Биылғы маусым жерлестеріміз үшін табысты болғаны анық. Олай деуге негіз – Қазақстанның ұлттық құрамасы топтық турнирден іркілмей өтіп, келесі жылы Өзбекстанда шымылдығы түрілетін әлем чемпионатының жолдамасына иелік етті. Бір кереметі, аталған жарыста біздің жігіттер Нидерланд, Румыния және Әзербайжанды екі қайтара ұтып, 100 пайыздық көрсеткішке ие болды. Қазіргі кезде Қазақстан (1 612 ұпай) үздіктер тізімінде жетінші орынды иеленген. Бізден кейінгі сатыларға Иран (1 600), Парагвай (1 499), Италия (1 440) және Украина (1 433) жайғасты.
Әлемдік рейтингті Бразилия құрамасы (1 837) жеке-дара бастап тұр. Екінші және үшінші орындарды Испания (1 785) мен Португалия (1 745) бөлісіп тұр. Төртінші және бесінші сатыға Аргентина (1 741) мен Ресей (1 700) тұрақтады.