Егер 2017 жылы отандық тауарды шетелге сатудың жалпы көлемі салыстырмалы түрде небәрі 12% болса, қазір ол 6 % -ға өсіп, 18%-ды құрайды. Импорты да жыл санап 15,9%-дан 25,5%-ға дейін ұлғайған. Соңғы 6 жылда Қытайдың Қазақстан нарығындағы басты бәсекелесі Ресей болған. Қазіргі таңда Қазақстандағы Ресейдің экспорты мен импортының жалпы көлемі 18,9 млрд долларын құрап отыр. Сауда-саттық серіктестерінің үштігіне мұнай сатып алушы ретінде тізімге Италия да (11,7 млрд доллар) енген.
Қытайдың Қазақстанмен саудадағы тағы бір жоғары көрсеткіші – биылғы жылы тауардың импорты (11,3 млрд доллар) ақшалай есептегенде алғаш рет экспорттан (10,4 млрд доллар) асып түскендігі. Енді Қытай ең алдымен еліміз үшін жеткізуші, содан кейін ғана сатып алушы деуге болады. Қытайлық жеткізушілер былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 45%-ға өскен. Мұндай айтарлықтай өсім жеткізілімнің физикалық көлемі жағынан ғана 32,9%-ға көбейген. Кедендік статистиканың ұсынған мәліметіне қарағанда, Қытай компаниялары негізінен Қазақстаннан шикізат сатып алуға мүдделі болды, олардың көпшілігі осы жылы арзандаған. Мәселен, биыл қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Қазақстан Қытайға 4,4 млн тонна мұнай сатып, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1%-ға артық болған. Бұлардың қатарында газ, темір рудалары мен концентраттары және ферроқорытпалар да бар. Өткен жылдан бері Қазақстан Қытайға жоғары қосылған құны бар тауарларды, соның ішінде жылу бөлуші жинақтарды жеткізе бастады. Бұл уран түйіршіктерімен толтырылған атом электр стансаларына арналған құрылымдар. Бірегей өндіріс Шығыс Қазақстанда Қазатомөнеркәсіптің еншілес кәсіпорны – Үлбі металлургиялық зауытының базасында жұмыс істейді.
Таяуда ғана Қытай тарапының шақыруымен Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жұмыс сапарымен Қытайдың маңызды индустриялық, инновациялық, ғылыми және білім беру орталықтарының бірі саналатын Хэфэй қаласына (Аньхой провинциясы) барып қайтты. Ол Аньхой провинциясы партия комитетінің хатшысы Хань Цзюньмен және Аньхой провинциясы халық үкіметінің төрағасы Ван Цинсяньмен келіссөздер жүргізіп, онда сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі жандандырудың өзекті мәселелерін талқылады. Болашақта еліміздің аймақтары мен Аньхой провинциясы арасында гуманитарлық ынтымақтастықты орнату жоспары қойылған. Кездесу барысында «Astana Motors» ЖШС мен қытайлық Chery International Co., Ltd автомобиль өндірушілер арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат жоғарыда аталған негіздерге сәйкес, екі елдің кәсіпорындары арасында Алматы қаласының индустриалды аймағында автоиндустриалды паркті бірлесіп салуды және саладағы стратегиялық ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отыр.