Хоккей • 20 Желтоқсан, 2023

Бір матчта – 9 гол

229 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыс» кезекті турда да жеңіліс тауып, онсыз да қиын жағдайын одан әрі нашарлатып алды.

Бір матчта – 9 гол

Десек те бұл жолы жерлестеріміз жап-жақсы ойын өрнегін көрсетті. Уфеде «Салават Юлаевқа» қарсы өткен матчтың бірінші кезеңінде астаналықтар екі рет алға шықты. Бұл голдарды Понтус Оберг (9-минут) пен Энтони Камара (12-минут) соқты. Бірақ айдын иелері екі ретінде де есепті теңестіріп кетті. Үзілістен кейін «Салават Юлаевтың» ойыншылары қатарынан екі шайбаны қақпамызға тоғытты. Шиеленісті ойын үшінші кезеңде де жалғасын тапты. Алғашында Аркадий Шестаков (45-минут), арада біраз уақыт өткеннен кейін Евгений Рымарев (55-минут) мергендік танытты. Алайда тең есепті ұстап қалуға елордалық клубтың шама-шарқы жетпеді. Бәсекенің аяқталуына екі минуттан аса уақыт қалғанда Башқұртстанның хоккейшілері жеңіс голын салды. Есеп – 5:4.

Қазіргі кезде «Барыс» Подольскінің «Витязь» клубымен бірге көш соңында ке­леді. Екеуі де 41 ойыннан кейін 31 ұпай жиды. Өзінің келесі кездесуін астаналықтар бүгін Ниж­некамскіде «Нефтехимикке» қарсы өткізеді.