Банк • 21 Желтоқсан, 2023

ЕДБ-ның пайдасын екшесек...

122 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін әлемдік тәжірибеге сүйеніп екі деңгейлі банк жүйесін таңдап алдық. Өйткені бұл жүйені өзге мемлекеттердің басым бөлігі қолданатын еді. Оның біріншісі – мемлекеттік мекеме құзырындағы Орталық банк болса, қалғандары екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) саналды. Бүгіндері еліміздің Бас қаржы реттеушісі – Ұлттық банк елдегі инфляцияны бәсеңдету, бағаның тұрақтылығын, ақша-кредит саясатын әзірлеп, төлем жүйесінің жұмысын, валюталық реттеу мен оны бақылауды жүзеге асырып отырған жайы бар.

ЕДБ-ның пайдасын екшесек...

Халыққа несие беретін, олардан депозит жинайтын, түрлі төлемдер жүргізетін өзімізге үйреншікті екінші деңгейлі банктердің  биылғы жылдың   он айындағы пайдасы 1,78 трлн теңгеге жетіп, былтырғы жылдың сәйкес ке­зе­ңі­мен салыстырғанда 53,8%-ға ар­тық шықты. Аталған банктер онды­ғын­дағы ең жақсы көрсеткіш Отбасы банкінде, бірден плюс 62,8%. Жыл ішінде 127,8 млрд теңгені құраған.

Өткен жылы осы банктің таза пай­­дасы 96 млрд теңгені құрап, өсім 46%-ға жеткен. Түрлі операциялар­ды қамтамасыз ететін қаржы нарығындағы бел­сенділігі бірқалыпты. Тиімді тұр­ғын үй құрылыс жинақ жүйесі және қолжетімді тұрғын үймен қамта­ма­сыз етудің жаңа мемлекеттік бағдар­ла­масы арқасында Отбасы банкі жұрт­шы­лықты қолдаудың маңызды инс­ти­тутына айналып отыр деуге болады. Бүгіндері Тұрғын үй құрылыс жи­­нақ жүйесіне қатысушылардың саны артып, банктің депозиттік базасы мен несиелеу көлемінің ұлғаюы жоғары табыстылық көрсеткіштерге жетуде. Аталған банк өткен жылы толық пайданың 70 па­йызын немесе 67,2 миллиард теңгені дивидент түрінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне аударған. Бұл – барлық «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ компаниялары арасындағы ең маңызды сома. Ал­дынғы жылы да бұл қаржы институты өзінің таза табысының шамамен 50 пайызын немесе 32,9 миллиард теңгені бас компанияға дивидендтер төлеуге бөлген.

Ал кірістік өсімі жағынан елдегі ірі банктер арасында Kaspi Bank екінші орында. Бір жыл ішінде – 33,8%, 390,9 млрд теңге. Үздік үштікті Еуразиялық банк 26,3%-бен қорытындылайды. Кіріс­тік өсім 97,2 млрд теңгені  құраған.

Пайыздық көрсеткіші төмен Халық банкі –25,2%, Jusan Bank – 24,1%, Bank RBK – 20,3% және ForteBank (10,7%) өсім көрсетті. Биыл бірде-бір қаржы институты ешқандай шығын көрсетпеді. Бір жыл бұрын екінші деңгейлі негізгі банктердің ішінде Береке банкі (отандық банктердің тобына кірген бұрынғы ресейлік Жинақ банкі) белгілі себептермен шығынға ұшыраған болатын. Алайда биыл қаржы инс­титуты өз орнын қалпына келтіріп, аз да болса 19,4 млрд теңге көлемінде пайда түсірді. ЕДБ арасында ең ірі банк са­налатын ЦентрКредит Банкі был­тыр­ғы жылмен салыстырғанда небәрі 115,1 млрд теңгеге төлем жасап, бір жыл бұрынғы көрсеткішінен бірден 13,9%-ға азайды.