Абай – қазақтың соны сипаттағы ұлттық көркем әдебиетінің іргетасын негіздеумен қатар халқымыздың өзінен кейінгі дәуірдегі рухани-мәдени даму үдерісінің барша болмысы мен бағыт-бағдарын айқындап берген көшбасшы тұлға. Өзінің көркемдіктің шынайы қағидаларына негізделген, оқырмандарының санасына айналадағы өмірлік ақиқатты боямасыз әрі соншалық ұғынықты сіңіре білген терең философиялы мұралары арқылы ол ұлт руханиятының жандануына, қоғамдық-әлеуметтік ой-түсініктер мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер жүйесінің жаңғыруына, қоғамда заман талабына лайық білімді де парасатты, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» тәрізді қымбат қасиеттерді бойына жинаған толық адам қалыптастыруға тың серпін берді.
Халқының мұңы мен мұқтажын көзімен көріп, жүрегімен сезіне жүріп, ұлтының болашақ мақсаты мен мұратын қуатты жырмен бағдарлап өрнектеген Абай ақындық пен хакімдік дәрежеге бірден самғап шығып, ұлы тұлға атанған жоқ. Ол ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан бай мәдени қазынасынан нәр алды, Батыс пен Шығыстың классикалық мұраларынан сыр суырды. Бар асылын адамзаттың келешек өркендерінің игілігіне бағыттады. Өзі де айналасына талантты жас, талапты өрендерді топтастырды. Өнерге баулыды. Оқу-білімге ұмтылдырды. Жақсыдан үйренуді ұсынды. Сол арқылы ұстаздық дәрежеге көтерілді. Ұлы ұстаздың ұлағаты мол осынау ой-қазынасымен тыныстап келе жатқан екі ғасырдың жүзінде қазақ даласы сан тарау сынның тезінен сүрінбей өтіп, әлемдік қауымдастықтың тең дәрежелі тұлғаларының қатарында аса мәртебелі мінбелерден өз үнін жеткізе алатын еңселі елге айналды.
Ойшыл Абай «Білімдіден аяман сөздің майын...», деп өз жүрегінен шыққан барша асыл ойларын кейінгі ұрпақтарға аманаттай отырып, «Жүрегіңе сүңгі де, түбін ізде, Сонан тапқан – шын асыл» деп өзінен кейінгі ұрпақтарға халқының осынау терең де бай рухани қазынасын бағалай білуді нұсқады.
Ал хакім Абай ұсынған осы «шын асыл» деген не, қандай қазына? Абай жүрегінің түкпіріне ұялаған арман, ой әлемін мазалаған мақсат не еді? «Мақсұтым тіл ұстартып, өнер шашпақ, Наданның көзін жойып, көңілін ашпақ», – деп өзі айтқандай, жұртының санасын оятуға, көңіліне сәуле түсіруге қажет нендей асыл дүние? Бүгінгі қазақ қауымының, өскелең жастарының осынау асыл қазынаны бойына сіңіруі қаншалықты қажет?
Кезінде Абай бабамыздың жүрегін тыншытпай, «мыңмен жалғыз алыстырған» күрделі кезеңнің өзінен туындаған осынау сауалдарға жауап іздеу ойшыл ақынның туған халқы үшін атқарсам деген міндетін, жетсем деген мұратын айшықтап беретініне сөз жоқ. Түйіндеп айтқанда, ұлы Абайдың темірқазық жұлдыздай мызғымас арманы – қазақ жұртының білім-ғылымды меңгерген бақытты болашағы еді. Оған жетудің сара жолы адалдық пен әділдікке құрылған қоғам орнату, парасатты «толық адам» қалыптастыру, өркениетті ғылым-біліммен сусындаған жаңа ұрпақ тәрбиелеу болатын.
Абай арманының түп негізінде жатқан заман талаптарына лайық ұрпақ тәрбиесі тарихтың қай кезеңінде болсын аса маңызды мәселе болғаны да, болары да анық. Ал ақын өмір сүрген дәуірде бұл аса қиын іс еді. Ол кезең қазақ даласының әлі де оянбай марғау жатқан, айналадағы әлемдік өркениеттің сәулесін жете сезіне қоймаған, сауатсыздық етек алған заман болды. Мұндай тығырықтан шығудың бірден-бір түзу жолын Абай тәрізді озық ойлы тұлғалар ең алдымен қазақ ортасына білімнің шырағын жағу деп түсінді. Қазақ жерінің әр қиырында осы бағытта алғашқы қадамдар жасалды. Олар он тоғызыншы ғасырдың қырқыншы жылдарының басында Батыс өлкедегі Бөкей ордасында ағартушылықтың жылт еткен тұңғыш сәулесі – әйгілі Жәңгір ханның қазақ балаларына арнап ашқан тұңғыш мектебі, одан кейінгі Торғай топырағындағы Ыбырай бабамыз қалыптастырған білім мекемелері қазақ даласындағы білім ошақтарының алғашқы қарлығаштары болатын. Кеңбайтақ сахараны мекен еткен қазақ жұрты үшін бұл жеткіліксіз еді.
«Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі», – деп Абай айтқандай, қазақ жұртының оқу мен білімге деген көзқарасын жаңғыртып, құштарлығын ояту үшін ең алдымен қоғамның әрбір мүшесінің көкірек көзін ашу қажет еді. Абайдың шығармашылығы міне, осынау міндетті іс жүзіне асыруды мақсат еткен ақыл мен парасаттың пәрменді үні болды. Жүрек түкпірінде:
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре-тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім», деген ащы өкініші бар ақынның өзінің айналасындағы жұртына, туған халқына, соңына ілескен жас буын өкілдеріне айтары да, талап етері де, үміттенері де мол болды. Жанын жаралайтын, жүрегін сыздататын жайттар да аз емес еді.
«Әуелі – білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар деп іздемекке керек.» Ұстаз Абай «оқысам», «білсем» деген жанның бойында осындай нақты мақсат болғанын қалайды. «Я тілмаш, адвокат болсам» деп күйкі тіршіліктің қамынан аса алмайтын, санасы саяз оқығандардан халыққа келер пайданың жоқтығын айтады.
«Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» екен. Хакім Абайдың осы бір дана сөздерін ғылым мен білімнің соңында жүрген бүгінгі әрбір талапкер, азамат жастар үнемі жадында жаттап өссе қандай ғанибет!?
«Ғылым таппай мақтанба, Өнер таппай баптанба». Ұлы Абайдың осы бір дана ұлағаты қай заманда да, кім-кімге де міндетті өмірлік қағида екені анық. Әр адамның өмірден алатын өз орны болатыны ақиқат. Онсыз тиянағы жоқ адам тұрлаусыз күн кешетіні анық. Санаңда сәуле, жүрегіңде ақыл, бойыңда ғылым мен білімің болмаса сенің қоғамдағы орныңның құны қандай болмақ? Адам болам деген жанға қандай жайлардан алыс жүруді, қандай нәрсеге құмар болуды ескерте отырып, ақын Абай:
«Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз»,
деген жолдармен ғылым мен білімнің жолын қалайтын жастарға бағыт-бағдар береді. Бұл шумақтың астарында ұлы Абайдың үлкен ұлағаты жатыр. Бұл жолдар қандай да бір істі қолға алған жанның түпкі нәтижеге жетпей әлсіздік танытпауы, шолақ ойлап, құр еліктеуден аса алмай қалмауы, қашанда өз күшіне сенімді болуы қажеттігін ұқтырарлық қымбат сөздер екені даусыз.
Ойшыл Абай адам баласына қажет қымбат құндылықтардың қатарында ғылымға осылайша айрықша терең мән береді. «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен...» деген тұжырымында хакім бабамыз ғылымды ақылмен теңдей бағалайды, оны адамдықтың басты өлшемінің деңгейіне көтере сөйлейді. «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым» деп ғалымдықты хакімдіктің басты сипатына балайды.
Ғылым мен технологияның өркен жайған бүгінгі дәуірінде де бұл тұжырымдардың мазмұны одан әрі тереңдей түссе керек. Республика басшылығы, тиісті министрліктер тарапынан еліміздің экономикалық және мәдени-әлеуметтік өркендеуі жолында жоғары сапалы білімді меңгерген әрі әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті маман даярлау ісіне, жас ізденушілердің жоғары технологияға негізделген ғылыми бағыттарға, жаңашыл тақырыптарға баруына зор мүмкіндіктер жасалып отыр. Қазақстанның мәртебелі ғылым ордалары мен жоғары білім ошақтарында заманға сай ғылыми зерттеу жұмыстарына қажетті дәрежеде ден қойылуда. Инновациялық ізденістерге жол ашатын жаңа заманауи зертханалар мен ғылыми орталықтар қатары көбеюде.
