Жақын танитындар оны жаны жайсаң, ұлттарды алаламайтын, ғылымға берілген, ақыл сұрап келген кез келген азаматты құшақ жая қарсы алатын археолог, этнограф деп бағалайтын. Өзі Иркутск өңірінің қиырдағы деревнясында туған, мұғалім әкесі ақ-қызыл қырғынында қапияда қаза тапқан жүрегі жаралы бала-тын. Осы жағдай әсер етті ме, жоқ таста тарихы таңбаланған Сібірдің сансыз ұлтының тағдыры толғандырды ма – жасынан ғылымға әуес болып, болашақта әйгілі ғалым атанатын Г.Дебец, М.Герасимовпен қатар Иркутск педагогика институтында арғы тегі швед ақсүйегі, Санкт-Петербург Императорлық университетінің түлегі, Сібірдің тофа, сойот, эвенкі секілді этностар тарихы мен этнографиясын зерттеген профессор Бернгард Петри маңына жақындап, тәлім алады. Археология-этнографияның Ленинград мектебінде ғылыми дәрежесін қорғап, алғаш сонда танылады. 50-жылдардан КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінде тарих, этнография бағытын қалыптастырып, Новосібір университетінде қызмет істейді. Репрессия қайнап тұрған 1938 жылы байырғы Түркістан өңірінің Байсынтауындағы (қазіргі Сұрхандария жері) Тесіктас үңгірінен неандертальц тұрағы мен сүйегін зерттейді. «Очерки из истории западных бурят-монголов (XVII–XVIII вв.)», «Неолит и бронзовый век Прибайкалья», «Петроглифы Забайкалья», «Петроглифы Нижнего Амура», «История и культура Бурятии», т.б. қадау-қадау зерттеу еңбектерін жазады.
«Бәрін айт та бірін айт», академик Алексей Окладников Қазақстанға бірнеше мәрте келген. Қазақ еліне жолы соңғы рет 1981 жылы қазан айының басында түскен екен. Ол заманында дүрілдеп өткен Қазақстан-Ресей саяси қарым-қатынасының 250 жылдығына арналған іс-шараға арнайы шақырылады. Еларалық жиын 2 ақпанға жоспарланса да, түрлі себеппен қазан айына жылжытылған. Үлкен мәдени-ғылыми жиынның төрінде сол жолы Ресей мен Қазақстан марғасқалары – академиктер А.Александров, П.Федосеев, Е.Велихов, Ә.Марғұлан, Ғ.Мүсірепов, О.Жәутіков, Ә.Бектұров, А.Қонаев, Ш.Шөкин, Б.Төлепбаев, І.Кеңесбаев, Д.Сокольский, Ә.Сағынов, т.б. отырады (Негимов С. Туған жердің тағылымы түлеткен // «Egemen Qazaqstan» газеті, 12.10.2018). Сөз реті академик Алексей Окладниковке тигенде, зал сілтідей тына қалады. Себебі ғалым Ұлы даланың бағзы тарихын қаузай келе: «Қазақ халқы – ел мен жерін қорғауда да, төлтума мәдениеті мен дәстүрін үзбей жалғастыруда да, шекарасының сырты мен ішін доспен қоршауда да әлем халықтарының ешбірінен кем емес», деп бір тұжырымдайды. Баяндамасының бір тұсында Ресей-Қазақстан қарым-қатынасының әр кезеңінің ерекшелігін айтып, Абылай ханның тарихи рөліне айрықша тоқталады. Бұл тезисінің қорытындысын: «Біздіңше, Қазақстанның астанасында ел билігінің, дипломатиялық қарым-қатынастың рәмізіндей Абылай хан ескерткіші асқақтап тұруы керек!» деп тұжырымдайды.
Академик Окладниковтің батыл сөзіне риза қазақ интеллигенциясы, студент жастары ұзақ қол шапалақтап тұрып алады. Жиынның үзілісінде бір топ аспирант Алексей Павловичке таяу келіп, Қазақстан Ғылым академиясының жастарына ашық дәріс оқып беруін өтінеді. Сонда Сібірдің даңқты ғалымы: «Жарқындарым, дәл бұл жолы қолым тимейді. Алдағы жылдардың бірінде міндетті түрде келемін. Сендер терең де бай тарихтарыңды жан-жақты зерттеуге, әлемге танытуға тырысыңдар!» депті.
Өкінішке қарай, 80-жылдардың жас ғалымдарына академик Окладниковтің дәрісін тыңдау бұйырмады. Ғалым дәл осы Алматы сапарынан кейін 1981жылы 18 қарашада кенеттен дүниеден озды.
Бірақ Алексей Окладниковтің Абылай хан ескерткіші туралы идеясы әйгілі академиктің көрегендігі, даналығы ретінде ұлт санасында сақталып қалды.
Айтуған Досби