Әдебиет • 15 Желтоқсан, 2023

Мұқағали. Қарсылық қағидасы

286 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жолында сарғайып атып сәскеде сөнген, еркіндік үшін тебінгісін терге шіріткен ұлт-азаттық көтерілісшілер жадымызда. Ал қан-қасап заманда қаламын қылыш еткен рухани ұлт-азаттық көтерілісшілердің жөні басқа. Жыраулар, Абай, Махамбет, Мағжан рухы салқар даланың шекарасын сарабдал жырымен, тілімденген жанымен күзетті.

Мұқағали. Қарсылық қағидасы

Өткен ғасырдың 70-жылдары әдебиетімізде ком­партияның тыныштығын бұзатын дауыстар бірі­нен кейін бірі қаулады. Метафорамен көр­кем­дел­ген ұлтшылдық салтанат құрып, жас ұрпақ ­санасына азаттықтың алтын жарығын септі. Олжас Сүлейменовтің «Аз и я» кітабы түбірлі түркі­лік ұсты­нымыздың терең тамырын байқатса, «Көш­пен­ділер», «Аңыздың ақыры», «Аласапыран» сынды­ іргелі туындылар елдік рухымыздың оянуына ық­пал етті.

Осы тұста мұзбалақ Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» поэмасы ұлт руханиятына рух бергендей қозғау салды. Шамырқанса шепті бұзған бурадай қадау-қадау шумақтар ойлы оқырманның жігерін жанығандай еді. Райымбек батыр арқылы азаттықты көксеген қазақ баласының алып арманын жырлаған ақын жасындай шатырлайды, мұхиттай терең ағады.

«Қауқары жоқ қайран жұрт, қайран халық,

Сайран салып жатушы ең, жайлау барып.

Опат болып, ақ ордаң ойрандалып,

Қара жауың әкеліп қара қайғы,

Тас уатты-ау төбеңе тайраң қағып.

Аңырауды доғарып, аттан қазақ,

Алты жасар ұлыңды майданға алып!»

«Аттан қазақ!» деген алып ер халқымыздың өткені мен бүгінін көтеріп тұрғандай, етігімен қан кешкен ерен ерлердің атынан тіл қатқандай. Күлтегін болып күмбірлегендей, Фараби аспабын шертіп қозданғандай, құлаған қамалын іздеген қағандай, көнеге дауысы жеткен жалғыздай буырқанады. Нағыз ақындық алдаспан қуат, тайпалмас жігер нөсерлей төгіледі.

«Қандай қарғыс атты екен қайран елді?

Қайда барып тығылар паналауға?

Қайда барып, қалжырап жатыр екен?

Қандай сорды сортаңын татар екен?

Көр болса да болса екен қазақ жері,

Қазақ жері болғасын – Атамекен».

Иә, атамекенін қызғыштай қорыған Мұқағали рухы – алпамса рух, кетілмеген қазақтың қарсылық рухы. Майысса да сынбаған, мың өлсе де қайта туған ұлтымыздың жанкешті жаны еді бұл.

Өткен дәуірде Шығыс тақырыбы бүркемеленіп, дін аты мансұқталып, тіпті «Абайдың Батысынан Шығысы басым» дегеніне бола Мұхтар Әуезов қуғын көргені мәлім. Құдайға емес, адамға табыну­ асқынған заманда «қожа-молданы қойдай қу» ұранымен ұлттық дәстүр-танымымыздың түбірінде тұрған асыл дінімізге қатер төнді. Осы тұста ғасырдың тамырын тап басып, жақсы мен жаманды айырған бозторғай жүректі ақын дертті заманға зар айтып, тағы да шырылдап қоя береді.

«Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,

Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?

Құбылаға бет алып қол қусырып,

Сәждеге жығылатын қайда күнім?

Сатпаймын, сатқан емес дінімді мен,

Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.

Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,

Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін».

Мұқағали Мақатаевтың өзге ақындардан ерек­ше­лігінің бірі – асып туған ақылы мен аса еңбек­қор­лығы. Ақын Шығыс пен Батысты таразылап, әлем­дік әдебиет пен мәдениетті ақылға сала отыра үлкен концепциялық жыр тудырады.

«Дін – ғылымның анасы,

Дін – ғылымның әкесі.

Ғылым – діннің баласы,

Дін – ғылымның көкесі!

Ғылым да бар, дін де бар,

Қоқыс та бар, гүл де бар.

Қол қусырып Құдайға.

Ғылым мен дін, бірге бар!»

Расында, ғылым мен дін егіз болғанда ғана нағыз «қайырымды қала», гүлстан мекен дүниеге келмек. Шығыста өрттей қаулап шыққан ғалымдар шоғыры орта ғасырда хақ Құранның ықпалымен зәулім өркениетті өмірге әкелді. Дін ғылым атты зүбәржатпен ажарланғанда биік еңбектер шоғыры жаһанға азық сыйлады. Сансыз жұмбақ пен тылсымға толы қасиетті кітапты талдау, мағынасын екшеу барысында астрономиялық, медициналық, химиялық жаңалықтар ашылып, қайталанбас жинақтар жазылды. Мәселен, «Әл-Жабр уәл-Мұқабала» атты кітап жазып, «алгебра» терминінің түп атасы атанған әл-Хорезми, медицинаның атасы, «дәрігерлердің патшасы» саналған Ибн Сина, Батысқа «Geber Filius Afflae» атты есіммен танымал химия саласының атасы, алғаш рет атомға түсінік берген Жабир ибн Хаййан сынды тұлғалар сөзімізге тұздық, пікірлерімізге дәлел. Мұқағали ақынның «Қол қусырып Құдайға, ғылым мен дін бірге бар!» деуінің мәні шұңғыма тереңде. Ақын тұжырымын Эйнштейнше толықтырсақ, «дінсіз ғылым – ақсақ, ғылымсыз дін – көр».

Мұқағали поэзиясы – отаршылдық пен зұлым­дыққа, әділетсіздік пен аярлыққа қарсылық поэ­зиясы. Абақты тұрғызбаған, шідерге көнбеген еркін, кезбе, ұлы қазақ халқының жанының дертін, қуаныш-мұңын өз жүрегінен өткізген айбынды поэ­зия. Тәуелсіздік таңында ақын рухы азат елімен бірге асқақтап, арайлы күн шапағымен жыр болып жадымызда жаттала бермек.