Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Шынымен де, ұлттық кино дегеніміз не? Ол қандай талаптар негізінде саралауға тиіс? Тарихи кинолардың барлығы қазақы, мұраты ұлттық па? Немесе ұлттық кино түсіріп жүрген режиссерлердің бәрі бірдей тарихи тақырыпты тұщымды сөйлете алды ма? Қазақ киносы қаншалықты рухымызды оята алып жүр?
Әрине, ұлттық кино ұғымының ауқымы өте кең ғой. Соның ішінде, әсіресе, тарихи фильмдердің қабылдану мен рухты ояту һәм өткенімізді тірілтудегі, ұлтымыздың басынан өткерген түрлі жағдайларды танып, көркем тілде бағалай білуге сіңірер еңбегі ерен. Сондықтан болса керек, тарихи тақырыптардағы туындылардың түсірілуі – қазақ көрермені үшін қашанда асыға күтетін қуанышты жаңалықтар қатарында. Ал ол фильм тарихымызды сөйлетуден бөлек, қаншалықты кино тілін игере алып жатыр – ол да маңызды мәселе.
Қазақ көрермені тағатсыздана күткен сондай фильмнің бірі – «Көшпелілер» болатын. 2005 жылы жарыққа шыққан тарихи туындыны түсіру үшін мемлекеттен 25 млн доллар бөлінді. Қыруар қаржы құйылған фильм дәл сол деңгейде ұлттық үдеден шыға алды ма? Оны киносыншы Гүлнәр Әбікееваның мына пікірінен асырып айта алмаспыз: «Менің өз басымда, оның қазақ киносына айнала алмайтынына әу бастан күмән болған. «Көшпелілер» жобасының қазақ мәдениетіне қатысы шамалы. Ол қазақ тарихы негізінде түсірілген америкалық кино болып шықты».
Әбікеева әділін айтты. Расымен де «Көшпелілерді» таза қазақы, рухымызды оятқан фильм деп айту қиын. Бірақ атышулы жоба одан кейін түсірілер тарихи туындылар үшін тамаша тәжірибе болғаны сөзсіз. «Көшпелілердегі» жетістіктен үйреніп, кемшілігінен сабақ алған Ақан Сатаев, Рүстем Әбдіраш сынды режиссерлер енді басқа таным деңгейінде фильм түсіруге талпыныс жасай бастады. Соның жарқын бір көрінісі – «Жаужүрек мың бала».
2012 жылы тарихи тақырыптағы тырнақалды туындысын экшн жанрында бастаған режиссер Ақан Сатаев қашанда көрермен көкейіндегісіне дөп түсуге дағдыланған. Жоңғар шапқыншылығы – азаттық үшін жан берісіп, жан алысқан әрбір қазақ баласының қанымен жазылған тарих. Атының өзі әйгілеп тұрғандай, фильм жаужүрек мың баланың әлем тарихында ең ұзаққа созылған жойқын ұрыс – қазақ пен жоңғар соғысы кезіндегі ерлік тағдырын паш етеді. Айтулы туынды есімі кейінгі ұрпаққа тарихи жырлар мен аңыздар арқылы жеткен ержүрек сарбаз Сартай сынды жүздеген боздақтың тағдырынан сыр шертіп, бүгінгі ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, намысын шыңдай түсуге түрткі болды десек, қателеспеспіз. Ерлік пен махаббат қана емес, қатыгездік пен қызғанышты қатар өрген фильм сюжеті ә дегеннен көрермен көңілінен шықты. XVIII ғасырда қазақ халқының рухы осы фильмдегідей биік болғанына Сартай мен Таймастай батырлардың рөлін кемеліне келтіре кейіптеген актерлер ойыны арқылы көз жеткіздік. «Біз жүз болсақ та, әрқайсымыз он жоңғарға төтеп береміз, сондықтан біз – мыңбыз», деп Сартай батырдың жасағына қарата айтқан сөзі ұлы дала рухын тірілткендей болды. Кинодан қанаттанған көпшілік ұзақ уақыт ерлік туралы фильмнің әсерінен шыға алмай жүрді. «Жаужүрек мың бала», сөз жоқ, қазақ халқының рухын биіктетіп, ынтымағын нығайтқан нағыз ұлттық фильм болды десек, қателеспейміз.
«Жаужүрек мың баладан» жемісті басталған Сатаевтың тарихи фильмдегі табысты қадамы араға жылдар салып «Томирис» және «Қасым хан» фильмдерімен толықты. Сақ патшайымы, жалпы тарихи фильм түсірудің қыр-сырын режиссердің өзі айтып берді: «Томирис» – ауқымды жоба. Екі жарым мың жыл бұрын болған тарихты экранда көрсетіп қана қоймай, оқиғаны шынайы сөйлете білу суреткер ретінде маған қиын әрі қызық болды. Өйткені ұлтымыз үшін ұлық есімдер қатарына енген әйгілі Сақ патшайымының ерлігі күллі қазақ үшін қастерлі. Әрқайсымыздың бойымызда Томиристің рухы бар. Сондықтан да қателесуге, босаңсуға жол жоқ. Түсірілім жұмыстары басталған сәттен бастап үздіксіз ізденуге, әр дерекке ден қойып сараптауға, Сақ патшайымының болмысын барынша жан-жақты қырынан ашу жолында тер төктік», дейді.
