Медицина • 14 Желтоқсан, 2023

Ауыл медицинасының ахуалы қандай?

101 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Түркістан облысында медициналық орталықтардың жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналған. Кейбір ауылдарда денсаулық нысаны жоқ. Өзекті мәселені шешу мақсатында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы 49 медициналық пункттің құрылысы басталады. Осы орайда биыл 122 жаңа нысан салу бойынша жауапты министрлікке ұсыныс хат жолданып, 49 медпункттің құрылысын жүргізу бойынша тиісті жұмыстар атқарылмақ.

Ауыл медицинасының ахуалы қандай?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде еліміздегі медицина инфрақұрылымын жақсарту қажеттігін айтқан болатын. «Оның жай-күйіне қатысты түйткілдер аз емес. Мемлекет соның бәрін біртіндеп шешіп жатыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл-аймақта 600-ден астам нысан салу жоспарланған. Жұмыс­тың бәрі уақтылы әрі сапалы жаса­луы керек. Бұл – өте маңызды. Бар­лық жауапкершілік әкімдерге жүкте­леді», деді Президент. Сондай-ақ Мем­лекет басшысы бұған дейін Жол­дауында алғашқы дәрігерлік көмекті ұйым­дастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау, шалғайдағы өңірлерге көлік арқылы дәрігерлік қызмет көрсету ісін қайта қалпына келтіру шараларын жүзеге асыру, үш жыл ішінде барлық ауылдық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы екі міндетті қамтитынын айта кетелік. Біріншісі – бүкіл ауылдық елді мекендерді медици­налық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Екіншісі – заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған негізгі 5 орталықты қосымша орналастыра отырып, заманауи көпбейінді аудан­ара­лық орталық ауруханалар желі­сін ұйымдастыру. Бұл ауыл тұрғын­дарына дер кезінде шұғыл және маман­дан­дырылған медициналық көмек көр­сетуді жоғарылатады. Осы орайда облыста «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 73 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттердің кешен­ді жоспарын әзірлеу қолға алынған. Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, медициналық нысандарға мұқтаж ауылдар көп. Мысалы, Келес ауданына – 20, Мақтаарал ауданына – 12, Жетісай­ға – 11, Қазығұртқа – 7, Сарыағаш­қа – 7, Түлкібасқа – 6, Төлебиге – 5, Сауран­ға – 2, Бәйдібек, Созақ пен Отырар аудандарына бір-бірден жаңа медициналық нысандар қажет. Бұл орайда облыс әкімдігі инвесторлардың ықпалы арқылы мәселені жылдам шешу жолын қарастырып отыр.  Жуырда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында өткен жиында кәсіпкерлерге медициналық нысандар құрылысына инвестиция салу жөнінде ұсыныс беріліп, мемлекеттік қолдаулар жайы түсіндірілді. Алдағы уақытта ғимараттар бой көтеретін елді мекендер қатары нақ­ты­ланып, инфрақұрылымы тереңірек зерде­ленбек. Медициналық пункт, ФАП, дәрігерлік амбулаторияның жобалық сметалық құжаттары бірыңғай үлгіде дайындалып, ұсынылады. Аталған іс-шара аясында денсаулық басқарма­сы мен палата өкілдерінен құралатын жұмыс тобы бірлесе жұмыс атқарады. Жалпы, жоспар іске асқан жағдайда инвесторлардың күшімен бірқатар елді-мекенде медициналық жаңа нысандар ел игілігіне беріліп, халықтың ем-дом алуы­на қолайлы жағдай жасалады.

кен

Өткен жылы өңірде 31 нысанның құрылысы жүргізіліп, 16-сы пайдалануға берілген. Биыл қосымша 14 нысан тапсырылуда. Оның 4-еуі –дәрігерлік амбулатория, 10-ы – ФАП. Облыс бойынша құны 185 млрд теңге болатын ірі 6 медициналық нысанның құрылысы жоспарлануда. Түркістан қаласында 570 орынды көпбейінді аурухана, облыстық балалар ауруханасы, «Ана мен бала» орталығы, сондай-ақ Ордабасы ауданында перинаталдық орталық салынады. Аталған 570 төсек­тік орындық көпсалалы аурухана құ­ры­лысы түркиялық инвестор «YDA Holding» есебінен жүргізілуде. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 40% аяқталды. Келесі жылдың соңында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. «Өңірдегі медициналық ұйымдарда 5,5 мыңнан астам дәрігер және 19 мыңнан астам орта буынды қызметкер халыққа қызмет көрсетеді. Медициналық жабдықтармен қамту деңгейі 84 пайыздан асып, жоспар толығымен орындалды. Нәтижесінде, негізгі ауру-жітім көрсеткіші төмендеді. Облыс бойынша 749 медициналық мекеме елге қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда бейінді мамандарға тапшылық байқалуда. Осы мәселені шешу үшін биыл облыс есебінен бейінді мамандарды оқытуға, резидентураға 60 грантқа қаржы бөлінді. Сонымен қатар ауылға келген жас мамандарға әлеуметтік көмек ретінде 1,5 млн теңге төленуде. Бүгін­гі таңда ауылды жерге барған 21 жас ма­ман­ға әлеуметтік көмек берілген», деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қар­масының мәліметінше, биыл барлық деңгейдегі бюджеттерден жалпы 11,1 млрд теңге бөлініп, 50 807 техникалық оңалту құралдары мен қыз­мет­тері ұсынылған, қажеттіліктің 85,2 па­йызы қамтылды. Өңірде 97 075 мү­ге­­дектігі бар,  оның ішінде 82 174 ересек, 14 901 бала есепте тұр. Сауран ауда­­ны, Оранғай ауылындағы 50 төсектік орын­­ға арналған психоневрологиялық ауру­­лары бар мүгедек балалар үшін арна­йы әлеуметтік қызметтер көрсету орта­лы­ғының құрылысы жүргізілуде. Нысан 2024 жылдың 3-тоқсанында аяқ­талады деп жоспарланған. Ал Сары­ағаш ауданы Қапланбек ауылында не­гізгі мақсаты балалардың ерте мүгедек­тігі­нің алдын алу болып табылатын «Қам­қорлық» ерте араласу орталығы ашылды. Аудандық аурухананың базасында орна­ласқан орталық жыл сайын нейро-орто­педиялық ауруы және олардың туын­дау қаупі бар 3 жасқа дейінгі 600 бала­ны қабылдайды. Балалар мұнда тегін оңал­ту көмегін алады, сонымен қатар диаг­нос­ти­калық аудиологиялық тексеруден және озық жабдықта мидың ЭЭГ-нен өте алады.

Айта кетелік, облыстың 1 630 137 (80%) тұрғыны медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу құқығына ие. Жалпы, медициналық ұйымдарға облыс бойынша 2 041 087 тұрғын тіркелген. Деген­мен жүйеде әлі күнге дейін сақтан­дырыл­маған 400 мыңнан аса адам ақысыз қыз­меттерден тыс қалып отыр.

 

Түркістан облысы