Білім • 21 Желтоқсан, 2023

«Ұлттық қор – балаларға»: Білімге бағытталған инвестиция

254 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың қарашасында балаларға Ұлттық қордан қаржы төлеу туралы заңға қол қойды. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы 2024 жылдың 1 қаңтарынан жүзеге аса бастайды. 18 жасқа дейін жиналған қаражатты екі мақсатқа қолдануға болады. Соның бірі – білім алу.

«Ұлттық қор – балаларға»: Білімге бағытталған инвестиция

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Президент айтқандай, «Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді». Өйткені балалар кәмелеттік жасқа толғаннан кейін ақшаны болашағына инвестиция ретінде білім алуға немесе әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында баспана алуға ғана жұмсай алады. Мемлекет басшысы Жолдауында: «Ата заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды», деп атап өтті.

Жобаға еліміздің 18 жасқа толмаған барлық азаматы қатыса алады. Ата-ана­лар жинақ шотын ашу үшін жауапты мекемелерге барып, құжат жи­нау­дың қажеті жоқ. Себебі жұмыс жүйесі автоматтандырылған. Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, Ұлттық қор және қаржы секторы мәселелері жөніндегі өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазиновтің айтуынша, баланың құжаттарында еш­қандай қателік болмауы керек. «Ұлт­тық қор – балаларға» – Мемлекет бас­шысының жобасы. Бұл бағдарламаға қа­ты­су үшін ата-аналарға қандай да бір құжат тапсырудың қажеті жоқ. Тиісінше мемлекеттік органдарға жүгіну қажет емес. Ең бастысы, ба­ла­ларының дұрыс құжат алуына назар аударуы керек. Бала туған кезде берілетін құжаттың жеке сәйкестендіру нөмірі бо­йынша барлық мәлімет автоматты түрде алынып, бала осы бағдарламаға қатыса алады», деді ол.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріповтің айтуынша, «Қазпоштадан» бөлек екінші деңгейлі отандық 9 банк «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асыруға ниет білдірген. Келісімге қол қойып, қызметтерді біріктіруді жү­зеге асыру қажет. Салымшы іс жүзінде өзіне қолайлы банкті таңдай алады. Ал қаржының есепшотқа түсу тәртібіне сәйкес ақша жылына бір рет түсіп отырады. Яғни жыл соңында Ұлттық қордың табысы есептеліп, оның 50 пайызы балаларға теңдей бөлінеді. Әрбір жылдың 20 қаңтарына дейін балалардың тізімі жасалып, 31 қаңтарға дейін ақша шотқа аударылып отырады. Демек, 18 жасқа дейін қанша қаражат жиналатыны тікелей Ұлттық қордың табысына байланысты.

– Кәмелет жасына толған бала қара­жатты, біріншіден, тұрғын үй жағдайын жақсарту, екіншіден, оқу ақысын төлеу мақсатында пайдалана алады. Шоттардағы қаражаттың мақсатты пайдаланылуын сақтау үшін жобаның операторы ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры айқындалды. Сол оператордың арнау­лы порталы болады. Оның барлығы бағдарлама 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылғаннан кейін арнайы хабарланады, – дейді А.Ар­ғынғазинов.

Ел азаматы білім алу мақсатында қар­жыны мемлекеттік оқу орындарының оқу ақысын төлеуге ғана емес, шетелде оқыған жағдайда да оқу ақысын төлеуге пайдалана алады. Сондай-ақ мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне аударуға мүмкіндік беріледі. Қазіргі кезде азаматтарға жоғары білімді қолжетімді етудің қосымша тетігі ретінде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, жүйе аясында балаға арнайы шот ашылып, оған мемлекет 60 айлық есептік көрсеткіш (5 жастағы балаларға) мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын салады. Онда ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7 пайыз мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы және инвестициялық табыс қаражаты жиналатын болады. Айына 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ең төменгі жарна салынатын болса, бала 18 жасқа толғанша 3,3 млн теңгеден астам қаражат жиналады. Ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы, айына 3 айлық есептік көрсеткішке дейін жетсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинау мүмкін болады. Сонымен қатар жүйе аясында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау шаралары көзделген. Грантқа түскен жағдайда талапкер жиналған қа­ражатты тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.

– Егер де ата-ана өзінің баласына оқуға қажет деп қаражат жинайтын бол­са, «Келешек» жүйесінде, мысалы, қа­ра­жат жинаса, оны бала он сегізге тол­ған соң, Ұлттық қордың балаларға ар­налған қаражатымен біріктіруге болады. Қаражатты баланың оқу ақысын төлейтіндей жақсы мүмкіндіктер пайда болады. Жылдың соңына дейін бүкіл жұмыс аяқталады. Қазір мәліметтер базасының барлығын тексеріп жатырмыз. Осы жылдың басында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры әр балаға қандай сома аударылады, осы ақпараттың барлығын халыққа хабарлайды. Содан кейін қаңтар айында, ақпан айының басында қаражатты әр баланың жеке шотына аудару бойынша жұмыс жүргізіледі, – дейді Қаржы министрлігінің өкілі.

Ал бала әлеуметтік мақсатты таңдаса, баспананы тек ел аумағынан ғана ала алады. Сондай-ақ 18 жасқа дейін жиналған ақша Ұлттық қорда тек 10 жыл сақталады. Кейін зейнетақы қорына аударылады. Яғни зейнетақы есепшотын пайдалануға сәйкес қолдана алады немесе әрі қарай зейнеткерлікке шыққанда пайдаланса болады. Айта кетейік, осы уақыт аралығында жобаға қатысушы азаматтығын ауыстыр­ған жағдайда жиналған қаражат оған беріл­мейді. Ал кәмелетке толғанға дейін қайтадан Қазақстан азаматтығын алса, жаңадан жинақ шоты ашылады.