Тарих • 14 Желтоқсан, 2023

Кенесарының күрескерлік қасиеті

288 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Абылай хан мен Анна Иоанновна арасында «Орысия қазақ хандығы шекарасынан аттап енбейді, қазақтан солдат алмайды» деген келісім бар еді. Қазақ жұрты тек салық төлеу жөнінде міндеттенген. Уәли ханның тұсында осы келісім қасақана бұзылып, ақ патша әскері қазақ даласына дендей еніп, бекіністер сала бастады. Бір кездегі емін-еркін жайлаған өзен-көлдер мен жайылымдарға енді казак-орыстар ұлықсатсыз аттап бастырмады. Тіпті қазақтар тұз алып жүрген қайраңдарға да бара алмай қалды. Осыған шамданған Қасым сұлтан бауыры Уәли ханға арыз айта келді. «Әкеміз Абылай ұшы-қиыры жоқ ұлан-байтақ даланы жайлаған қазағымның басын қосып, іргелі ел етіп еді. Ел – жермен ел, жерден айырылу – елдіктен айырылу» деген уәжіне ағасының дәрменсіздігін көрді.

Кенесарының күрескерлік қасиеті

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ханнан лаж болмаған соң өзі бас­тап атқа қонды. Бұған Уәли ханның ұлы Ғұбайдолла қосылды. Қасымның ер­жеткен қос ұлы Есенкелді мен Саржан шықты. Бұл уақта Кенесары ес біліп қалған 7-8-дегі бала еді.

Ел шетіне емексіне енген дұшпанға айбат шеге дүбінген Ғұбайдолла мен Саржан бастаған жасақ дүрк көтерілді. Аузы түктілердің ұйлыққан слободкаларын шауып, атамекеннен тықсыра қуды. Ақ патшаның үстемдігін көздеген губерния басшылары қарулы отряд шығарып, Қасым аулын ұлардай шулатып, үйінің шаңырағын ортасына түсірді. Іштесері бар мылтық кезенген қаскөйлерден та­йынып қалмай, қазақтар қайта орыстар­ды шапты. Алма-кезек шайқас жиілеп, орыс пен қазақтың арасы ушықты.

Қасым сұлтан көтерілістің көсеміне айналды да атығай-қарауыл, уақ-керей, қанжығалының сұлтаны Ғұбайдолла қол бастап, Есенкелді мен Саржан оның оң қолы мен сол қолы болды. Осы шай­қас­тарға Қасым ұлдарының ат жалын тартып міне алатындарының бәрі қатысты. Бала болса да Кенесары да шет жағын байқады.

1819 жылы Уәли дүние салды. Әке­лерінің көзі тiрiсіндегі өсиеті бойынша оның орнына мұрагерлiкпен үлкен ұлы Ғаббас ақ киізге көтерілуі тиіс еді, көп ұзамай Ғаббас сұлтан да төтеннен келген науқастан көз жұмды. Ата-баба жолымен ендiгі шаруаны жалғастыру Ғұбайдолланың пешенесіне бұйырды. Уәли ханның асынан соң ежелгі салт бойынша сөз ұстаған билер, беделді рубасылар мен ақсақалдар кеңесе келіп, Ғұбайдолланы таққа отырғызған. Сөйтіп, ол 1820 жылы хан сайланды. Алайда бұған отаршыл ақ патша үкiметi мүлде қарсы ниет танытты. «Ақ патшаның боданындағы жұрт мұндай елдік істерді орысияның мақұлдауымен ғана жүзеге асырады. Ал қырғыздың (қазақ) хан сайлауына рұқсат жоқ» деп кесіп айтты.

Осы арада қазақтағы хандық жүйені біржола құртуды көздеген патшалық империя арнайы құжат әзірлеп жатқан еді. Ол 1822 жылы «Сiбiр қырғыздары туралы устав» деген атаумен қолданысқа еніп те кетті. Оны ел іші «ұстап» деді.

Отарлаушылар көздеген істі нәтижелі жүргізу үшін Сібірді шығыс және батыс деп екіге бөлді. Батыс Сібірге – Тобыл, Томбы, Омбы өңірлері және оның құрамына орта жүздің дені, кейінірек ұлы жүздің жартысына жуығы енді. Әрі бұл аймақ «Сібір қырғыздарының облысы» деген атқа ие болды.

