Бабаларымыз Ұлы дала төсінде «ешкімге соқтықпай», «жерінің шетін жау баспасын деп, найзасына үкі тағып» (Қазыбек би), бейбіт өмір кешкен. Ұлан-ғайыр дала төсінде «басынан сөз асырмай», көшпелі өмірдің қызығын да көрген. Кейін ғой империялардың көзқұртына айналған қазыналы дала жұрты бодандық бұғауына түсіп қалғаны. Әуелі тең дәрежеде қарым-қатынас орнату туралы келісім болғанымен, Ресей империясы біртіндеп өзінің отарлық пиғылын іске асыруға кірісті.
Ресей империясы қазыналы аумақтың ұңғыл-шұңғылын қопарып, жергілікті халықты шөбі шүйгін, орманды, сулы-нулы алқаптардан ығыстырып, казактар мен қарашекпенділерді қаптатты. Жерден айырылу – елдіктен айырылудың басы екенін түсінген ерлер атқа қонды. Әділетсіздікке қашанғы төзеді? Исатай мен Махамбет, Сырым Датұлы, Кенесары, Амангелді батыр, Бекболат Әшекеев бастаған көтерілістер – осының дәлелі. Жазушы Мұхтар Мағауин айтатын азаттық үшін арпалысқан 300 жылға созылған күрес дегеніңіз осы.
Тарихында халқымыздың көрмеген құқайы, тартпаған азабы жоқ «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», Ресей империясы тұсындағы қанды айқастар – ғасырлар бойы қазақ жұртының басынан қауіп арылмағандығының нышаны. «Бар халықты теңдікке жеткіземіз» деген кеңес өкіметі де қазақ жұртын алапат қырғынға ұшыратып, ашаршылық, қуғын-сүргіннің кесірінен 6 миллион жанның тең жартысынан айырылдық. Жойылып кете жаздады, атажұртында 40 пайызға жетер-жетпес халге жеткен халық әйтеуір әупірімдеп аман қалды. Осылайша, жат жұртқа жамандығы жоқ Қазақ елі еңсесін қайта тіктеді. КСРО-ның іргесі ыдырап, одақтас республикалар қатарында егемендігін жариялады.
Шүкір, бүгінде төрткүл дүниенің тоғызыншы территориясын иемденіп отырған елді бүкіл әлем таниды. Шартараппен барыс-келіс орнығып, сауда-саттық дамып келеді. Әйтсе де, шикізат қоры мол мемлекетке қызығатындар да, жерінің кеңдігіне қызғана қарайтындар да бар. Сол себепті бүгінде «Өз-өзіңе берік бол, көршіңді ұры тұтпа» деген ұстанымға бекінуге мәжбүрміз.
Сателлит ел ешқашан сыбағаға жарымайтыны мәлім. Бұрынғы кездегідей империя-бодан жұрт формуласы болмағанымен, «қамқорлық жасау» арқылы «айтқанына көндіріп, айдауына жүргізуге» ұмтылатын мемлекеттер бар екені тағы белгілі. Көпвекторлы саясатқа көбірек иек артқанымызбен, қазір әлем күштілердің ыңғайына ауысып бара жатқандай. Сол себепті ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханның «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деген сөзіне ден қоюымызға тура келеді. Өйткені ұлтқа бостандықтан, азаттықтан асқан құндылық жоқ.
Ынтымақ демекші, қоғамда ынтымақ жайында, ел бірлігі туралы көп айтылады. Бірлік болғанға не жетсін. Әйтсе де, бірлік атаулы әділеттілікке тәуелді. Әділетсіздік жайлаған жерде бірліктің болуы неғайбіл. Әділетті билік – бірліктің басты барометрі. Олай болса, әділетті қоғам орнату жай ұран емес, нақты нәтиже арқылы жүзеге асуға тиіс. Әділеттілікті арқау еткен билікке қоғамның да ықыласы ауады. Ұлтының қолдауына сүйенген, сенімінен шыққан биліктің бағындырар асуы да асқақ болмақ.
«Қазір мен әлсізбін деп ешнәрседен таюға жарамайды. Әлсіздің әлді болуы, әлдінің әлсіз болуы осы заманда қиын емес. Жігер керек, қайрат керек. Күрестің аты – күрес, жыламаған балаға емшек бермейді» деген еді кезінде Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы. Тұп-тура осыдан бір ғасыр бұрын.
Күресу керек, елдің ертеңі үшін. Елдік тұғырын нығайту үшін.