Құқық • 25 Желтоқсан, 2023

Бала құқына қатысты заң

112 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшесі, адамның жеке тұлға ретінде қадір-қасиетін және адами құндылықтар мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету қағидатын қоса алғанда, аталған ұйымның Жарғысында бекітілген мақсаттар мен қағидаттарды таниды.

Бала құқына қатысты заң

Мемлекет басшысы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды мемлекеттік саясатты іске асыру барысындағы негізгі басым­дық­тардың бірі ретінде айқындады. Бала құқықтарына арналған нормалар ел заңнамасында алғаш рет «Неке және отбасы туралы» заңының қабылдануымен пайда болды. Бала­лар­дың құқықтарына арналған жеке тарауды заңға енгізу оларды заң­намалық қорғау жолындағы маңызды қа­дам болды.

2002 жылы елімізде «Қазақстан Республикасындағы Баланың құқық­тары туралы» заң қабылданып, ол баланың Конституциямызда кепілдiк берiлген негiзгi құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруға байланысты туындайтын қатынастарды реттейдi. Балалардың құқықтарын қорғау са­ла­сындағы заңнаманы жетілдіру, олар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту, ба­ла­ларға қаты­гездік фактілеріне уақ­тылы ден қою, буллингке қарсы кү­рес бойынша тұ­рақты жұмыс жүр­гі­зіліп келеді.

Осы факультативтік хаттаманы ратификациялау – бала құқықтарын одан әрі заңнамалық нығайтуға елеу­лі қадам. Бұл заң Парламент Сена­ты­ның Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті отырысында сала­лық министрліктермен бірлесіп жан-жақты қаралды. Атап айтқанда, Бала құқықтары туралы конвенцияны еліміз 1994 жылғы маусымда ратификациялады және осы саладағы негізгі халықаралық-құқықтық құжат болып есептеледі.

Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Бала құқықтары тура­лы конвенцияның хабарламалар рәсіміне қатысты Факультативтік хаттамасына қосылу туралы шаралар қабылдауды Үкіметке тапсырған болатын. Президент Жарлығына сәйкес биыл 7 ақпанда еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы тұрақты өкілі Бала құқықтары туралы конвенциясының хабарламалар рәсіміне қатысып Факультативтік хаттамасына қол қойды.

Құжат Бала құқықтары туралы конвенцияда және Балалардың қа­рулы жанжалдарға қатысуына байланысты, Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына қатысты екі Факультативтік хаттамада көзделген бала құқықтарының бұзылуы туралы шағымдарды қабылдау және қарауға өкі­леттік береді. Факультативтік хат­тамаға сәйкес егер балалар не олар­дың өкілдері, еліміздегі барлық дең­гей­дегі соттарда қаралып, шыққан ше­шіммен келіспесе, Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның Бала құқықтары жөніндегі коми­те­тіне өз құқықтарының бұзылуы туралы шағымдар түсіре алады.

Факультативтік хаттама хабарламаларды қараудың екі рәсімін қа­рас­тырады, олар – жеке және мем­лекетаралық хабарламалар. Бала құ­қықтары жөніндегі комитет­тен ке­ліп түскен сұраулар мен пайым­дау­л­ардың қаралу тәртібі Бас про­ку­ратура, Әділет және Сыртқы істер министрліктерінің бірлескен бұй­ры­ғымен нақты регламенттелген.

Балалар мәселелері әрқашан ерек­­­­­­ше назар аударуды қажет етеді, олардың құқықтары мен бос­­тан­дықтарын қам­та­масыз ету бас­ты міндетіміздің бірі еке­нін атап өткім келеді. Осыған орай, сала­лық мем­ле­кет­тік органдар нақ­ты мә­селелерді мемлекет пен қо­ғам ресурс­тарын не­ғұрлым өзекті бағыттарда, әсіресе ба­ла­лар құқық­тарының бұ­зылуының алдын алуға аса назар ауда­ру­ға тиіс.

Әлемнің қай елінде болса да, бала­ларымыздың кез келген құқы­ғының бұзылуына көз жұма қара­май, жағдайды үнемі қа­да­ғалап, жедел әрекет ету қажет. Үшін­ші фа­куль­та­тив­тік хаттаманы ратифика­циялау арқылы біз балалар құ­қықтары мен бостандықтарын қор­ғау бағытында тағы бір маңызды қадам жасаймыз деп сенімдімін.

«Бала құқықтары туралы конвен­цияға хабарлар рәсіміне қатысты фа­культативтік хаттаманы ратифи­ка­ция­лау туралы» заңында көздел­ген балалар құқықтары мен бостан­дықтарын қорғауды орнықты дамы­туға бағытталған деп толықтай айтуға болады.

 

Талғат ЖҮНІСОВ,

Сенат депутаты