Руханият • 19 Желтоқсан, 2023

Жанға сақтау болған жұрт

225 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елі мен жерінің қайғы-қасіретін жан-жүрегімен терең сезінген ақын Мағжан Жұмабай ХХ ғасыр басында Алаш арыстарымен бірге қалай да ұлтын оятуды көксегені мәлім. Сондағы аса бір қамырықты өлеңі «Қазақ тілі» еді. «Күш кеміді, айбынды ту құлады, Кеше батыр – бүгін қорқақ, бұғады» деп басталатын шағын ғана жырда бәрінен күдер үзген ақын ең соңында үмітті ұлттың ана тілінен табады. «...Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа, Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тiлiм!» деп аяқтайды. Әлкей Марғұланша айтқанда, «Қазақ халқы үшін Мағжан Жұмабайдың маңызы ағылшындар үшін Шекспирдің, орыстар үшін Пушкиннің маңызынан кем емес». Демек, осыншама ұлы ақынның бұлай деуінде үлкен мән бар.

Жанға сақтау болған жұрт

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Ол заманда халықтың көкірек көзін ашумен қатар сана-сезіміне сәуле сеуіп, рухын ояту тек қазақ тілінің құдіретіне байланысты екенін ақын терең түйсінді. Бұл әлі де солай. Өйткені ана тіліміздің қуат көзінде сол заманға дейін жасап келген ұлттың ақыл-ойы мен рухының қайнар бастауы бұрқылдап ағып жатыр еді. Мағжан поэзиясының артықшылығы да сол, ана тілдің қуаты мен түркіден тамыр тартатын Алаштың асқақ рухының қабысуы. Ештеңені мойындамай өзінің азаттығы мен еркіндігін әйгілеп қана тұратын осы бұла күштің бастауы бұған дейін түзілген ұлттық әдебиетіміздің не­­гізі жыраулар поэзиясы мен ежелгі жыр-дастандарымызда-тұғын. Неше мың жыл­дық тарих қана емес, ол шығармаларда қаншама уақыттың рухы, халықтың танымы мен ең ұлы мұраттары жатқаны анық. Ұлттың ұлы мұраттарынан жан тартатын түрікшіл сарындағы Мағжан өлеңдерінің қуатына қараңыз. Өзіне дейін Асан қайғы, Доспамбет пен Қазтуған жыраулар болмаса, Алаш поэзиясының алтын тамырына айналған Мағжанның да шығуы екіталай емес пе?

«Бес ғасыр жырлайды» атты екі том­дық дүниеге келген 80-жылдардың ба­сында бодандықтың мұз құрсауын сө­гердей сана мен рух дүр сілкінгені анық. Бей­нелеп айтқанда жаяуды атқа мінгізу, аш-жалаңашты ауқаттандырып, киімді ету – атқа мінген сананы қаруландырумен пара-пар құбылыс. Қурауға айналған сана діңгегінің тамырына қан жүгіртіп, жан бітіру ғана емес, ұлтты өзіне таныту жатыр түбінде. Бұл толғаулардың қай-қайсысынан болсын ертедегі елдіктің төлқұжатын көрсететін ұстындар қылаң береді. Бойында қазақ қаны, тіпті ертедегі түрік қаны бар саналы жан әр жолынан ойына қуат аларлық, түпсанасын оятарлық бір дүниені сезінбесе, онда біз бүгінге жетпес едік.

«Мұхтар Мағауин жыраулар тарихын үш ғасыр арыға жылжытты» деген әңгі­меден басталды. Жыраулар тарихы одан соң бес ғасырға, одан кейін арғы-бер­гісін қосқанда тіпті жеті ғасырға, одан да әрі есте жоқ ескі заманға қарай ке­руен тартты. Бірақ осы жыраулар та­рихының бәрінің темірқазығы Мұхтар Мағауиннің 1968 жылы баспа жүзін көр­ген «Қобыз сарыны» атты кітабы болып қалды. Мойындағысы келмегендерге жазушының өзі кесімді сөзін айтқан: «Шалкиізді, Қазтуған, Доспамбетті, Қазақ хандығы кезеңіндегі ұлы жыраулар поэзиясын мен аштым, енді менің атыммен әйгі болуы керек» деп жазушы Жүсіпбек Қорғасбек жазғаны есімізде. Бұған ешкім таласа алмайды, әрине. Жыраулар поэ­зиясы топтастырылған «Бес ғасыр жырлайды» атты қос томдық шыққанға дейін көзі ашық жұрт «Қобыз сарынымен» санасын бір сілкіп алғанын ұмытпаған жөн. Аталған жырларды жинаудың, оны ғылыми жұмыс ретінде қорғаудың қан­шалықты күреспен келгенін Мұхтар Мағауин «Мен» атты мемуарлық романында жақсылап көрсетеді.

Шоқан Уәлиханов «көшпелілер философы» атаған Асан қайғының төрт-бес толғауының өзі санаға төңкеріс жасамай ма? «Бұл заманда не ғаріп?» дейді абыз әуелгі сөзінде. Сонан соң көшпелі қоғамды сипаттап келе жатады да ол:

«Атажұрты бұқара

Өз қолында болмаса,

Қанша жақсы болса да,

Қайратты туған ер ғаріп» деп «қо­йып» қалады. Бұл жердегі атажұрт пен бұқара – жалғыз Отан. Оның да билігі өз қолыңда болмаса, қанша қайратты болсаң да ғаріпсің.

«Еділ бол да, Жайық бол,

Ешкімменен ұрыспа» деп осы екі жер­ді қоса жайлап, салтанатты ғұмыр кешкен ақыл иесі ғана сөйлей алады. Ал осы жолдарды толығымен келтіріп, әлеуметтік астары мен мәнін түсіндіріп жатарға үлкен елдік сананың нарқы қажет.

«Алаң да алаң, алаң жұрт,

Ақала ордам қонған жұрт.

Атамыз біздің бұ Сүйініш

Күйеу болып барған жұрт.

Анамыз біздің Бозтуған

Келін болып түскен жұрт.

Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт,

Кіндігімді кескен жұрт,

Кір-қоңымды жуған жұрт,

Қарағайдан садақ будырып,

Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,

Жанға сақтау болған жұрт»,

дейді Қазтуған жырау. Бұл толғау алтын діңгекті елдіктің қадірінен сыр шертеді. Бұл жерде бәсі ең биік сөз – жұрт, яғни ел мен жер, Отан деген сөз. Одан соң ата мен ана, елге қорған болып туған Қазтуған батыр (бала). «Отан отбасынан басталады» деген мақалдың төркіні осы жерден көрінбей ме? Ең бірінші жері мен суын айтады. Сонан соң ошақтың үш бұтын­дай осы ата-ана, балаларға, Қазтуғанша айтқанда, «жанға сақтау болған жұрт» екен. Ақыл-ойы мен сана-сезімі осылай өлшеусіз кең пішілген халықтың кісі сыйлау, адамның қадіріне жетуі мен өмірді парықтауы өзгеше, анағұрлым жоғары.

«Қоғалы көлдер, қом сулар – қоныстар қонған өкінбес.

Арыстандай екі бұтын алшайтып, ар­ғымақ мінген өкінбес» дейтін Доспамбет жыраудың көксегені де Отан үшін, елдік үшін өмір сүру дегенді айтады.

«Екі арыстап жау шапса,

Оқ қылқандай шаншылса,

Қан жусандай егілсе,

Аққан судай төгілсе,

Бетегелі Сарыарқаның бойында

Соғысып өлген өкінбес!»

деп қорытады.

Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбеттер жырлаған еркіндік, алп-алп басқан азат рух Шалкиіз, Ақтамберді, Махамбеттерге ұласады. Бұқар жырауға көшкенде тіпті кемелденеді.

Осы Доспамбеттің бір-біріне жалғас, мүмкін көп жерлері елдің есінде қал­май ұмытылып кетсе де, құрастырушы Мұхтар Мағауиннің арқасында жеткен үлгі­­лердің өзі ұлттық таным мен зерденің тең­дессіз қазынасы.

«Тоғай, тоғай, тоғай су, тоғай қондым, өкінбен.

Толғамалы ала балта қолға алып, топ бастадым, өкінбен.

Туған айдай нұрланып, дулыға кидім, өкінбен.

Тобыршығы биік жай салып, дұшпан аттым, өкінбен.

Тоғынды сарты нар жегіп, көш түзедім, өкінбен.

Ту құйрығы бір тұтам тұлпар міндім, өкінбен.

Бұрын соңды өкінбен, өкінбестей болғанмын.

Ер Мамайдың алдында шаһид кештім, өкінбен!».

Көне замандардан жеткен осы мұра­да ғажайып сырлар мен ұлы емеуріндер бар. Яғни Доспамбет бұрыннан бері өкінбестей дәурен сүріп келе жатқанын айтады. Жырау мұнда қарақан басын ғана айтып тұрмағанын ескерсек. «Ертеден бері ел мен жердің егесі мен» деген кеуделі сөз зердені оятады. «Арғымақ міндім, өкінбен» дегенде, ат үстінде сері­лік дәурен сүріп, емін-еркін жүргенін қапер­легені өз алдына. Анығында, жырау күйкі тірлікке қамалмаған азаттықты айтып тұр: «Алғаш атқа қонып, адамзатқа үлгі болдым. Кеңістікке жол аштым» деген ұлы емеурін тұрғаны сезіледі осы екі жолда. Өйткені Доспамбет, Шал­киіз қатарлы бас­қа да жыраулардың жорық жырларын, дүниелік пайымдарын тағы бір зерделеп көрсеңіз, әлгіндей пікірде: «Дүниенің егесі біз, адамзатқа үлгі көрсетіп, кеңістікке жол аштық» деген­ді батыл айтады. Елдің, жұрттың азат­тық жолындағы күресін кеңінен тол­ғайды. Елдік орнамаған жерде, ерлік жаса­маған кезде азаттық болмайтынынан хабар береді. Басқасы басқа, халқының азат­тығы үшін шыбын жан құрбан, шаһид кешуге болады екен.

Біздің ұлттық таным мен рухтың, азат­тық туралы пайымымыздың күре­та­мы­ры сонау Күлтегін ескерткішіндегі жазу­лардан бастау алатын, керек болса Шыңғыс хан заңдар жинағынан тамыр тартатын «Бес ғасыр жырлайды» кітабындағы жыраулар поэзиясында. Сана мен рухтың алып бейнесі, ерлік пен елдік жолындағы батылдық, жаныңды қию, малыңды шашу тек ұрпақ үшін, болашақ үшін, ел мен жердің бүтіндігі мен тұтастығы үшін екен. Ұлттың даралық сипаты мен жұлын-жүйесінде бүлкілдеп қай­нап жатқан осындай негіздер бүгінгі азат­тыққа әкелді. Аспаннан түсе салған жоқ ештеңе. Мұның бәрі – жай тарих емес, тәуелсіздікті сақтау, баянды ету жо­лында әлі де кәдеге аса беретін тозбас құнды­лықтар.