ФОТО: aqmeshit-zhastary.kz
«Inno.Fest Qyzylorda» – «SmartСity», «Контент&Дизайн», «Кино&Видео» бағыттары бойынша 24 сағат ішінде идеядан прототипке дейін ІТ жоба әзірлеуді көздеген фестиваль. Онда жастар цифрлы сабақ жоспары, телефон алаяқтарынан қорғану, смарт туризм, «сөйлейтін» әліппе жобаларын ұсынды.
Фестиваль қатысушыларын бейнебайланыс арқылы құттықтаған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин «Inno.Fest» жастардың ізденісін ұлғайтып, қабілетін ашатын бірегей жоба екенін айтты. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Бәкіров аймақ басшысының ІТ саланың дамуына үлес қосып жүрген жастарға әрдайым қолдау білдіретінін айтып, дәл қазір біздің нарыққа креативті индустрияны қалыптастыратын азаматтар керегін атап өтті.
«Жақында ғана облыс әкімінің қолдауымен Қызылордада Сеул ғылым және технологиялар университетінің жасанды интеллект және жоғары математика мектебі ашылды. Енді біздің жастар жасанды интеллект саласындағы жаңашылдықтарды меңгеріп, Кореяда білімін жетілдіруге мүмкіндік алады. Сонымен бірге биыл «Inno.Fest» тарихында алғаш рет Астана ІТ университетінің гранты табысталды. Бұл – талапты жасқа үлкен қолдау», деді ол.
Фестивальда ІТ, медиа және киноиндустрия саласында жетістікке жеткен спикерлер шақырылып, олар жастармен шеберлік сағаттарын өткізіп, идеяларды бірлесе талқылады.
Байқауда 9 жоба үздік деп танылды. Оларға жалпы жүлде қоры 3 млн теңге болатын сыйақы үлестірілді. Бірінші орын алған командаларға – 500 000 теңгенің, екінші орынға – 300 000 теңгенің, ал үшінші орын тұғырына шыққандарға 200 000 теңгенің қаржылай сертификаттары табысталды. Одан бөлек, үздік шыққан жастарға Astana IT университетінің 3 оқу гранты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 3 оқу гранты, «Болашақ» университетінің 3 оқу гранты, Қызылорда Ашық университетінің 1 оқу гранты берілді. Көптеген қатысушы фестиваль серіктестерінің бағалы сыйлықтарын иеленді.
Байқаудың ең жас қатысушысы 6 жасар Нұрзерек Нұрадинов пен егде қатысушы
60 жастағы Мавлютхан Cаматовқа арнайы сыйлық табыс етілді. Жастар жобасы жүлде иеленген байқауды Қызылорда облысы әкімі аппаратының Ақпараттық технологиялар орталығы мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Kyzylorda Hub» бизнес-инкубаторы ұйымдастырды.
Қызылорда облысы