерте басталды. Олай болуы заңды да еді. Әкесі – КСРО халық әртісі, атақты актер Асанәлі Әшімов болса, анасы Майра Шәкенқызы да осал емес, көмейіне бұлбұл ұя салған жезтаңдай әнші. Тегінен-тегін болмаған таланттың өнерде өз өрнегін бедерлемеуі мүмкін емес еді... 9-сыныптан бастап киноға түскен Сағи, жалпы саны 30-ға жуық фильмде түрлі рөлді сомдапты. Бірақ оның атағын аспандатқан бейне – Шоқан. 22 жасында сомдаған осы рөлі үшін де ол Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
Өміріне ең үлкен өзгеріс алып келген бұл рөлді кейін оның өлімімен де байланыстырушылар көп. Әрине, бұл сүйікті әртісін өлімге қимаған көптің өзімшіл көңілі ғой. Десе де актер өмірінен өткен мына бір оқиғаны кездейсоқтыққа балай алмадық. Журналист Жадыра Нармаханова өз мақаласында: «...Әйгілі актер Асанәлі Әшімов жары Майра Шәкенқызы дүниеден өткен соң (1993 жылы) бейітінің басына анасы Тәжіханды, баласы Сағиды және бірнеше кісіні ертіп келіп, Құран бағыштапты. «Кеңсайдағы» кілең ығай мен сығайдың қатарында жатқан жұбайы Майра Шәкенқызының жанынан екі орын алып қойған актер: «Кейін Майраның жанына шешеміз екеумізді жатқызасыңдар» депті. Сонда Сағи: «Ал менің орным қайда?» деп сұрапты. Түрі қудай болып, тартынып қалған актер: «Тәйт! Бұл жерге сен жатпайсың! Сенің өмір шырағың алда!» деп тыйып тастапты. Бірақ сол екі орынға араға алты жыл салып, Әшімовтің көзінің ағы мен қарасындай болған қос құлыны жайғасыпты. 1999 жылдың басында үлкен ұлы Мәди, қазан айында Сағи, «бірінің артынан бірі өтіпті өмірден…».
Бәлкім, бұл кездейсоқтық емес те шығар. Бірақ тағдыр екені анық. Алланың маңдайына бұйыртқан тағдыры... Рөліне жан бітіремін деп жүріп, өзі де кейіпкерінің тағдырын құшқан Сағидың сағым ғұмырын тылсым демей көріңізші! Өмір дерекке үңілсек, Шоқан Уәлиханов – 30, оның экрандағы бейнесін сомдаған Сағи – небәрі 38 жыл ғұмыр кешіпті… Иә, Сағи Шоқанды сомдап, Шоқан тағдырын құшқан актер.