Патша билігі отарлау саясатын қарқынды жүргізетін қазақ даласын реформалаудың амалына қызу кірісті. Ұстапты мейлінше жылдам іс жүзіне асыруға барын салды. Орта жүзді 8 дуанға бөлді. Осы отаршылдық құжаттың негiзiнде Қазақ хандығында ең алғашқы орыстың басқару аумағы болып, 1824 мешін жылы 8 ақпанда Қарқаралы өкірігi ашылды. Оның аға сұлтан басшылық лауазымына подполковник Тұрсын Шыңғысов отырды. Бұл уақта орыстардың жымысқы саясатының «салқынымен» хан әулетінің бірқатар төрелері олардың айтқанына әбден көніп, ықпалынан шыға алмайтын халге жеткен. Сол жәреу­келер­дің қолдап-қолпаштауымен қазақ жұр­тын­дағы екінші болып құрылған дуан – Көк­шетау сыртқы өкірігінiң 1824 жылы ­29 сәуiр­­дегi салтанатты ашылуында Ғұ­бай­дол­ланы аға сұлтан етіп сайлады. Он­да­ғылары – хандыққа ұмтылған сұлтанды орыс билігінің пәрменімен дуанбасы жа­сасақ, ашуы басылар, өкпесі тарар деп қорытқан. Бірақ еркін өскен түз та­ғылары мен Қасым бастаған төрелер ата-баба жолы мен дәстүрін жаңғыртпақ ниет­терінен қайтқан жоқ. Аға сұлтан Ғұбайдолла хандық билiктiң күйрегеніне, тұтас елдің қырық құрауға айналғанына қатты қапаланды.

Сөйтіп, дешті даласындағы хандық дәуір жойылып, орыс әкiм­шiлiк тәртiбі енгiзіле бастады. Отар­шылдық бағыттағы әрекеттер халық­тың бытыраңқылығынан қарқынды жүр­ді. Көп­теген ру басылар тәтті сөз бен «жар­қын» болашаққа алданып, бодандыққа мойынсұнды. Орысша оқыған төрелердің бәрі ақ патшаның дайын кіші офицерлері болды. Шені жоқтарына казак-орыстың хорунжий оқасын берді.

Есенкелді мен Саржан жазалаушы отрядпен бiрнеше дүркін ұрыс жүр­гiзiп, ақыры Түркiстан төңiрегiне өткенде Ғұ­байдолла қызметiнде қала бердi. Көтерi­лiске қолдау білдіріп, көмек беруден де тайынбады. Осы кезде Саржан сұлтан: «Ғұбаш көке, Абылайдың ұрпағының бәрі сендей емес, сен ата-баба аманатына адалдығыңды көрсеттің. Біз атажұртта ұзақ тұра алмаспыз. Бірақ қандай заман бол­са да, Абылай ұрпақтарының арасы­нан Көкшетауда, яғни Абылай туын тiк­кен Ақ ор­даның маңында біреуіміз қа­луы­мыз керек. Ол – сен боласың, сон­дық­тан тікелей ұрысқа араласпа. Ресей бодан­дығына қарсы күреске біз жетеміз», деді.

