Тұрсын мырза, сонда абайтану ілімінің жаңа арнасы Бенкеге тәуелді болғаны ма? Бұл – масқара тұжырым. Қолында Құраны бар мұсылман, ойшыл Абайды мүлдем жат дін танымы мен түсінігіндегі Бенкеге тәуелді ету сау ақылға сия ма?
Эдуард Бенкені былай қойғанда, Шәкәрім қажы «Үш анық» деген еңбегінде «Батыста адасу Пифагордан басталған» деген тұжырымға келген.
Эдуард Бенке заманы – Еуропаның адасу заманы. Сіздер Освальд Шпенглердің «Еуропаның құлдырауы» (Закат Европы) деген еңбегімен таныссыздар ма?
Хакім Абай өзінің ізденіс арнасын тапқанын білмеуші ме едіңіздер?
Он үш жасар Абай:
Физули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Қожа Хафиз – бу һәммәси
Мәдәт бер я шағири фәрияд, – демеп пе еді?
Бүгінгі тек-тамырымыз бен бағыт-бағдарымыз айқындалған кезеңде «Абай ілімінің жаңа арнасы Еуропада, христиан әлемінде» деу нендей түсінікке, ұғымға жатады?
Енді «абайтану ілімінің жаңа арнасы Эдуард Бенкеден басталады» деп, Абайды білместерді адастырып, ұлт даналығын білгілеріңіз келмегендігін жария етіп отырсыздар.
Христиан ілімінің насихатшысы Эдуард Бенке кім? Мұсылман әлемінің ғұламасы Абай кім?
«Egemen Qazaqstan» басылымы пікірталас аясында болсын осындай білместік сөзді жариялаудан сақтанса екен.
P.S. Жан – Жаратушының құпиясы, әрі қазынасы. Жанды беруші де, алушы да – Алла Тағала. Еуропада жан туралы ешқашанда дұрыс бағытта тұжырым болған емес. Болмайды да. Себебі Еуропа – күрделі, айқыш-ұйқыш әлем. «Үш анықта» Жан туралы Шәкәрім нақты айтқан. Қайта оқыңыздар!
Тұрсын мырза, сіз философияның нендей білім саласы екенінен хабарсыз екенсіз. Айтайын, философия – Еуропада қалыптасқан материалистік, атеистік білім саласы.
Абай философияны білген, бірақ мойындамаған. Абай – хакім. Абай – ойшыл, дін жолындағы – мұсылман.
Ғарифолла Есім,
академик