Аталған командалардың екеуінің де қазіргі жағдайы мүшкіл. Қоржынында небәрі 31 ұпайы бар «Барыс» ҚХЛ-дың тұрақты біріншілігінің жарыс кестесінде ең соңғы орынға тұрақтаса, 32 ұпайды еншілеген «Сочи» жерлестерімізден небәрі екі саты ғана жоғары тұр. «Қауіпті аймақтан» шығу үшін қос команда әбден жанталасты. Негізгі уақытта олар бір-бірін ала алмады. Бәсеке басталған бетте Джереми Бракко қонақтарды алға шығарса, Энтони Камара лезде есепті теңестірді – 1:1 Үзілістен кейін Давид Скленичка жергілікті жанкүйелерді қуантса, арада екі минут өткенде Кирилл Рассказов мергендік танытты – 2:2. Үшінші кезеңде қақпаға бірде-бір шайба енбеді. Ал овертаймда Аркадий Шестаков соққан гол астаналықтарға жеңіс сыйлады – 3:2.