Бір кезде тұтас Қазақ хандығының дәргейінде болған дешті даласы заман­ның аумалы-төкпелілігінен екіге қақ жа­рылды. Алатаудың етегі Ілеге дейін, Мойынқұм, Қарақойын, Қашырлы, Са­рысу, Ұлытауға дейін, Сырдария, Арал тегіс Қоқан хандығының ықпалына өтіп кеткен. Терістігі мен батысы русыздар езгісінде жатыр. Елді азат етемін деп Саржан Ташкент құшбегі Мәметәлімді Арқаға екі қайтара қолымен ертіп келіп, екеуінде де нәтижесіз тірлікке ұшырады. Ақырында Қаратауға қоныс аударған әкелерінің соңынан аттанды. Олардың оңтүстікке келуі уағында Абылайдың алмас қылышы кескілеген қоқандықтарды шошындырып, «Абылайдың өзі болмаса да, көзі келді, ту көтерер кезі келді», деп үрейленді. Қоқан ханы Мәделі мен Ташкент құшбегі Бегдербек «орысқа шабу жайын ақылдасамыз» деп алдап шақырып алып, екі төрені 18 тө­леңгітімен өлтіріп жіберді. Міне, осы кезде кәрлі төре Қасым Кенесарыға батасын беріп, ел басқару жолы енді сенікі деді. Кісесінен күміс қынды сапысын шығарып ұлына ұсынды. Сонда Кенесары сапыны қынынан суырып алып, маңдайына тигізіп, жүзінен сүйді. «Осы от пен су­ға суарылған алмастың жүзіндей қас-жауларымды аямай бауыздауға ант ете­мін!». Қос жанары кек пен өшпен­ділікке тұнып, семсердің жүзімен серттесті.

Қасіретті Қасым дәл сонда «Абылай­дың ендігі айбынын сырт жауға таныта алса, халқы үшін жанынан кеш­кен, тәуелсіздікті тәңірідей тәу еткен тарлан ғана танытпақ. Басқыншының шыла­уына түсіп кеткен өзіммен кіндіктес жұрт­қа үміт артпаймын, үміт – халықтың өзінде. Қара нардай қабырғасы қайыс­пас қайсарлар туады әлі. Тек солар­дың қолына туған жердің туын ұстатып, дер­бестік дегеннің дәмін татыру керек» деген ой үстінде тұр еді. Әттең, өзі де аң­душылардан қапыда мерт болып, Кенесары бір жыл қоқандықтардың қо­лында зынданда отырды. Ташкентте абақ­тыда отырып, елді азат етудің, же­ңіске жетудің жолдарын ойлады. Ақы­ры құтылып шығып, елін Шу бойынан Ұлытау жаққа көшіріп әкетті.

Жаңа өңірге жетіп, жиылған жұртқа «Енді менің алдымда, жалпы Абылай ұрығының алдында қазақ халқын бодандыққа бермейтін, басын біріктіретін, есесін қайтарып, несібесін түгендейтін іс тұр. Соған біржола бекініп келдім. Абылай атамның ақ туын қайта көтерем, халқыма теңдігін әперем!» деді. «Ой, айналайын, дегеніңе жет! Алла жар болсын!» деп халық дүркірей қолдады.

Бұл уақта Арқа мен теріскей, батыс аймақтар сегіз дуанға бөлініп, орыс­тардың боданына айналып кеткен кез. Ақмола өкірігінен Төртұғұл бо­лы­сы­ның сұлтандары – Күшік, Жадай, Жанай Айшуақовтар, билері – Сейдалы Жан­мурзин, Аққошқар Кішпентаевтар Қасымұлының қайсарлығын қызу қол­дады. Көкшетау өкірігінен өзінің жа­қындары Ниген Уәлиұлы, Таны Тор­тайұлы, Қанқожа Уәлиұлы, ханша Ай­ғаным аталары Абылай көтерген ақ тудың астына жиылды. Баянауыл өкірігінен Маман, Тоқтамыс, Таймас, Дүйсенбі, ағайынды Абылаевтар мен Рүстемовтер, Жәнібек Абылпайызов сұлтандар Кенесары қолына қосылды. Барлығы он сегіз сұлтан, он сегіз би, жеті старшын Қасым ұлдарының ұйғарымын мақұлдап, жандарынан табылды. Өзге де көптеген халық батыры, тұтас ел бірікті. Әрине, билік құлағында отырған қарсыластар одан да көп еді. Әуелгіде қосылып, тайып кеткендер де болды.