Режиссер Рүстем Әбдіраш та Сатаев салған сүрлеуді сәтті жалғады. Ол түсірген қос бөлімді «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» және «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмдері де көрерменін рухтандырған туындылар қатарында. Кинокартина барынша сюжет нанымдылығы мен экшн әдістерін игеруге батыл қадамдар жасаған. Сол арқылы фильмнің оқиға динамикасын арттырып, драмалық қайшылығын қалыңдатқан. Қайрат Кемалов, Еркебұлан Дайыров, Досхан Жолжақсынов, Иісбек Әбілмәжинов, Аян Өтепберген, Мейірғат Амангелдин, Ниязбек Шайсұлтанов, Қарлығаш Мұхамеджанова, Іңкәр Әбдіраш, Әлішер Сүлейменов бастаған актерлер жұмысынан да сәтті ізденістер ізін көруге болады.
Сол секілді журналист Майя Бекбаева түсірген деректі фильмдегі Алаш арыстарының циклді тарихынан рух алып, таным кеңейткен көзіқарақты көрермен жекелей тұлғалар туралы түсірілген «Мұстафа Шоқай», «Әміре» сынды көркем фильмдердің де жарыққа шығуын жаңалыққа балап, тағатсыздана күтті.
Азаттық рухы дегеннен туындап отыр, қазақ Алаш арыстары бейнесінің кино тілінде сөйлеуін ұзақ күтті. Оқтын-оқтын табысты талпыныстар жасалғанымен, көпшілігі кемшілігімен қатар жүрді. Сол себепті де көркем туындыларға жалған ұран немесе хронологиялық деректі фильм жанрынан аса алмайтын қойыртпақ киноларды телумен көңіл жұбаттық. Әлбетте, оның көркем дүние емес екендігін, тақырып тереңінен қаузалмай тек теңіздің бетін ғана қалқумен шектелгенін біліп тұрсақ та, мойындағымыз келмеді. Бақытымызға орай қазақ кино әлеміне Алаш арыстары артқан аманатты арқалап режиссер Мұрат Есжан бастаған шығармашылық топ «Абай жолы», «Ахмет.Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян, қазақ!» сериалдарына соны жол салып, санаға сілкініс жасағанын көргенде, қазақ үшін шын мәнінде, ақ түйенің қарны жарылғандай қуанышты күйді бастан кештік. Себебі Алаш тақырыбы – ұзақ күткен ұлағат, өтелмеген парыз еді.
– Ахмет туралы ерте ойландым. Өнегелі өмірінен фильм түсіруге татитын қандай тұлғалар бар десе, менің ойыма алдымен Ахмет оралатын. Кейін кино саласына араласқаннан кейін де Ахмет ойымда жүрді. Орайы енді келген екен. Ақаңның образын ашу үшін көп нәрсені қамтуға қармандық. Бұл арада менің мақсатым өнер туындысын жасау емес. Түсірген кином телесериал немесе көркем шығарма болсын деген ой болған жоқ. Ақаң арқылы жаңалық ашайын, өзімді көрсетейін де демедім. Бар мақсатым қандай әдісті қолдансам да Ақаңның биік тұлғасын, сынбас рухын көрерменге жеткізу, осы рух арқылы көрермен жүрегіне сәуле беру болды. Сосын да біз бұл телехикаяда деректі фильмнің де, көркем фильмнің де элементтерін араластырып пайдалана бердік, – дейді алты бөлімді «Ахмет. Ұлт ұстазы» тарихи сериалының режиссері Мұрат Есжан.
Тек бір ғана әттеген-айы – осындай ауқымды да қазақ үшін қастерлі үлкен тақырыптар қаузалған жобаларға бөлінер қаржының мардымсыздығы да көп жерде шығармашылық мұратты жүзеге асыруда қолбайлау болғандығы жанды жабырқатады. Оның жайын фильмде басты рөлде ойнаған актер Байғали Есенәлиев ашына айтып берді. Өзінің бұл рөлге қалай таңдалып алынғаны жөнінде де әңгімеледі.
– Театрда «Абай» спектаклі қойылғалы жатса актерлердің барлығы тақия киіп кетуші еді. Сол сияқты ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы кино түсіріледі деген хабар тарағаннан-ақ таныстарымның барлығы шетінен Ақаңдыкіндей шоқша сақал қоя бастады. Әрқайсысының Ахмет рөлінен дәмелі екені айтпаса да түсінікті еді. Солардың арасынан қайсысы лайықты деп портреттік ұқсастық іздеп жүргенімде, режиссердің таңдауы маған түскен екен.
