Пікір • 13 Желтоқсан, 2023

Мейірімге зәруміз

194 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бізді бір құтқарса, мейірім құтқарар. Тап қазір мейірімге зәруміз. Әлемдегі әлімжеттік операциялары тап осы мейірім­нің жоқтығынан, тату дипломатияны құптамағандықтан туындап жатыр. Қоғам ішінде мейірім кімге көрсетілуі керек? Бәріне. Анаға да, әйелге де, балаға да, досқа да, жолдасқа да, ұжымдасқа да. Мейірім сызығынан аттап кеткен адамның тартатыны тек азап. Айнала, туған-туыстың сенен мейірім көруі – әрі-беріден соң заңды нәрсе. Ал біз елеп-ескере қоймайтын, елеусіз жүрген еңбек адамдарын бір уақ еске алып, бір уақ қуантып қою ше?

Әлеуметтік желідегі екі бейнежазбаны көріп, еріксіз егілдік әрі риза болдық. Әуелгісінде Семейдегі Шәкәрім атындағы университеттің студенттері оқу орнының күзетшісін туған күнімен құттықтап, тосынсый жасайды. Жұмыс орнында тұрған егде кісі таңғалысын жасыра алмаған. Студенттер жаппай жамырасып құттықтағаннан кейін барып, ес жиып, қуанып, торт үстіндегі майшамдарын үрлейді. Сосын көзіне жас алады.

Күзетшінің аты-жөні Мамырбек Тәшкен­баев екен. Осы оқу орны қауіпсіздігіне жауап­ты болып келе жатқанына үш жылға жуықтапты. «Ол кісі өте адал және жауапты. Ұжым да, басшылық та тек жақсы қырынан біледі. Сүйікті күйеу, әке және ата», дейді университет ұжымы.

Студенттер мұндай ерекше сыйды ұйым­дастыру үшін әдейі сабақ болмайтын демалыс күнін таңдап алыпты. Бір ғана аяулы­ сәт өз қызметін үнсіз ғана атқарып жүрген адамның мерейін тасытты, экранның бер жағында қарап отырған қаншама жанның көңіліне мейірім дәнін септі.

Екінші кейіпкер – Төлеген аға қаншама жылдан бері Павлодар қылмыстық атқару жүйесі департаменті мекемесінің ауласын тазалайды. Қақ-соқпен ісі жоқ, ыждағатты жан екен. Осы мекемеде жұмыс істейтін құқық қорғау саласының өкілдері ол кісімен етене жақын болып кеткен. Айтуынша, Төлеген аға ондағылардың бәрін өзінің жүйелі жұмысымен, сыпайылығымен және адамгершілігімен тәнті еткен. Ресейде туып, кейін Қазақстанға көшіп келіп, ұзақ жыл бойы анасымен бірге тұрған. Бірер жыл бұрын анасы дүниеден өткен. Қазір жалғыз. Қалай дегенде де тағдырлы адам. Мекеме қызметкерлері ағаны туған күнімен құттықтау жиынын ұйымдастырып, кең дәлізді мерекелік көңіл күйге бөлеп, айналаны әспеттеп, безендіреді. Сосын барып кейіпкердің өзін шақырады. Департамент ауласының тазалығымен шапқылап жүрген Төлеген аға мынадай ерекше құрметке аң-таң. Сенер-сенбесін білмейді. Бірақ ақиқат бейнелер өзіне қарап жымиысып, алқалайды.

«Бізде қырыққа жуық адам еңбек етеді. Ағаның анасы дүниеден озғанда ол дәм әкеліп, ас берді. 8 наурыз мерекесінде шоколад сыйлап, көңіл күйімізді көтереді. Жалғыз тұратынын білген соң біз ол кісіге талай көмектеспек болдық. Алайда әр кез бас тартты. Сол себепті туған күнін асыға күттік», дейді мекеме қызметкерлерінің бірі.

Күзетші, тазалықшы сияқты кәсіп иеле­рі­нің елеусіз тірлік кешетіні түсінікті. Міндеті бөлек болған соң, ұжыммен де араласып кете бермейді көп жағдайда. Әрі көп ретте мұндай жұмыстарды егде кісілер атқарады. Айлықтары да, зейнетақысы да көп емес. Бірақ көңілдері көл-көсір. Көбі біртоға. Көңіл түкпіріндегі көк дөненге отырып, шапқылай жөнелетіндері тым-тым сирек. Ондай жандарды бір сәт қуантып, мына алып қоғамның бір мүшесі екенін сезіндіріп қою, сірә, адамзатқа жасалған жақсылықтың үлкені болар. Мейірім – энергия. Адамнан адамға таралады. Біреуден жан шуағын көрген, сезінген жан оны міндетті түрде басқамен бөліседі. Қазақ қуанышты бөліссең көбейеді деп текке айтпаған болар.

Мейірім ұғымының әсілінде аясы тым кең. Жоғарыда айтқандай, бұл тек торт сыйлап, туған күнімен құттықтау емес. Балаларға қорған болу да – мейірім. Олар ойнайтын аула­ны қауіпсіз етіп салу, олар оқитын бақша мен мектепті сапалы етіп салу – мейірім. Әр адамның қауіпсіздігіне кепіл болу – мейірім. Елдің аузынан жырып жиналған қазына қаржысын жымқырмау – мейірім. Ертелі-кеш әлеуметтік төлем төлеп, қаптың түбін қаға бермей, халықтың әл-ауқатын арттыруға күш салу – мейірімнің тіпті көкесі.

Мейірімді қоғамның әділ, адал болатыны, адами құндылықтарды алға оздырып, оның өз кезегінде материалдық құндылықтарға да жол ашатыны бесенеден белгілі. Бірақ біз соңыра айтып өткен мемлекеттік деңгейдегі мейірімдердің қоғамдағы шағын қадамдардан құралатынын ұмытпаған абзал. Жабырқап жүрген жақыныңды жай ғана қуанта салудың өзі дүниенің тағдырына әсер етер күшке ие екенін біз біле бермейміз ғой. Талай адам бір кезде көрген мейірімінің әсерінен жер-дүниені қайран қыларлық жетістіктерге қол созды. Енді ол келесі толғамның тақырыбы болар...