Осы жерден қол құрап, азаттық ар­па­лы­сын Көкшетау өңірінен бастады. Ақтау бекінісін екі қайтара шапты. Бекі­ніс коменданты, әскери старшина Си­мо­новтың отрядын талқандады. Келесі жолы мұздай қаруланған командир хорунжий Рытовты отрядтымен жойып жібер­ді. Қара­өткел мен Қызылжар арасын­да Чириков пен Карповтың жасақтарын қыр­ғынға ұшыратты, ырқына көнбеген кейбір сұлтандардың аулын шапты. Ең берік қамал Ақмола дуанының кірепісі бо­­лып тұрған Қараөткелді басып алып, өр­теп жі­берді. Әрі бұл майданының атын «Ұлы ту» деп атап, атасы Абылайдың туын Ақ­мо­ла­ға тікті. Қазақ даласына жер ауда­­ры­­лып ­келген поляк ақыны Адольф Януш­ке­­вич әлгі оқиғадан соң араға бес-алты жыл ­са­лып, «Ақмола – ұлы даланың бо­лашақ астанасы» деген сөзін қағазға түсірді.

Кенесарыға ақ патша билігімен қатар соларға берілген күллі төре тұқымы қарсы болды. Ақырында Торғай, Ырғыз жаққа ауып, 1841 жылы 1820 жылы құлап қалған Қазақ хандығын Ұлытауда қайта құрды. Оған үш жүздің баласы қатысты. Ақ киізге көтеру шарасын Шақшақ Жәнібектің жиені кіші жүздің Шеген биі, орта жүзден атығай-қарауылдың әз Бөгенбай биі жүргізіп, өзге де халық батырлары мен белгілі тұлғалары ханды алқалап, таққа отырғызды. Таққа отырысымен Қоқанға жорыққа аттанып, ежелгі Қа­зақ хандығының ордасы Созақтан бас­­тап, Сыр бойындағы қалаларды тазар­тып, Ташкентке дейін елді азат етті. Жол­­шыбай кенезелері кеуіп келе жатып, ір­кінді қара судан шөл қандырған сыпайлар ақ­тышқаққа ұшырап, қаланың өзіне ша­буыл жасай алмады. Бірақ Қоқан ханы Мә­делі аяғына жығылып, бодандықта жүрген біраз жұртты Арқаға көшірді.

Одан кейін Орынбор губернаторы, артиллерия генерал-майоры Обручевтің қолымен үш жыл соғысып, бірде-бір же­ңілмеді. Керісінше заманауи қаруланған әс­керге ұдайы соққы беріп, орыс форпостарын талқандап кетіп отырды. Ека­терина станицасының күл паршасын шығарды. Бүгін бір жерден соққы берсе, ертең мүлде ат аяғы жетіп үлгермейтін тұстан лап қойды. Осы ұтқырлығына қарай оны «Қара құйын» (Черный вихрь) деп атады. Еш жеңілуді білмеген қол тек қазақтың алауыздығы мен ішмерездігінен жеңіліп, Жетісуға қарай қонысын аударды. Онда да Қоқан хандығы билеп тұрғандықтан, ақ патшаның құрығы жете қоймаған ұлы жүз бен қазақтың бір ұлысы болып келген қырғызға арқа сүйеймін бе деп ойлады. Арғы хандық дәуірлерді айт­пағанның өзінде қазақ-қырғыз Тәукені ортақ хан санаған, Тәуке хан мен Тиес ма­напты бөлмей, «Тәуке-Тиес» деп атайтын еді. Тіпті Жолбарыс Абылайға Тиес 14 жаста Зерен деген қызын беріп, күйеу еткен. Көркем Уәли – қырғыздың жиені. Ал одан Абылай хан туады. Абылай хан өмірінің соңында 1779 жылы Кебек би бастаған қырғыз жұрты Алатаудың етегінде ант-су ішіп, тағы да қырғыздың қазақтың бір ұлысы екенін, Қазақ хандығына мойынсұнғанын мағұлымдады. Ақүйліге адам береді. Оған дейін де талай берген. Сарыарқадағы Есіл мен Нұраның бойындағы «бай қырғыз», «жаңа қырғыз», «қырғыз» рулары әр кезеңде кепілдікке келгендер болатын.

Осыны көкейіне тұтқан Кене хан Қазақ хандығының бір пұшпағы қырғыз еліне бет алды. Алайда ол кезде Қоқан­ның шылауына оралған манаптар өзгерген ­еді. Әрі Батыс Сібір генерал-губерна­торы Горчаковтың приставы, подполков­­ник С.Абакумов, есаул Т.Нюхаловтар­дың үйлестіруімен ұлты татар Мұхамед Тагиров деген жансызы ақ патшаның жақ­сылығын шора мен шоңның төбесіне үйіп-төгіп арнайы хат тапсырған. Ал ұлы жүз төрелері Сібір қырғыздары облысы шекара басқармасының бастығы генерал Н.Вишневскийдің алдына барып, ақ патшаға ант беріп қойған еді.

