Әуелі әлеуметтік желіде жарияланған бейнебаяннан көргенбіз. Жақсы аулынан шыққан жолаушы түсіріпті. Атбасарға таяғанда жолдың қос қапталында жүздеген елік жосып жүр. Қарасы сондай көп. Әрине, Көкшетау даласы еліксіз емес, бұрын да болған, қазір де бар. Бірақ дәл мұндай үйір-үйірімен жосып жүргенін ешкім көзіне іліктірген жоқ шығар. Таза ауаға тәбетің ауып, орман-тоғайды аралай қалсаң, бірлі-жарымы жанарыңа ілігетін. Әдемі, тұңғиық көздерімен жасқана қарап, ит тұмсығы өтпейтін қалың орманның қойнауына сіңіп кетер еді. Бұл жолғысы, тіпті, ғаламат. Астығы жиналып алынған алқапта, ағаш баурында жосып жүр. Қара жолдың бойында тынымсыз ағылып жатқан көліктен де сескеніп, бой тасаламайды. Мұншалықты көп елік қайдан келді екен? Аң жайын білемін дейтіндердің айтуына қарағанда, іргедегі Сібірден ауған сыңайлы. Осы пікір қисынға келеді. Дәл қазір иен далада еліктің аузына іліге қоятын азық та жоқ. Сабанды шетелдік комбайндар уақтап үгіп, шашып тастаған. Даланың ерке аңы былай тұрсын, жылқы жарықтықтың да несібесі азайған.
Ақ қар жамылып, томаға-тұйық күй кешкен жалпақ жонда жан бағатын ырыздық таппады ма екен, елік байғұс ел ішіне еніп кетті. Алдымен Көкшетау қаласы мен Зеренді жақ беттегі саяжайлардың ішінен көзге іліккен. Келесі күні қаланың қақ ортасындағы демалыс паркінің маңынан табылды. Қопа көлін жағалай сірескен мұз үстінде әлденешеуі жүр. Қалай болған күнде де тағы емес пе, үркеді, әрине. Ауыл-ауылдың ішіне кірген елік атаулы итке жем болмасына кім кепіл? Табиғатқа, оның төл баласы елікке жаны ашитын ағайын шөп шашып, жем төксе екен дейсің де. Сөйтіп, қолындағы барымен бөліссе, түз тағысы тулақтай тозбай, тұяғын сақтап қалар ма еді, кім білсін? «Бір қысқа қоян терісі де шыдайды» дегендей, еліктің еркелігін көтеруге елдің елдігі де жетіп қалар. Шыбын жанын сақтаймын деп шырылдап ауыл аралаған кербез кескінді, жаутаңдаған жанарлы жан иесінің обалын арқалағанда не табамыз? Қанды ауызын қамдаған ашкөздерге елдегі ақсақал тәйт деп тыйым салса, тамаша болар еді.
Көкшетау