Ә дегенде сене алмадым. Өйткені үміткерлер көп болғанымен, маған келгенде анау айтқандай қатаң кастинг те жасалмады. Тек режиссер сыр суыртпақтап, ұзақ әңгімелесті. Сол сұхбаттасудан кейін-ақ санамда жылт еткен үміт сәулесі сөне бастағандай еді. Режиссер арманыма атүсті қарағандай болды. Өзіме «ірктеуден өтпедім» деп кесім де шығарып қойдым. Сөйтсем, Мұрат мені басқа әдіспен таңдаған екен. Осыдан бірнеше жыл бұрын берген сұхбатымда: «Алаш арыстарының біреуінің рөлін ойнасам, арманым жоқ» деген едім. Алла сол тілегіме жеткізіпті, – деген Ахмет Байтұрсынұлы рөлін ойнаған актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байғали Есенәлиев түсірілім кезіндегі қиындықтарға да тоқталды. – Менің жанымды удай ашытқан бір жайт – ол ұлттық тақырыптағы телехикаяларға қаржының өте аз бөлінетіндігі. Ақаң үшін, оның тағылымға толы өмірі үшін 6 серия өте аз. Бірақ шығармашылық топ жоқтан бар жасап, осындай тағылымы мол туындыны өмірге әкелді. Мәселен, «Соңғы өкім» деген фильм түсірілді. Екеуінің бюджетін салыстырсаң, соның жүзден бір бөлігін ғана алты сериялы телехикаяға бөледі екен. Ал анау екі-ақ сериялы фильмге миллиардтар жұмсалады мысалы. Шіркін-ай, режиссеріміз Мұрат Есжанда ондай мүмкіндік болғанда, ол бүкіл әлемді таңғалдыратын полотно жасар еді. Себебі Мұрат Алаштың қайраткерлерін түгел зерттеген, Ахмет Байтұрсынұлына шексіз ғашық жігіт қой. Сол махаббатының күші-ақ көп дүниенің жүзеге асуына себеп болды.
Ал танымға төңкеріс әкелген сенсация «Оян, қазақ!» сериалының ықшамдалып, фильм ретінде кинотеатрдан көрсетілуі болды. Дәл сол сәтте әдеттегі жиі айтылатын «Біздің елде тарихи кинолар аз түсіріледі. Мұндай дүниелерді халық көрмейді, түсінуге көпшіліктің деңгейі жетпейді» деген қасаң түсініктің күл-паршасы шықты. Демек, кілтін тауып, жүректі қозғайтын туынды түсіре алсаң, оны қабылдауға қарттың да, жастың да санасы сергек екен. Көрсетілімге кіретін билет таппай сенделген нөпір халықтың ықыласы, апталық рейтингтің көшін бастаған «Оян, қазақтың» қарқыны шын мәнінде рухты оятқан оқиға болды.
– Режиссер хабарласып, «Оян, қазақтың» ықшамдалып, кинотеатрға жалпыұлттық прокатқа шығатынын айтқанда, шынымды айтсам, оның осыншалықты табысқа жететініне күмәнім болды. «Алты сериясын көріп қойған көрермен қалтасындағы ақшасын құртып кинотеатрға тағы да келе қояр ма екен?» деген ойлар мені кері тарта берді. Бірақ алғашқы күннен-ақ атойлап кинотеатрға ағылған көрерменнің қарасы, әсіресе, жастардың шексіз ықыласы қоғамда қалыптасқан қасаң түсінікті жоққа шығарды. Сол кезде қателескеніме, «Оян, қазақтың» көкірегінде сәулесі бар жастарды оята алғанына қуандым. Ал актер ретіндегі өзімнің ішкі сезімдеріме тоқталсам, Алаш арыстарының өмір жолы, олардың Тәуелсіздігіміз жолындағы жанкештілігі санамды сілкіді. Біз Ақаң мен Жақаңдай тұлғаларға мәңгілік қарыздармыз, – деп ағынан жарылды фильмде Міржақып Дулатовтың рөлін ойнаған актер Бақыт Қажыбаев.
Иә, кино – қоғам өмірінің айнасы. Ұлттың ұстыны мен ұлылығын кезінде әдебиет арқылы танып, таразыласақ, бүгінде ол қызмет ұлттық кинематография тіліне көшіп үлгерді. Өйткені жаһандану дәуірі жаппай визуализация жағында. Не нәрсені де көзбен көріп барып, көңілге тоқу – заманның өз талабы. Демек, бүгінгі қазақ киносының аяқ алысы мен деңгей-дәргейі – ұлттық рух пен жалпы қазақы бет-бейнеміздің басты һәм негізгі көрсеткіші екендігін мойындауымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде «Оян, қазақтың» кино әлемінде жасаған сілкінісі – рухани орта үшін нағыз жаңалық болғаны сөзсіз. Демек, «халық – тобыр, терең дүниені түсінбейді» деген тар түсінік келмеске кеткен екен. Аз ғана ақшаға Алаш рухын атойлатып, күллі қазақты оятқан, қалғып кеткен намысымызға қан жүгіртіп, ұмытылып бара жатқан өзімізді танытқан фильмнің тағылымы теңдессіз, ендеше! «Оян, қазақ» – ұлттың рухын оятқан фильм!