Абай есімін иеленген ұлттық университетіміз де осы қатарда жоғары білім берудің сапасын көтеріп, білікті мамандар даярлаумен бірге оқу орнының ғылыми зерттеу бағытында да өзіндік бағдарын айқындауға күш салып келеді. Соңғы жылдары университет қабырғасында өмірге келген докторантурадан кейінгі білім (постдокторантура), зерттеуші-профессор институттарының пайда болуы осы бағыттағы жетістіктерімізді еселей түскені анық.
Бүгінде зерттеу университеті дәрежесіне үміткер болып отырған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің соңғы жылдардағы осындай ғылыми жетістіктері көңіл қуантады. Оқу орнында халықаралық рейтингілі басылымдардың тұрақты авторларына айналған жоғары дәрежелі ғалымдар қатары қалыптасты. Ғылымның түрлі салалары бойынша жүзеге асырылып жатқан ондаған іргелі жобалар негізінде маңызды монографиялар жарық көруде. Және де университет ғалымдарының үздік ғылыми жетістіктері бүгінгі таңдағы бакалавриат-магистратура-докторантура салалары бойынша қолданыстағы білім бағдарламаларының мазмұнын байытып, оқу үдерісінің сапасын көтеруге өлшеусіз үлес қосып келеді.
Студенттер мен магистранттардың ғылыми зерттеулеріне де кең жол ашылып отыр. Жыл сайын өтетін ғылыми конференцияларда жас ғалымдар өздерінің алғашқы қадамдарын сыннан өткізіп отырады. Жас ғалымдарды ынталандыру жүйесі қалыптасқан. Жыл сайын жас зерттеушілердің, студенттер мен магистранттардың ғылыми зерттеу еңбектері мен мақалаларының жинағын шығару дәстүрге айналған.
Әлемдік университеттер рейтингісін айқындауда оқу орындарының ғылыми әлеуетінің, сол саладағы жетістіктерінің биік рөл атқарып отыруы, білікті, жоғары сапалы маман даярлау ісіне қойылатын еңселі талаптардың өміршеңдігі кезінде ұлы Абай аңсаған «шын асыл» – шынайы ғылымның дәуірі туғанын аңғартса керек.
Үстіміздегі оқу жылы университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен білім алу мен ғылыми ізденістерді сабақтастыра отырып, биік көрсеткіштерге қол жеткізген үздік студенттер мен магистранттарға берілетін Абай атындағы арнайы стипендия тағайындалды. Рас, еліміздің түрлі деңгейдегі оқу орындарында беріліп жүрген атаулы стипендиялар аз емес. Сондай-ақ бір кезде студенттер арасындағы үздік оқитын озат жастар үшін Лениндік стипендиат атану қаншалықты жетістік деп саналғанын аға ұрпақ жақсы біледі.
Бүгінде ұлы Абай атындағы стипендияның мән-маңызы ерекше болуға тиіс. Олай дейтініміз – жыл сайын ондаған білім алушыға берілетін бұл стипендия қаржылық тұрғыдан алғандағы қомақты мөлшерімен ғана емес, ең алдымен жастарды ілгері ұмтылуға, мақсаткерлікке, көшбасшылыққа баулитын ішкі мазмұнымен ерекшеленетінін атап айту керек. Стипендиат мәртебесіне қол жеткізген әр студент, не магистрант өзінің ұлы Абайдың ұрпағы екенін, Абай өнегесінің мәңгілік ұлағатын терең сезінетін және мақтанатын болады. Абай атындағы мәртебелі стипендияның иесі атану Абай университетінің білім алушылары мен ертеңгі түлектері үшін айрықша мақтан тұтарлық ең биік тұғыр, бәрінен жоғары тұрар мерейлі мәртебе болатыны анық.
Хакім Абайдың есімі де, ұлағаты да осылайша бізбен бірге жасап келеді, мәңгі жасай бермек. Қазіргі таңда Абай университетінің стратегиялық даму жоспарының түп негізіне Абайдың «Толық адам» тұжырымының алынып отыруында да зор мән бар. Өйткені «Үш-ақ түрлі нәрсе – адамның қасиеті, Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», – деп ұлы бабамыз айтқандай, бойында қажымас ыстық қайраты бар, ақыл мен парасаты асқақ, жан-жүрегі кіршіксіз таза тұлға тәрбиелеу – Абай университетінің басты мұраты.
Ұлы ақынның талантты шәкірті, философ ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы кезінде «Ақылы дария Абайдан таусылмас қоры кен қалар» деген екен. Осынау алтыннан да қымбат қазынаның сарқылмас қорынан бүгінгі және ертеңгі ұрпақтар мәңгілік сусындай беретіні ақиқат.
Балтабай ӘБДІҒАЗИЕВ,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы