С.Елемесов 1973 жылы 21 ақпанда ауысым шебері Жамбыл Ыбыраевпен бірге Жезқазған мыс зауытында алғашқы қара мыс алған конверторшы болатын. Ол Еңбек Қызыл Ту орденімен, ҚазКСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды, КСРО-ның Құрметті металлургі атанды, 2012 жылы өмірден озды. Жезқазған мыс зауытында қазір оның жолын балалары мен немерелері жалғастырып келеді.
Премьераны тамашалауға көрермендер көп жиналды. Халық қоюшы-режиссер – Теміржан Жанботаевтың драманы сәтті сахналай білгеніне және әртістердің, әсіресе бас кейіпкерді сомдаған актер Жәнібек Арыстанбековтің өнеріне ризашылық білдірді.
Қойылымға кеңесшілік жасаған Қазақстанның Құрметті металлургі, Қарағанды облысының және Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Төлеген Бүкіров кезінде С.Елемесовтің шәкірті болған.
– Осыдан 25 жыл бұрын мен техника ғылымының кандидаты атанғанымда, Сұлтекең мені жұмыс орныма арнайы іздеп келіп құттықтады. Қолында алтын сағаты бар екен, соны маған көрімдік ретінде сыйға тартқан еді, – деген естелігімен бөліскен Т.Бүкіров премьерадан соң елдің көз алдында араға ширек ғасыр салып, сол сағатты Сұлтанбек ағаның атасы еңбек еткен цехта жұмыс істейтін немересі Абзалдың қолына қайта тақты.
Араларынан шыққан майталман металлургтің өмірін арқау еткен театр ұжымын «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Жезқазғантүстімет өндірістік бірлестігінің бас директоры Жасұлан Байниязов пен Жезқазған мыс қорыту зауыты директоры Жасұлан Байниязов құттықтады.
Еңбек адамын дәріптеген драма алдағы уақытта театр репертуарынан тұрақты түрде орын алатын болады.
Жезқазған қаласы