Қоғам • 22 Желтоқсан, 2023

Алматыда студенттік жатақхана мен орталық стадион пайдалануға берілді

260 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде күрделі жөндеуден өткен №3 студенттік жатақхана мен оқу орнындағы орталық стадион пайдалануға берілді.

Алматыда студенттік жатақхана мен орталық стадион пайдалануға берілді

Суреттерді түсірген Ю. Беккер

Іс-шараға Қазақстан футболының ардагер тұлғасы Құралбек Ордабаев, Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов, 1-ші жартылай орта салмақтағы IBO бокстан әлем чемпионы Жанқош Тұраров, инвестор компаниялар мен ЖОО басшылығы, оқытушылар, студенттер қатысты.

Университеттің Басқарма төрағасы-ректор, ҰҒА вице-президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта жеке қолға өтіп кеткен университет активтерін кері қайтару жұмыстары жалғасуда. Мысалы, №6 студенттік жатақхана биыл тұрғын үй қорына қайтарылып, 280 студент баспаналы болды. Кезінде «Шаһ» мейрамханасы мен офис ретінде жеке кәсіпкер пайдаланып келген №3 студенттік жатақхана да кері қайтарылып, толықтай күрделі жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа университеттің бюджетінен 160 млн теңгеге жуық қаражат бөлініп отыр. Мұндай ауқымды жөндеу жұмыстары соңғы 20 жылда жүргізілмеген. «Ритм Строй ЭК» ЖШС  қолдауымен жатақхананың сыртқы жағы және ішкі бөлмелер, ас үйлер мен дәліздер, тазалық орындары жаңаша дизайнмен өрнектелді, қажетті жиһаздар, мұздатқыштар, кір жуғыш машиналары мен газ плиткалары қойылды. Нәтижесінде заманауи жабдықталған 200 бөлмеге студенттер, 100 бөлмеге магистранттар мен жас ғалымдар орналасты.

Р

Тағы бір жағымды жаңалық – «Қазақ-Строй» ЖШС-мен ынтымақтастық шарт негізінде 9 қабатты, 450 орындық жаңа студенттік жатақхананың құрылысы басталды. Оған тартылған инвестиция көлемі 2,3 млрд теңгеден асады. Жатақхана қасынан студенттер үшін Медициналық орталық тұрғызу да жоспарда тұр. Ал жаңартылған Орталық стадионға ынтымақтастық негізде «Аtlant Systems» ЖШС тарапынан 130 млн теңге тартылып, жалпы құрылысын «Korkeм» ЖК жүргізген болатын.

П

Осындай нақты істердің нәтижесінде ҚазҰАЗУ Алматы қаласында өз студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен бірден-бір университет атанып отыр. Бүгінде университет құрамына 6 ірі ҒЗИ мен бір тәжірибелік шаруашылық кіреді. ҚазҰАЗУ әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының тәжірибесіне сәйкес, ғылым – білім – өндіріс (яғни, зертхана – аудитория – тәжірибелік шаруашылық) жүйесі енгізіліп, тиімділігін көрсетіп келеді.

ҚазҰАЗУ базасында «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ұлттық зерттеу университетінің су шаруашылығы мамандарын даярлау жөніндегі филиалы ашылып, 7 шетел жоғары оқу орындарымен екі диплом алу бағдарламасы енді. Мысалы, Варшава Жаратылыстану ғылымдары университетімен (Польша) «IT-технологияларды қолдану арқылы су ресурстарын басқару» магистратура бағдарламасы бойынша соңғы үш жыл қатарынан түлектер шығарылды. Сондай-ақ Қытай ауылшаруашылығы университетімен, Литва денсаулық ғылымдары университетімен екі дипломдық мәселені заңдастыру ісі қолға алынып жатыр.

 

АЛМАТЫ