Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2023

Ұлттық жоба аясындағы амбулатория

136 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылорданың дәл іргесінде Нағи Ілиясов атындағы елді мекен бар. Екінші дүниежүзілік соғыстан Будапешт қаласын азат етудегі ерлігі үшін кеңес одағының батыры атанып қайтқан қаһарман осы ауылдың түтінін түзу ұшыру үшін жан аямай еңбек еткен. Осы күні батыр есімін иеленген ауылдың тұрмысы қаладан бірде-бір кем емес. Сырттан келген қонақтар байырғы жұрттағы байырқалы тірлікті бірден байқайды.

Ұлттық жоба аясындағы амбулатория

Тәуелсіздік мерекесі қар­саңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Сыр өңіріне арнайы келген Парламент Мәжілі­сіндегі «Amanat» партиясы фрак­циясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Сырдария ауданындағы осы ауылға барып, дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне қатысты. Жаңалығы көп ауылдағы бұл нысан Прези­дент тапсырмасымен қолға алын­ған «Ауылдық денсаулық сақтау­ды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Сыр өңірінде салынып жатқан 27 медициналық нысан­ның алғашқысы екендігін де айта кетейік. Ұлттық жоба ая­сын­дағы алғашқы амбулатория ғимара­тының ауданы – 860 шар­шы метр. 

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлініп, медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту бағытында  көп бастама қолға алынды. Мысалы, «Ауылдық ден­саулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде аймақ елді мекендерінде 27 нысан салынып жатыр. Саладағы осындай салмақты бастамалар алдағы уақытта да өңір халқының игілігіне айнала береді деп сенеміз, – деді облыс басшысы.

Парламент Мәжілісін­дегі «Amanat» партиясы фракция­сының жетекшісі Елнұр Бейсен­баев ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құт­тықтап, сала ардагері Тұрғанбай Маханов бата берді. Мереке қарса­ңындағы салтанатта нысанды салған  мердігер мекеме өкіл­дері және ауылдың дамуына үлес қосқан азаматтар марапат иеленді.

Жалпы, облыс бюджетінің негізгі бөлігі әлеуметтік салаға бағыт­талып келеді. Биыл аймақ қазы­насының қоржыны 57 па­йыз­ға өсіп, 609 млрд теңгеге жетті. Өңір медицинасына 138 млрд 600 млн теңгеден астам қаржы қаралыпты. Осы жылы Қызыл­орда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келу­шіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді ауру­хананың құрылысы басталды. Құны 2 млрд 900 млн болатын Қан орталығы жақын күндері қолда­нысқа беріледі. Оған қоса 9 меди­циналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылып жатыр.

Жыл соңына дейін көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік перинаталдық орталық, қала іргесіндегі Досан елді мекенінде медициналық бекет, Жаңақорғандағы көпбейінді аудандық ауруханадан балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ.

 

Қызылорда облысы