Әділетті әлеуметтік саясатты жүзеге асырудың заңнамалық тетіктерін бекіту – ең маңызды мәселе. Сол арқылы әлеуметтік саясаттың басты басымдығы ретінде адам капиталын қалыптастырып, дамыту ұсынылды. Бұл еліміздің креативті экономикасын өркендетудің негізгі факторы ретінде айқындалды. Әрине, адам капиталын дамыту – әлеуметтік саясаттың басты міндеті. Ал әлеуметтік саясат экономикалық өсімсіз мүмкін емес. Адами капиталды дамыту – экономикалық саясаттың міндеттерімен байланысты әлеуметтік саясаттың басым бағыты.
Әлеуметтік салада биыл шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Құжат аясында І топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасау уақыты зейнетақыны есептеу кезінде еңбек өтіліне ескерілетін болды. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдаудың жүйелі шаралары жүзеге асырылып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мүгедектігі бар азаматтарға 50 мыңнан астам қызмет пен техникалық құрал ұсынылған. Инклюзивті қоғамды дамыту үшін мүгедектігі бар азаматтардың өмір сапасын жақсарту және қоғамның тең мүшесі ретінде қолдаудың жүйелі шаралары қабылданып отыр. Айталық, әлеуметтік саладағы бұл жұмыстар жалғасын таба береді. Отбасының цифрлық картасын енгізу, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрі бойынша қызметтер проактивті форматта іске асырылады. «Әлеуметтік әмиян» пайдалануға енгізілді. Биыл он айда 37,8 млрд теңгеге 172,3 мың адам жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды. Бала күтіміне арналған төлем 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды. Бұл аналарымызға және демографиялық өсім үшін негізгі қолдау болып отыр. Мүгедектігі бар адамдар үшін және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы мөлшері тағы 14,5%-ға артты. Еңбек нарығында жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған 11 ұлттық жоба жүзеге асырылды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында жұмыссыздық мәселесін шешу көзделген. Бұл тәсіл ойдағыдай жүзеге асып жатқаны сол, биыл Үкімет 908,5 мың адамды жұмысқа орналастырды. Еліміздің барлық өңірлерінде әкімдіктер жас кадрлар үшін жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін тиісті өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекітті. Басты ерекшелігі – мемлекет өңірлердегі жұмыс орындарын субсидиялайды. Бұл жұмыс берушілердің азаматтарды жұмысқа белсенді қабылдауына септігін тигізеді. Өйткені олар жергілікті бюджеттен қосымша қаражат алады, ал үнемделген ақша өз бизнесін одан әрі дамытуға жұмсалады.
Азаматтарды жұмысқа орналастыру еңбек нарығын сараптамалық талдау арқылы жүргізіледі. Бұл бағытта алдыңғы кезекте құзыреттер мен кәсіби дағдыларға сәйкес кадрлар даярлауға назар аударылып отыр. Осылайша, оқу ұйымдарының білім беру бағдарламаларына имплементациялау үшін еңбек ресурстарын дамытып, жұмыс берушілердің негізгі сұраныстарын анықтау қолға алынып келеді. Кадрлар тәлімгермен жұмыс орнында кәсіптік оқытуды жалғастырады. Бұдан басқа «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша және электрондық еңбек биржасында онлайн оқыту бар. Бір жыл ішінде барлық тетіктерді пайдаланудың нәтижесінде 156,8 мың адам қамтылды. Уақытша және жаппай жұмыс орындарын құруға да көңіл бөлініп, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» жобалары жемісін беріп жатыр. Бұл еңбек құндылықтарын дәріптеуге, еңбекке араласатын адамдардың бастапқы кезеңде түрлі кедергілерді еңсеруіне көмектеседі. Сондай-ақ мемлекеттік органдар халықтың әлеуметтік осал топтағы азаматтарға мемлекеттік гранттар беру арқылы өз бизнесін ашу үшін жағдай туғызды. Биыл 9,1 мың адам осы көмек арқылы стартаптарын іске асыруға қаражат алды. Жеке бизнесін ашу үшін мемлекет 400 карталық АЕК мөлшерінде грант бөлді. Еңбек нарығын дамытып, жаңа жұмыс орындарын құру біліктілікті, дайындықты, тәжірибені талап етеді. Еңбек нарығының сұранысына дайын болу үшін «Кәсіптік біліктілік туралы» заң қабылданды. Құжатқа сәйкес алғаш рет ұлттық біліктілік жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл мамандардың кәсіптік біліктілігін тану үдерісін жүйелеуге мүмкіндік береді. Кәсіптік стандарттарды салалық мемлекеттік органдар салалық кеңестермен және уәкілетті органмен, яғни Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің келісімі бойынша бекітетінін атап өту өзекті.
Екіншіден, мамандардың дағдылары мен шеберліктерін тану туралы сертификаттар беретін біліктілікті тану орталықтары жетілдіріледі. Мұндай орталықтарға аккредиттеуді Еңбек министрлігімен келісім бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізеді. Егер заңнама бұзылған жағдайда кәсіпкерлік палатасы мен тану орталықтарына жауапкершілік көзделген. Айта кететін дүние, кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өту кезінде мүгедектігі бар адамдар үшін қажетті жағдайлар жасау қарастырылады. Сондай-ақ жұмыс берушілер тартатын шетелдік жұмыс күшінің білім деңгейі және практикалық жұмыс тәжірибесі біліктілік талаптарына сай болуға тиіс.
Үшіншіден, кәсіптік біліктілікті тану міндетті және ерікті негізде жүзеге асырылады. Оның тәртібі салалық заңнамамен, рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңнамамен реттеледі.
Төртіншіден, кәсіптік біліктілік пен дағдыларды танудың ваучерлік-модульдік жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Ол жұмыссыз адамдарға кәсіптік біліктілігін тану үшін жылына бір рет бірреттік ваучерді тегін алуға мүмкіндік береді.
Бесіншіден, алғаш рет бейформалды және ақпараттық білім беруді сертификаттау арқылы тану мүмкіндігі ұсынылды. Мұндай білім беру нәтижелерін сертификаттау жұмыс күшінің мобильділігіне, азаматтардың шығыстарын оңтайландыруға, еңбек нарығының бәсекелестігін арттыруға, сондай-ақ жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етпек. Ең бастысы, мамандардың құзыретіне қойылатын талапқа сәйкес еңбек нарығының кәсіптік-біліктілік құрылымын жетілдіруге, олардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар халқымыздың саны 20 миллионға жеткен күні Мемлекет басшысы «Ұлттық қор – балаларға» бағытталған заңға қол қойды. Бұл – Президентіміздің сайлауалды бағдарламасында көрсетілген негізгі бастаманың бірі. 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы жас жеткіншектердің арнаулы есеп-шотына аударылады. Балалар 18 жасқа толған соң жиналған қаражатты тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға жұмсайды.
Әлеуметтік саясаттың мақсаты – азаматтардың табысын арттыру. Ең бастысы, әлеуметтік әл-ауқаттың құрамдас бөліктері болып табылатын адам капиталын дамыту және білім, денсаулық, еқбек нарығында тең мүмкіндіктерді қарастыруға жұмыс істеуге тиіс. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы нақты әлеуметтік маңызға ие. Оның нәтижелері адам капиталын дамытуға, азаматтарды әлеуметтік қолдауға бағытталған.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Мәжіліс депутаты,
«Amanat» фракциясы
жетекшісінің орынбасары