Аймақтар • 15 Желтоқсан, 2023

Қарағандының іскерлік келбеті

107 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қарағандыда «Qaragandy Business-2023» форумы өтті. Облыс өңдеуші өнеркәсіп саласынан елімізде көш бастап, бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша рейтингте екінші орынға көтерілді. Қарағандының экономикалық әлеуетін әрі қарай дамытуға негіз де бар. Форумда осы төңіректе сөз қозғалды.

Қарағандының іскерлік келбеті

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жиын барысында өңірде өндірі­ле­тін тауарлардың арнайы көр­месі ұйым­­­дастырылды. Жиыр­ма­дан астам жер­­­гілікті компанияның өнімдері сөреге шы­­ғарылды.

Отандық тауар өндірушілер, бизнес-қоғамдастық өкілдері, сондай-ақ кәсіп­кер­лікті дамыту институттары бас қосқан алқалы жиында аймақтың даму перспективалары мен инвестициялық мүм­кін­дік­те­рін талқылады. Әсіресе машина жасау мен туризмді түлету мәселелері секцияларда егжей-тегжей қарас­ты­рыл­ды.

Форумның пленарлық отырысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлек­паев, Стратегиялық бастамалар орта­лығының аға серіктесі Олжас Құдай­бергенов, «Даму» кәсіпкерлікті да­мыту қоры басқарма төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Абдолла, «Атамекен» ҰКП атқарушы директоры Алматы Асқар сөз алды.

«Біздің аймақ өндірістен бастап, бастапқы және қайта өңдеуге дейінгі барлық өндіріс циклін қолдауға және қамтамасыз етуге маманданған. Біз одан да жоғары өндірістерге қызығушылық танытамыз және бұл үшін жағдай жасалған. 1,5 трлн теңгеге 56 инвестициялық жобаның пулы құрылды, оның 33-і өңдеу өнеркәсібінде. Креативті индус­трияларды дамытуда, әсіресе IT салада зор әлеуетті көріп отырмыз. Бізде «Террикон алқабы» IT-хаб жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бұл – талантты және креативті жастарды жинайтын алаң. Мысалы, KZ Tranzit зауыты қазір инженерлік пластмассаларды 3D нұсқасында басып шығарумен, сынған бөлшектерді қалпына келтірумен және тіпті ме­дициналық импланттарды жасау­мен айналысады. «Жол қалай» жобасы – жолдардағы шұңқырларды автоматты түрде анықтай алатын қала­лық жол жамылғысын бақы­лау жүйесі. Мұнда жүйе патруль­дік қызмет пен жедел жәрдем көліктерінен бейнетіркегіштер арқы­лы деректерді қабылдайтын болады. Бұл ақпарат коммуналдық қыз­меттерге нақты уақытта жолдарды бақылауға мүмкіндік беретін картада көрсетіледі. Барлық жоба назар аударуға лайық, бірақ олардың іске асуы инвестиция тартуға байланысты екені белгілі», деді аймақ басшысы.

Өңірде еліміздегі кокстелетін көмірдің барлығы, жылу көмірінің үштен бірі, түсті металдың 16 пайызы, асыл металдың 15 пайызы және ферроқорытпалардың 5 пайызға жуығы шығады. Онымен қоса қатты пайдалы қазбаларды барлау және өндіру бойынша әлеуетті 390 учаске бар. Яғни көмір, алтын, темір-марганец, полимерлер, тағы басқа кен орындары.

Ауыл шаруашылығы өнімінің көле­мі­мен де алдыңғы қатарда. Агро­ма­ман­дардың айтуынша, жұмырт­қа өн­діруден үшінші, картоп өндіруден төр­тінші, сүттен жетінші орында. Қара­ған­дының ауыл дәмін басқа да өңірлер тұтынады. Өз кезегінде облыс әкімі мал терісі мен жүнін өңдеу саласындағы жобаларға қызығу­шылық танытатынын алға тартты.

Жоғарыда атап өткеніміздей, туризм саласы да әлеуетті бағыттардың бірі. Қарағанды – туризмге сұранып тұр. ТОП 10-ға кіретін Балқаш, ТОП 50-ге кіретін Қарқаралы бар. Жаңа инвесторлар тарту арқылы туризмге қан жүгірту – басты мақсат.

«Қарқаралы ауданы мен Балқаш – облыстың басты туристік аймақ­та­рының бірі. Қазір біз автобан құ­ры­­лысын аяқтауға жақынбыз. Бұл бі­ре­­гей көл жағасында әдемі дема­лысты ұйымдастыруға жол ашады. Қарқаралы өңіріне баратын 50 шақырым жол жөнделді, келер жылы тағы 50 шақырымын жөндейміз. Осылайша, ондағы 70 гектар жерді туристік бағытқа дайындаймыз. Жобаға қызығушылық танытқан инвесторлармен жұмыс істеуге дайынбыз. Биыл өңірде 7 демалыс аймағы ашылған, келесі жылы тағы 7 демалыс орны өз жұмысын бастайды. Онда 1,5 млрд теңге инвестиция салынған. Қарағанды облысы 1 жыл ішінде бизнес­ке қолайлы жағдай жасаудан 5-орыннан 2-орынға көтерілді. Мұны Жоғары аудиторлық палата өкілдері растап отыр. Облыстың туристік бағытына 2 ұлттық табиғи парк – Қарқаралы және Бұйратау және 2 500-ден астам тарихи және мәдени ескерткіштер кіреді», деді Е.Қабдулаұлы.

Кәсіпкерлік саласындағыларға да қолдау қомақты. Мәселен, шағын және орта бизнестің 5 мыңға жуық жобасына қаржылық қолдау көрсетілді. Гранттар, жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар арқылы. Мұнымен қоса инвесторлардың игілігі үшін инвестициялық жобаларды қолдау бойынша қызметтердің толық пакетін ұсынатын Сервистік орталық іске қосылды.

«Біздің зауытымыз «Сарыарқа» АЭА-да орналасқан. Біз резеңке металл төсем шығарамыз. Инвесторлар үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Өз алаңымызды, өнімдерімізді кеңейтіп жатырмыз. Құю зауытын салу үшін тағы да жер телімін алдық. Бұл – жаңа жұмыс орындары дегенді білдіреді. Қазір кәсіпорында 72 адам жұмыс істейді, ал жаңа өндіріс орны ашылғаннан кейін жұмысшылар санын 200-250 адамға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз», дейді кәсіпкер Қуандық Қазанғапов.

Форумда Қарағанды облысының әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС арасында елі­шілік құндылықтарды дамытуда өзара ынты­мақтастық туралы мемо­ран­дум­ға қол қойылды.

Кейінгі жылдары 5 мың бизнес жобаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 23 млрд теңге бөлінген. Нәтижесі де табысты. Қолдау сезінген кәсіпорындардың өнім көлемі 3,5 есеге артты. Осы салада 240 мыңға жуық азамат нәпақа тауып отыр.

Форумға қатысқан кәсіпкерлер мұн­дай кездесу тек өздерін таныс­ты­руға ғана емес, тиімді байланыс орнату үшін қажет екенін жеткізді.

 

Қарағанды облысы