Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2023

Заманауи ФАП-тың игілігі

130 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік мерекесі қар­саңында Абай ауданын­дағы Юбилейное ауылы үшін жаңадан салынған медициналық қызмет көрсететін заманауи жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) тамаша тарту болды.

Заманауи ФАП-тың игілігі

1093 халқы бар ауыл бұған дейін салынғанына елу жылдан асқан ескі де тар ғимаратта ем-дом алып жүретін. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бой көтерген жаңа ғимараттың іші кең әрі жарық. Медицинаға қажетті құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылған. Атап айт­қанда, химизатор мен фельдшердің егу, қарау кабинеттері, киім ауыс­тыратын, жуынатын бөлмелері бар. Бұл кабинеттер алғашқы меди­циналық көмек көрсету, тұрғындарды иммундау, талдау сынамаларын алу үшін керек-жарақпен қамтамасыз етілген.

– ФАП бір ауысымда 10 ем­­­делушіні қабылдауға есеп­телінген. Олар бұл жерде дәрі­герге дейінгі және алғашқы медициналық-санитарлық көмек алады. Халыққа фельдшер, акушер, медбике, сондай-ақ жалпы практика дәрігері қызмет көр­сетеді, – дейді Абай аудандық ауру­ханасының директоры Айгүл Бәшекова.

Ғимараттың жиһаздары жаңар­тылып, мүмкіндігі шек­теулі жандарға ыңғайлы болу үшін пандус, шақыру түймесі мен қозғалыс индикаторы орнатылыпты.

Мұндай игі іс мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы жылдары Абай ауданының елді мекендерінде «Ауылдық денсаулықты жаңғыр­ту» ұлттық жобасы бойынша тағы сегіз медициналық мекеме салу жоспарланып отыр. Юби­лей­ное ауылында ФАП ашылуы­на жиналған жұртты Абай ауданы­ның әкімі Сәбит Оспанов пен облыс­тың Денсаулық сақтау бас­қар­масының басшысы Бибі­гүл Төлегенова құттықтап, жаңа ме­ди­циналық мекемені аралап көрді.

 

Қарағанды облысы,

Абай ауданы