Осындай жағдайда Жетісуға келген хан тұтқынға түсті. Оның басын шауып өлтіруге шынжырмен жетелеп халықтың алдына алып шыққанда, айналасын шола қарап, әдемі қоңыр даусымен ән бастады. Бұл қоштасу әрі аманат жыры еді.

«... Аман болса ұрпағым,

тартпай қоймас тегіне,

Азаттық үшін алысып,

жетпей қоймас сертіне.

...Орындалмаған арманым,

аманат болсын сендерге,

Шайнауда кетер бармағым,

теңдікке елім жеткенше.

Рухымды менің оятар,

қара жер-бесік тербетсе,

Сендермен бірге жүрегім,

заманың қысып, шерлі етсе.

Азаттық үшін алысып,

ұл-қызың өсіп, ержетсе,

Батырлық болсын тірегің.

Қош болыңдар, қазағым!»

Адам біреу үшін жақсылық жасаса, ең мықтағанда оның жолында шыбын жанын қиғаннан артық ештеме істей алмайды. Ал арыстар өзге үшін одан да артық дүние істей алады. Ұлтының болашағы үшін шыбын жанын қия тұрып, өшпес рух қалдырады. Кенесары хан қазаққа еркіндіктің нұрын көрсетіп, тәуелсіздіктің рухын қалдырып, бостан болашақтың бағытын сілтеп беріп кетті.

Тағдыр әр кез өз дегенін жасай алады, тек екі нәрсеге құдіреті жүрмейді: ол – біз­дің еркін рухымызды ауыздықтауға қау­қарсыз және жалған сөйлей алмайды. Сон­дықтан 260 жылдай басы бұғауда бол­са да, азаттық үшін арпалысқан қа­зақ халқының перзенттері шынжыр бұғау­ды бұзып, қызыл империяға қар­сы бас кө­тере алды. Ақырында үзіл­мей жалғасқан күрескерлік тұтас бір құр­лықты алып жатқан темір құрсауды тас-тал­қан етті. Кенесары ханның өлер сәтінде:

«Рухымды менің оятар,

қара жер-бесік тербетсе»,

деп айтқанындай, шырқырап елінің болаша­ғын қорғаған Желтоқсандағы жастардың азалы үні қара жерді тербеді. Оның «Сендермен бірге жүрегім» дегеніндей, халқының жүрегіне жерленген қайсар тұлға, үш ғасырдай езіп-жаншылған қазақтың санасына тәуелсіздік сәулесін себезгілетті. Абылай ханның түсінде бақа-шаяннан қашып, айқайлай шошып оянатыны қазақтың өмір тарихында 1986 жылға тұспа-тұс келді. Қабірде тыныш жатпаған Абылайдың аруағы, Кенесарының киесі сол күні қазақтың қалғып кеткен рухын оятты.

...Әлеуетті қызыл империя билігіне қарсы алғаш қазақ жастары бас көтеріп, осын­шама қанды кесапат орнатқан кеңес одағы араға бес жыл салып күй­реді. Басы бір үстемдікке бағынған он бес республика дербестігін алып, өз төтелі өмірін сүре бастады. Қазақ жұрты да тәуел­сіздікке қол жеткізді. Еркіндіктің жолы өте ауыр әрі ұзақ еді. Осы қиын жыл­дар мен қиыр жолдарда қаншама арыс­, қаншама қаһарман, қаншама аяулы ару қыршын кетті.

Ел-жұрт есін жиып, арғы-бергі тарихын түгендеп, елдіктің жолындағы асыл мұратқа қол созған халық перзенттерін атай бастады. Оның басында Кенесары хан мен Наурызбай сұлтандар, Сыздық пен Тайшық төрелер, Алаштың арыстары, Желтоқсанның жастары тұрды...

 

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты