Қоғам • 16 Желтоқсан, 2023

Көзтүрткі Кеңестік кезеңде өзіндік көзқарасы үшін қуғындалған азамат туралы

163 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

2019 жылы ақпанда Павлодарда бір ғылыми-практикалық конференция өтті. Ол 1969 жылы сол қаладағы жалғыз қазақ мектебінде жасырын құрылған «Жас ұлан» ұйымының 50 жылдығына арналған басқосу еді. Онда баяндама жасаған ақын Арман Қани сол тоталитарлық кезеңде билікке деген қарсылық белгілерінің жекелеген адамдар тарапынан да бой көрсеткенін сөз етті. Сөйтті де, оларды іздеп тауып жазып, жинақ шығарудың қажет екенін конференцияға қатысушылар алдына мәселе етіп қойды. Осы идея бойынша болашақ кітапқа кіретін бір тақырыппен айналысуға тиіс болдым. Ол диссидент Махмет Құлмағамбетов еді. Астанаға келген соң Қостанайға, ондағы «Егемен Қазақстанда» көп жыл меншікті тілші болып істеген Нәзира Жәрімбетоваға телефон соқтым. Әріптесім мен іздеген адамның өз өңірлеріндегі Меңдіқара ауданының тумасы екенін растады. Сөйтті де: «Оны облыс орталығында тұратын ҰҚК подполковнигі, зейнеткер Ғалихан Мәулетов ағай жақсы біледі. Қажет деп тапсаңыз, телефонын тауып берейін», деді. Бұл хабарды естіген соң, бірден іске кірісіп, ақсақалға қоңырау шалып, хабарластық та. Мәселенің мән-жайын ұққан соң қария аталған тақырыпта сөйлесуге ықыласты екенін білдіріп, біраз дерек айтты. Содан кейінгі әңгіме ол кісінің елордаға келіп, ҰҚК-нің орталық госпиталіндегі медициналық байқаудан өту кезіндегі бос уақыты аралығында одан әрі жалғасты. Сонымен…

Көзтүрткі Кеңестік кезеңде өзіндік көзқарасы үшін қуғындалған азамат туралы

– Аға, айып етпеңіз. Алдымен өзіңізді оқырмандарға қысқаша таныстырып өтсек дейміз. Бұл  «Кім боласыз? Қайда жұ­мыс істеп, нендей қызмет атқар­ды­ңыз?» деген сауалдарға жауап қой. Міне, сонда әңгімеміз дұрыс арнаға түседі деп ойлаймын.

– Жөн екен, қарағым. Мен осы Қостанай өңірінің пер­зен­тімін. Мына Әулиекөл ауда­нын­дағы Қазанбасы орман шаруа­шылығында туып-өстім. Мектепті облыс орталығында бітірдім де, Алматыға аттандым. Бұл 1957 жыл. Содан КазГУ-да, оның заң факультетінде оқып, 1962 жылы елге оралдым. Жолдамам бо­йын­ша белгіленген қалалық про­куратурадағы жұмысыма енді кірісе бергенімде, мемлекеттік қа­уіпсіздік комитеті қызметке шақырмасы бар ма?.. Қысқа әңгімеден соң олар мені МҚК-нің Минскідегі арнаулы мектебіне жіберді. Оны бітіріп келгеннен кейін сол органның Қостанай облыстық басқармасында 27 жыл үзіліссіз қызмет атқардым. Қазір құрметті еңбек демалысындамын.

– Дұрыс екен. Ал «диссидент Құлмағамбетов» ісіне қалай тап болып, оған не себепті араласып жүрсіз?

– 1964 жылы жоғарыдағы арнаулы мектепті бітіріп келдім деп айттым ғой. Содан мен МҚК-нің өзіміздің облыстағы бас­қармасында тергеуші болып жұмыс істей бастадым. Бастығым көп сөйлемейтін, түсі суық П.Дадыкин деген адам еді. 1941-1945 жыл­дар­дағы соғысқа қатысып, сон­дағы «Смерш» қарсы барлау құры­лы­мында қызмет атқарған бұл кі­сінің кеудемсоқтығы сондай, ешкіммен амандаспайтын. Мұны айтпағанда, бір бөлмеде отыратын екеуміздің арамыздағы бұйрық райындағы сөздер болмаса, жай тіл қатысудың өзі жоқтың қасы еді. Таңның атуы мен күннің батуы­на дейін қауырт бір жұмыс істеп жатқандай түрткіленеді де отырады. Мені де жұмыссыз қаратып отырғызбайды.

Бір күні ол: «Минск мектебінен алған теориялық білімің – басқа нәрсе. Оны өмірдегі практикалық жағ­дайлармен ұштастырып отыр­масаң болмайды», деді. Сөйт­ті де: «Басқарманың опера­тивтік құрамында өтетін саяси сабақты жүргізуге әзірлен. Онда «Үкі­мет­ке қарсы үгіт және насихат» тақы­рыбында баяндама жасайсың»,  деп сөзін аяқтады.

– Жақсы, жолдас аға тер­геуші, – дедім мен сәл ойланып. – Бірақ оған қажет өмірлік мы­салдарды қайдан аламын. Одақ бойынша мұндай, яғни Заң­ның 56-бабымен жауапқа тартылғандар өте аз, ілуде біреу ғана ғой.

– Төменгі қабаттағы мұражайға бар, – деп қысқа қайырды сөзін бастығым. – Онда Құлмағамбетов Махмет атты адамның қылмыс­тық ісі бар. – Оны 1962 жылы мен өзім тергеп, қоғамға қарсы пі­кірі, ұлтшылдығы және біз өмір сүріп отырған жүйені қара­лауға тырысқан әрекеттері үшін Қылмыстық ко­декстің жоғарыдағы өзің айтқан бабы бойынша жауапқа тартқанмын. Бұған қоса МҚК-нің сол жылғы «Сборник» жур­налы тігіндісін де қара. Оның нө­мірлерінің бірінде мен осы істі талдап, мақала жазғанмын. Соны пайдалан.

Міне, Махмет Құлма­ғам­бе­товтің аты-жөнін мен алғаш рет осылай естіп, білген едім, шы­­рағым. Есіл азаматтың жауап­қа тар­тыл­ғандығы ісімен де жоға­ры­дағы тапсырманы орындау барысындағы ізденіс үстінде танысқан болатынмын.

– Сонымен ол қандасымыз кім екен? Туған жері, өскен ортасы? Алған білімі мен мамандығы және жұмыс істеген жері?..

– Болашақ кейіпкеріміз 1930 жылы Қостанай облысының Мең­­діқара ауданындағы Еңбек ұжым­шарында дүниеге келіпті. Сол ауылдағы орта мектепті бі­тірген соң, КазГУ-дің философия және экономика факультетіне оқуға түсіп, оны өте жақсы баға­лармен аяқтайды. Сөйтіп, жас маман алғашқы еңбек жолын Тү­рікменстанның Чарджоу қала­сындағы педагогикалық инс­титутта оқытушы болып бас­тай­ды. Уақыт өте келе ол күні кеше өзі оқыған том-том кітап­тардағы философия мен сая­си эк­ономияның кейбір тео­рия­лық мәселелері кеңестік шын­дықпен сәйкес келмейтіндігін көреді. Бұл ойын жанындағы оқы­тушылармен бөлісуге тырысады. Кейбір пікірлерін лекция үс­тінде студенттерге ашық айтады да. Иә, тоталитарлық жүйе – казармалық социализмде ондай кереғар өмір шындығының бары рас еді. Бірақ мұны өкіметтің құлақтарына құйып тұрып берген ұғымынан басқаша пайымдау кафедрадағы әріптестеріне мүлдем түсініксіз жайт-тын. Оларға бұл ұна­майды. Осылайша, Махмет Кұл­мағамбетовтің жоғарыдағыдай еркін ойлылығы көп ұзамай инс­титут партия ұйымына жетеді. Арнайы органға хабарланып, жас маманды қудалау басталады. Мұн­дай қысымға шыдай алмаған ол аталған жоғары оқу орнынан «өз еркімен» кетуге мәжбүр болады.

Содан кейін біз сөз етіп отыр­ған жан Қырғызстан астанасы Фрунзедегі медицина институтына келіп, философия пәнінің оқытушысы қызметін атқарады. Көп ұзамай бұл жерде де ол со­ңына ерген қоңыраудың салдарынан көзге түрткі бола бастайды. Оқытушылар мен партия ұйымының хатшысы Махметті жиі-жиі сынға алып, отырса опақ, тұрса сопақ етеді. Қайда барарын білмеген кейіпкеріміз енді Қазақ КСР Ғылым академиясының Философия және құқық институтына келіп, зерттеу жұмысымен айналысуға шешім қабылдайды. Бірақ мұнда да сәтсіздік... Мұнан соң тағдыр енді оны Мәскеуге қарай жетелейді. Сөйтіп, ол одақ астанасы іргесіндегі Мантурово қаласынан бір-ақ шығады. Осы жерде қара жұмыс істеп жүріп, күдікті адам ретінде көзге түседі. Үйіне тінту жүргізіліп, жауапқа алынады. Қазақстанға қайтуға «кеңес» беріледі. Рудныйға келіп, электрмонтер болып жүргенде тұт­қындалады.

– Қалай? Неге?

– Оған себеп, оның артынан ерген бұрынғы қоңырауынан басқа, тұрақты жұмысының жоқтығы еді. Иә, отбасылық өмірде жолы болмаған, шамшыл мінез-құлқына байланысты жұмысқа орналаса алмаған кейбір адамдарды ол кезде жергілікті билік қоғамдағы «масыл», «арамтамақ», өзгенің еңбегінен күн көруші «жатып ішер жалқау» деп күстәналайтын. Сондай топпен вагоннан жүк түсіріп, қазандықта от жағып, монтер болып уақытша нәпақа тауып жүрген Махметтің күдікке ілігуінің тағы бір себебі, оның сонау бала кезден бергі фотоаппаратқа деген әуестігі еді. Сол әдетпен әр жылдары түсірілген суреттерде кеңестік қоғамның күнгейі ғана емес, көлеңкелі тұстары да көрініс тапқан-тын. Міне, солар: «Бұл фотолар Батыс баспасөзіне жіберу үшін әдейі түсірілген», делініп, өзіне сор болып жабысады. Махмет Құлмағамбетовті Мәскеу облысындағы «әңгімелесуден» кейін МҚК-нің Қостанай облыстық басқармасындағы П.Дадыкин жүргізген тергеудегі төмендегі жауап айғақтайды.

«…Мантурово қаласында тұ­рып жатқанымда үй-күйі жоқ қайыр­шыларды, үсті-басы кір мас­күнемдерді, қоқыс таситын ас­сенизатор көлігін суретке түсір­генім рас, – депті ол 1962 жылдың желтоқсан айындағы түсініктеме сөзінде. – Тінту кезінде тергеуші 100-ге тарта фотоның 30 шақтысын таңдап алды. Кезінде оның әрқайсысына мазмұнына сәйкес ат қойып едім. Мысалы, «Миниатюрный узкоколейный паровоз» дегенім, қалалық парктегі балалар теміржолында тұр­ған өте ескі, бірақ сирек кез­десетін кішкентай пойыздың кө­рінісі болатын. Ал «Мужики Хме­левки» суретінің тарихы былай. Бір күні қала іргесіндегі кеңшардың 2-3 жұмысшысы біздің шатыр жанынан өтіп бара жатып, аппарат ұстап отырған менен өздерін фотоға түсіруді сұрады. Шығарған суретім оларға ұнаған болуы керек, ертесінде рақметін айтып, біреуі кетерінде қолындағы ыдыстан маған сүт құйып бергені есімде. Бұл пленка кадрында саяси мағына бар деп күмәндансаңыздар, оның мән-жайын осы фотоға түскен кісілерден сұрауларыңызға болады ғой. Одан кейінгі сурет аттары мынадай еді. «При лампе в клубе», «Старуха», «Девушка – сучкоруб», «Фото нищего», «Ас­сенизатор»... Әсіресе соңғы фотоны көргенде кім-кімнің де болсын бетіне күлкі үйірілетін. Себебі дәретханалардағы нәжіс тасушы осы бір салдыр-гүлдір етіп, сасып-мүңкіген қос бөшкелі ат арба келе жатқанда біз жиіркеніп, мұрнымызды баса, жан-жаққа тұра қашатын едік. Көріп отырсыз, бұлардың бәрі – өмірдегі жиі кездесетін көріністер. Сондықтан ол туралы суреттерді қараған кісіде үкіметке қарсы ешқандай ой болуы мүмкін емес. Дегенмен күнделікті тіршіліктің көріксіз жағын ылғи көрсете беру қоғамға ұнамауы да мүмкін. Бірақ мен заңға қарсы ешқандай іс-әрекет жасамағаныма сенемін. Қоқыс қопарған қайыршылар, үй-күйсіз маскүнемдер кез келген мемлекетте бар ғой. Иә, бұл Кеңес өкіметіне ғана тән нәрсе емес. Ендеше, неге осы суреттердегі көріністер соншама бізді үркітуге тиіс?..».

– Тергеу кезінде Махмет Құлмағамбетовке тағы қандай айыптар тағылды екен? Бұл жөнінде мұрағаттағы сіз көрген істе нақты фактілер бар ма?

– «Ұлтшылдық». «Үкіметке қарсы үгіт-насихат». «Мемлекеттік құрылымдарға байланысты қауіпті ойлар»... Алдыңғы мәселеге келер болсақ, кейіпкеріміз жауап алу кезінде: «Ұлт мәселесі мені көп ойлантып, толғандырады, – деп бастайды сөзін. – Бірақ өз басым ұлтшыл емеспін. Өзіңді басқадан жоғары ұстау, басқаны жек көру деген менде жоқ қасиет. Десем де орыс халқының кейбір өкілдерінің аз ұлттарға менсінбеушілікпен қарайтынына төзе алмаймын. Он­дайлар бізді екінші сортты адам­­дарға, ақыл-есі жетімсіз жан­дарға балайды. Сауатсыз, қабіл­ет­­сіз кейбір орыстардың білім­ді, парасатты қазақтарды ке­кетіп, мұқатып қалатынын кім көр­мей жүр?.. Аға халықтың сон­дай мәдениетсіз, ұрда-жық өкілдерінің ұлтымды қаралап, менің ар-ожданымды аяққа басуларына бола ма?!». Ал айыпталушының «мемлекеттік құрылымдарға қа­тысты қауіпті ойларына» келсек, «Демократия туралы сөз болса, – дейді МҚК өкіліне, – ол қағаз жүзінде ғана бар. Оның өмірдегі нағыз істерге ешқандай қатысы жоқ. Мысалы, сайлауды алайық. Біз өз қалаулыларымызды таңдап, оған дауыс бермейміз. Тізімдегі алдын ала дайындалған фамилия­ларды бюллетеньге саламыз да қоя­мыз. Бұл – сайлау емес, жұртты алдау.

Ал жергілікті кеңестерге келсек, оның да рөлі тек қағаз бетінде. Олай дейтінім, елге ең жақын бұл жүйе де партия аппаратының қо­лында. Сондықтан бізге коммунис­терге қарсы сөз айтуға, ол есепте тұратын партия ұйымын сынап-мінеуге болмайды. Рас, мені Кеңес өкіметі оқытып, жеткізді. Адам етті. Бірақ мен оның ақ дегенін алғыс, қара дегенін қарғыс деп айт­қанының бәрімен келісе беруге тиіс емеспін. Өйткені әр адамның өз пікірі болуы керек».

Енді Махмет Құлмағамбетовке та­ғылған келесі айыпты баян­дайық. «Сіз өкіметке қарсы үгіт-на­сихат жұмысын жүргізіп кел­діңіз. Осы туралы жауап беруіңізді сұрай­мын» деген тергеушіге ол: «Мен, – дейді, – ешқашанда олай істеген емеспін. Коммунистік парт­ияның, өз ойымша, жүргізіп отыр­ған кейбір саясаты туралы жеке пікір айтқаным рас. Мы­салы, бригададағы жұмыс істей­тін кісілермен түскі үзіліс кезінде саяси тақырыпта әңгіме бола қалған кезде өз ойымды жасырмай ашық айтатынмын. Бірақ та ол еш уақытта билікке қарсы бағытталған сипатта болған емес. Мысалы, үкіметтің мемлекеттік несиелерді «консервациялауы» маған түсініксіз жағдай болды. Соғыстың аяқталғанынан бері қанша жыл өтсе де, атқарушы орган өз қарызын халыққа қайтар­май отыр. Мен саяси экономия мен философияның маманы болғандықтан, бұл жағдайдың бәрін құптап басымды изей алмаймын. Үкіметке қарсы насихат деген – өзіндік мазмұны бар кітап, парақшаларды дайындап, тарату. Мен өйтіп көрген емеспін. Партияның жүргізіп отырған кейбір саясатын толық түсіну үшін ой-пікірлерімді дәптерге күнделік ретінде жазып отырғаным бар. Оны мен көптеген мәселеге, мысалы, халықтың тұрмыс жағдайы, мемлекет құрылысы туралы ой-пікірлеріме арнадым. Оларды үкіметке бір нұқсан келтірейін, не шетелдердегі КСРО-ға қарсы орталықтарға жіберейін деген жос­пар болған емес. Менің мақсатым КОКП-ның жүргізіп отырған сая­саты ғылыми теорияға қайшы келетінін дәлелдеп, оның кейбір жағдайларына ревизия жасау еді».

Махмет Құлмағамбетовке та­ғылған кінәлар мен айыптардың, оған байланысты тергеушіге қайтарған жауаптарының бір парасы, қысқаша айтқанда, міне, осындай. Бұдан ол кісінің ойы жүйрік, сөздері дәлелді, ақылды да алғыр жан екені байқалады. Алдында отырған адамның темірдей берік логикасына таңданып, не істерін білмеген МҚК өкілі енді оған қысым көрсетіп, бопсалауға көше­ді. Мұнымен қатар жауап алу па­рақшасының кейбір бет­теріне ол айтпағанды «айтты», мойын­дамағанды «мойындады» деген өзімбілермендікке де барады.

– Оны неден көруге болады? Сіз оқып, танысқан істе оған нақты айғақ, мысалдар бар ма?

– Бар. Ол Махмет Құлмағам­бетовтің 1963 жылдың 1 мамырында сот тергеуіне наразылығын білдіріп, Қазақ КСР Жоғарғы сотына жолдаған кассациялық шағымы. Көлемі 26 беттен тұратын онда ол бәрін айтып, соның ішінде тергеу мен сот тарапынан болған заң бұзушылықтарды дәлелді түрде көрсетеді. Атап айтқанда: «Бұл орган менің ең нашар деген ойым­нан шықты, – деп бастайды мұң-зарын ағамыз. – Өйткені: 1) Жауап алу кезінде тергеуші мені «әккі қылмыскерсің» деп қорлады. Кінәм белгілі болмай тұрып, оның бұлай қорқытып-үркітуге қандай құқы бар? 2) Ол менен таңның атысынан күннің батуына дейін үздіксіз жауап алуды әдетке айналдырды. Содан барып ес-түсімді білмейтін халге жеттім. 3) Тергеуші менің айтқандарымды хаттамаға өз қолыммен жазуыма рұқсат етпеді. Мұның бәрін оқыт­пай, өзіне «ыңғайлап» тол­тыр­ғандықтан, айғақ біржақты, тек мені қаралау сипатында болып шықты. 4) Ол егер айтқанына көн­бесем, тергеуді көп уақытқа соза бе­ретінін, бұл аз болса қо­лында басқа да әшкерелеуші материалдар бар екенін ескертіп, осындай пси­хологиялық бопса арқылы жүй­кемді тоздырды. Мұндай арандату тәсілін тергеушіден күтпеген едім».

Ал енді сотқа келейік. Бұл жө­нінде біздің кейіпкеріміз: «Оның төрағасы Бугаев көзімен атып, айтайын дегеніме ерік бермеді, – дейді. – Айыптау қорытын­дысымен де таныса алмадым. Олар құжаттың құпиялылығына сүйеніп, онымен түрменің арнайы бөлімінде көз жүгіртіп оқуыма ғана мүмкіндік берді. Керекті жерлерінен үзінділер жазып алып, сот отырысына дайындалуыма осылай кедергі жасады. Тіпті арыз жазатын қағазды алудың өзі маған қиынға соқты. Болған жағдайды айта бастасам, сот төрағасы Бугаев­тан: «Тоқтат!» «Қысқарт!» де­ген сөздерден басқа ештеңе ести алма­дым».

Амал не, есіл азаматтың жоға­рыдағы жанайқайына ешкім құлақ аспайды. Оған дәлел, өзіне 56-баптың 1-тармағын күштеп таңған Қостанай облыстық со­тының 1963 жылғы 17 сәуірдегі үкі­міне наразылық танытқан Махмет Құлмағамбетовтің 1 ма­мыр­дағы шағымын Жоғарғы сот­тың 29 мамырда қарап, еш өзгеріссіз қалдыруы. Рас, осы ор­ган­ның президиумы 16 тамызда сотталушының негізгі жазасын өтеу туралы режімге байланыс­ты ұйғарымды бұзып, істі қайта қарауға жібереді. Бірақ ешқандай жақсылық болмайды. Қостанай облыстық соты 1963 жылдың 2 қыр­күйегіндегі үкі­мінде «еңбекпен түзеу ко­лония­сындағы күшейтілген режім» сөз тіркесін «қатаң режім» деген ұйғарыммен алмастырып, Махмет Құлмағамбетовті 7 жыл бас бостандығынан айыруға және 3 жыл жер аударуға кеседі.

– Обал-ай... Қайран азамат жазасын қайда өтеді екен? Қапастан шыққаннан кейінгі өмірі ше? Одан хабарыңыз бар ма?

