Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тумасы былтырғы маусымда дәл осы жарыстың ақтық сынына дейін алқынбай жетіп, шешуші тұста ресейлік Эдуард Вартаняннан ойсырай ұтылған еді. «Спартак» деген жанама есімді иеленген жерлесіміз биыл ширек финалдан аса алмады. Бұл межеде Резников Кабардино-Балкарияның өкілі Әли Баговпен айқасты. Бірінші раундта ол жап-жақсы өнер көрсеткенімен, одан кейін тізгінді қарсыласына толықтай беріп қойды. Беті қанға боялған Артемнің шарасыз күйін көрген төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.
Артем Резников үшін бұл – аралас жекпе-жектегі жетінші жеңілісі. Осыған дейін ол 24 бәсекеде басымдық танытқан. Ал 43 рет октагонға шыққан Әли Баговтың 32 мәрте мерейі үстем болды.