Қоғам • 21 Желтоқсан, 2023

Қаламның «Құты»

176 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітапханада ақын, бард, қоғам қай­рат­кері Қуаныш Мақсұтовтың «Құт» кітабының танысты­рылымы өтті. Елорданың зиялы қауым өкілдері, ақын-жазу­шылар мен кітапсүйер қалың оқырманның басын қосқан рухани жиында өлең туралы өрелі әңгіме өрбіді.

Қаламның «Құты»

Заманауи жетістіктер қол­данылған жаңа кітапқа ақын­ның поэзиясы, бардтық туындыла­ры, шансондары, авторлық әндері­нің мәтіндері және көсемсөз­де­рі топтастырылған. Нақтырақ айт­сақ, бірінші бөліміне поэ­зия, екіншісіне – бардтық, шан­сон­дық туындылары, үшінші бөлі­мі­не – қаламгердің ой-тол­ғам­да­ры, көсемсөз жазбалары жи­нақталған. Көпшілік оқырманға арналған жинақтың жаңалығы сол – «AlphaPrint» баспасынан шыққан кітапта көрсетілген QR-код арқылы автордың музыкалық туындыларын тыңдап, ақынның жеке YouTube арнасындағы ақпараттармен танысуға болады.

– Биыл 60 жасқа толған ме­рейтойымның аясында халқы­ма бір есеп бергім келді. Сөй­тіп өзімнің поэзиямды, бард­тық, шансондық туындыла­рым­ды, сонымен бірге елдік, ұлт­тың болашағы, заман туралы өзімнің ой-толғамдарым, көсемсөздерімді жинастырып, «Құтты» жарыққа шығардық. Екін­ші жағынан қазақтың кі­тап шығару жақсы дәстүрін жал­ғастырып, жаңа бір леп әкелуге ұмтылдым, – дейді автор.

апр

Кітап кешін ақын Серікзат Дүй­сенғазин тізгіндеп, жиынды ақын, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Ғалым Жай­лыбай ашып берді.

– Қуаныштың өлеңдегі жо­лы жазба поэзиядан басталған. ­Тіп­ті кезінде республикалық «Жі­гер» фестиваліне қатысып, лау­реат атанған болатын. Кейін айтыс­та да өз жолын қалыптастыр­ды. Мен Қуанышты үлкен интеллектуал ақын деп танимын. Аудармаларының өзі бір төбе, деп Ғалым Жайлыбай Қуаныш Мақсұтовтың ақындық қырын жоғары бағаласа, жазушы Әлібек Асқаров жарық көрген су жаңа кітаптың ерекшелігіне тоқталды: – Суретші болғаннан кейін кө­зіміз ең әуелі көркемдікке тү­седі ғой. Әр беті талғаммен без­ен­дірілген әдемі кітапты қуа­на қолымызға алып отырмыз. Формасы да, құрылымы да ерекше екен, – деді. Ал алаштанушы ғалым, профессор Айгүл Ісма­қова: – Қуаныш Мақсұтов Қа­рағанды облысының Ақтоғай деген қасиетті топырағында туған. Бұл өлке Әлихан Бөкейхан, Әлім­хан Ермеков, Жақып Ақ­баев сын­ды біртуарлардың ту­ған жері. Сондықтан болса керек, Қуа­ныштың да бойында сол бабаларынан дары­ған батыл­дық бар. Ол айтысы мен жазба поэ­­зиясынан да, бард­тары мен шан­сондарынан да ай­қын се­зіледі. Ақын сөз ар­қылы, сөз жетк­ізе алма­ған қоғам­ның ащы шын­дығын ән ар­қылы жеткізеді. Алты жасын­да Әлімхан Ермековтің алдына отырып, батасын ал­ған Қуаныштың басқаша мінез көр­сетуі мүмкін емес, – деп ақын­ның шығармашы­лық­та­ғы аза­маттық көзқарасы мен батыл бол­мысының астарына үңілді.

Сондай-ақ кітап танысты­ры­­лымында филология ғылым­да­рының докторы, профессор Амантай Шәріп, жазушы-пуб­лицист, мәдениет қайраткері Қа­йырбек Сәдуақасов, белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбай, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, тағы бас­қалар авторды жаңа туынды­сымен құттықтап, жылы лебі­зін жеткізді. Көп алдында қара гитарасын асынып шыққан Қуа­ныш Мақсұтов жиылған жұрт­шылыққа алғысын білдіріп, шан­сон стиліндегі өзінің «Қо­тыртай» әнін орындап берді. Маз­мұнды кездесу соңында автор­дың өнердегі аға-інісі – Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Амантай Жұмашев пен Ерлан Дәкенов «Ақтоғай вальсін» шырқап, көпшіліктің көңілін көтерді.

Ал кешке Музыкалық жас кө­рермен театрында Қуаныш Мақ­­сұтовтың «Мәңгілік мұң­ның әуені» атты поэтикалық-му­зыкалық қойылымы көрсетілді. Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтің режиссерлігімен қойылған туындыда жас көрермен театрының әртістері өнер көрсетті. Қойылым көрерменге поэзия мен музыка әлеміне саяхаттауға тамаша мүмкіндік сыйлады.