– Мордовияда. Сондағы Вла­димир қаласының іргесіндегі сая­си тұтқындар лагерінде болады. Өзіне тиісті 7 жылы біткен соң, Коми АССР-ның Микунь, Ухта, Вуктул және Сібірдегі Сур­гут елді мекендеріне қоныс ауда­рады. Өйткені 3 жылдық жер аудару жазасын өтеуі керек қой. Одан кейін Якутиядағы Чульман кентінде тұрып, инженер, ағаш шебері және кеңсе қызметкері сияқты жұмыстар атқарады. 1977 жылдың күзінде Украинаның Харьков қаласына келеді де, Галина Моисеевна Бер деген келіншекке үйленеді. Оның Израильде туыстары бар екен. Екеуі ақылдасып, шетелге кетуге бел байлайды. Сөйтіп, ізденіп жүріп тиісті орындардан рұқсат алады да, алдымен Венаға бет алады. Онда барған соң некелерін бұзып, ажырасады. Әйел Израиль астанасы Тель-Авивке бағыт алады. Махаң Германияға тартады. Сондағы Мюнхен қаласына жеткеннен кейін «Азат Еуропа», «Азаттық» радиостансаларына қыз­метке орналасады. АҚШ конгресі қаржыландырып, КСРО-ға қарсы хабар тарататын бұл мекеменің әлеуеті зор еді. Махаң, міне, сондағы қазақ бөлімінің тәулігіне 6 сағаттық хабарын эфирге шығаруға қатысып отырады. Ол бағдарламаны, әрине, сол кездері кеңестік Қазақстандағы екінің бірі тыңдайтын десек, шындыққа сәйкес келмес еді. Себебі Кеңес өкіметінің арнайы қызметі бұл радио толқынды қосымша дыбыс­тармен басып, елге жеткізбеуге тырысатын. Бірақ Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде бәріміздің сол эфирден Мюнхендегі Махмет аға хабарын тыңдауға әрекеттенгеніміз рас. Өйткені аязда бет-аузы домбығып, көк мұзда таяққа жығылып жатқан іні-қарындастарымызға Махаңның алыстан жеткен үні моральдық демеу болды. Сол күндері де, одан кейін де ол қазақ жастарының одақта алғаш рет осы бір алып империя режіміне қаймықпай қарсы шыққанын дүниежүзіне мақтаныш етіп айтудан танбады.  

...Ғалихан аға осы сөздерді айтты да: «Егемендік лебі ескен 1990 жылы Қазақ КСР Бас прокуроры жоғарыда біз сөз еткен Махмет Құлмағамбетовтің ісіне байланысты наразылық білдірді, – деді. – Сөйтіп, бұл мәселе сол жылдың 24 желтоқсанында республика Жоғарғы сотының пленумында қаралды. Нәтижесінде, соған дейінгі оған қатысты барлық сот акті­сінің күші жойылып, өзіміз сөз еткен жанның іс-әрекетінде қылмыс құрамының жоқтығына байланысты ол толық ақталды. Бар білетінім осы, қарағым. Ал оның одан кейінгі өмірінен хабарым жоқ».

Қарияның сөзін тыңдап болып, әсерлі әңгімесі үшін рақмет айттым. Содан соң интернетке үңіл­дім. Ойым «Кейіпкеріміздің Батыстағы тағдырынан бір дерек табылып қалар ма екен?» деген үміт. Таптым! Бар екен. Іздеген мағлұматымды е-history.kz сайтына қойған оның балалық шақтағы танысы, кейін 50-жылдары КазГУ-де қатар оқыған замандасы, қазір есімі елімізге белгілі антрополог Оразақ Смағұлов болып шықты. Академик ағамыздың айтуынша, Германияға барған 70-жылдардың аяғында Махмет Құлмағамбетов үйленеді. Әйелі Наташа Қазан төңкерісі кезінде Ресейден кеткен ақ эмигранттың немере қызы екен. Зайыбы «Азат Еуропа», өзі «Азаттық» радио­сында жұмыс істеген Мах­мет Құлмағамбетов 1995 жылы зейнетке шығады. Оразақ Смағұлов осы жайттарды сөз ете келіп, Қазақстан тәуелсіздік алған 90-жылдардың ортасында ескі танысымен Италияда кездескенін, 2000 жылы оның Германиядағы үйінде қонақта болғанын айтады. Ал 2008 жылғы 8 қарашада ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін бақилыққа аттанып, денесі Мюнхен маңындағы елді мекендегі зиратқа жерленіпті.

 

Жанболат АУПБАЕВ,

журналист

 

АСТАНА