Спорт • 15 Желтоқсан, 2023

«Сүйегім үш жерінен бөлініп, темірмен бекітіп қойды». Әлем чемпионы неге жеңілгенін түсіндірді

619 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бокстан Токио жазғы Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов «Qazaq Ring» ютуб арнасына берген сұхбатында биылғы сәтсіздігінің себебін айтты.  Ол осы жылдың мамыр айында Ташкентте өткен әлем чемпионатының алғашқы айналымында үнді боксшысы Дипак Құмарға есе жіберді.  Қыркүйек айында Ханчжоуда (Қытай) өткен жазғы Азия ойындарының екінші айналымында  өзбек Хасанбой Дусматовтан аса алмаған еді.

«Сүйегім үш жерінен бөлініп, темірмен бекітіп қойды». Әлем чемпионы неге жеңілгенін түсіндірді

Фото: ©AIBA

«Ханчжоуда өткен Азия чемпионатында өзбек мықтысы, әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының жеңімпазы, Вэл Баркер кубогының иегері, Азия ойындарының чемпионы Хасанбой  Дусматовпен айқаста барымды салдым. Тіпті 1-раундта ол менің соққымнан теңселіп те кетті, бірақ төреші нокдаун ашқан жоқ. Тіпті бес төреші де  1-раундта жеңісті Дусматовқа берді.  Біздің құрған тактикамыз мүлде басқа еді. 1-раундта  басым түссек, ол 2,3-раундта өршеленіп маған атылады, сол кезде қарсы соққымен  десін басамыз деп едік. Төрешілер тіпті 2-раундта да оған берді. 3-раундта не бел кетер, не белбеу кетер деп жанталаса ұмтылдым. Дусматовты бұған дейін  қазақ боксшылары жеңе алмай жүргенде мен 2021 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында ұттым, жанкүйерлер төбемді көкке жеткізе мақтауымды асырды. Ұтылып қалып едім,  жер қылып түрлі жағымсыз пікір жазып жатыр. Мен есемді қайтарамын.  Тағы да айтам, ол осал боксшы емес, бекер адам Олимпиада алтынын  олжаламайды. 

Биылғы сүреңсіздіктің басты кінәраты – жарақатым. Былтырғы жылдың соңында Сарыағаш шипажайында   ұлттық құрама боксшылары жайдарманшыларға қарсы футбол ойнадық. Сол ойында  оңбай құлап, бұғанам сынды.   Сүйегім үш жерінен бөлініп кеткен екен, әлі темірмен жүрмін, жеті жерден шегемен ұстап тұр.  Былтырғы жылдың 28 желтоқсанында ота жасады, дәрігерлер 9 айға дейін жаттығу жасауға, күш түсіруге болмайтынын қатаң ескерткен, бірақ ота жасалған соң 1,5 айдан кейін жаттығуды бастадым. Әлі сүйек толықтай біткен жоқ,  сол иығымды оқыс қозғасам, темір қажап ауырады. Оны кімге айтып шағымданасың? Биыл  әлем чемпионатында, жазғы Азия ойындарында жолымның болмауының негізгі себебі осы», деді Сәкен Бибосынов.

Әлем чемпионы оқу-жаттығуынан тыс кезде үй шаруасын атқаратынын, анасы мен жарына қолғабыс ететінін айтты. «Мен әлем чемпионы едім» деп шіренбей  жора-жолдастарының асарына да барып қол көмегін көрсетуде тартынбайтынын жеткізді.