Тағзым • 14 Желтоқсан, 2023

Бейсен Құранбек турнирі

154 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Телевизияда өзекті әлеуметтік мәселелерді көтеріп, елдің жүрегінде қалған журналист Бейсен Құранбектің еңбегі ұмытылмайды. Жыл сайын Жетісу жері аяу­лы перзентін еске алып, түрлі іс-шара ұйымдастырып келеді. Соның бірі – шағын футболдан БАҚ өкілдері арасындағы республикалық турнир. Биыл үшінші рет өткен доп додасы жылдағыдай тартысты болды.

Бейсен Құранбек турнирі

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген журналистика саласының жас тол­қыны мен аға буыны Талдықорған төрінде бас қосты. Облыс әкімдігінің қол­дауымен өткен аладоп сайысына Бейсен Құранбектің отбасы, ағайын-туысы, дос-жараны тегіс жиналды. Дәс­түрлі түрде 9 желтоқсан туған күні қар­саңында өтетін шағын футбол бәсе­кесіне әр облыстан келген 8 команда қатысты.

«Бейсен аға тірі болғанда 52 жасқа толатын еді. Ол кісі дүние салған­нан кейін еске алу мақсатында осын­дай іс-шараны бастадық. Жыл сайын турнирдің деңгейі өсіп келеді. Ойыншылардың да деңгейі жақсарып жатыр. Футзалға қазақ журналистері төселіп қалды деп айтсақ болады», дей­ді турнирді ұйымдастырушы Есбо­лат Айдабосын.

Осы жарысқа әкімдіктен бөлек, «Жетісу» телеарнасы, «Жетісу» газеті, Respublica партиясы, Janr әдеби клубы қолдау көрсеткен. Екі күн бойы Талдықорғандағы Сүйінбай атындағы жастар спорт сарайында жүлделі орындарды сарапқа салған командалар арасынан «Qaz365.kz» командасы суырылып алға шығып, бірінші орынды иеленді.

Екінші орын талдықорғандық «Қа­рекет» командасына бұйырса, үшінші орынды «Алматы-Сәнік» командасы қанжығаға байлады. Ал төртінші орын «J-19» командасына бұйырды.

Турнирде үздік өнер көрсеткен жекелеген ойыншылар да марапатталды. Атап айтсақ, журналист Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы арнайы жүлде  Арай Есенбекке, ал Сайын Тұрсынов атындағы арнайы жүлде Жандос Айт­байұлына табысталды.

 

Жетісу облысы