Ән • 25 Желтоқсан, 2023

«Кеш мені»

169 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көкжиектегі бұлттай көшкен жылдар тізбегіне көз тастағанда ондаған ойдың құрсауында қалатынымыз бар. Бірде деректі, бірде дерексіз дүниелер сананы сан саққа жүгіртеді. Өткенге қарайлап отырып, тұңғиыққа батасың, кіршіксіз кісінің көңіліне сиядай немесе қылаудай болсын дақ түсірдім бе деп те ойға шомасың.

«Кеш мені»

Адам жаны – нәзік құбылыс. Қисынсыз сөзбен де кісінің жанын жаралау қиын емес. Тән жарасын емдеу оңай болғанымен, жан жарасына шипа табу кейде қиынға түсіп жататыны ақиқат. Көз алдыңда жүрген адамның көзге көрінбейтін қалтарыс-бұлтарысқа толы қыры да аз емес. Оны түсініп болмайсың. Әредік «біз ренжіткен адам аз ба, көп пе?» деген сауал да көкейде атой салып тұрып алады.

Кейде көп сөзден гөрі әсерлі әннің ырғағы жү­рекке жылы тиіп жататыны бар. Астарында терең мән тұнған шығарма біздің көкейімізде тұрған, алқымымызға тығылған көп сөзді аз шумақпен жет­кізгенде шынында да разы боласың. Сөзден гөрі ырғақтың құдіреті басым ба деп топшылайсың және соған илана түсесің. Әйтеуір сол бір тамаша әннің иірім-қайырымына елітесің. Сен үшін композитордың жүрегін жарып шыққан шығарма сөйлеп тұрғандай болады да тұрады.

Көпшілік жұртты әуелі айтыс, кейіннен «Жігіт­тер» квартеті арқылы өнеріне тәнті еткен Еркін Нұржановтың дауысын тыңдармандары жазбай танитыны ақиқат. Өйткені ол сөз өнерінің құдіретін жан жүрегімен түсінетін әнші екеніне ешкімнің дауы жоқ. Қандай әнді шырқаса да, шығарманың болмысын, ажарын аша түседі, табиғатынан алыстамайды. Сонысымен көпшіліктің жүрегінен ойып тұрып орын алады. Сүйегіне сөз қонған талант иесі сол қасиеттері арқылы да ел алдындағы сүйкімін жоғалтпайтыны ­даусыз ғой. Не десек те, саф өнерді бағалайтын халық оны талғампаздығы үшін жақсы көреді. Жеңіл-желпі дүниеден іргесін әрдайым аулақ ұстайтыны үшін ұнатады десек, қателеспеспіз.

Композитор Жарылқасын Дәулеттің әндері талай жүректің төрінен орын алғанына талас жоқ. Тың­дарманның құлақ құрышын қандырған шығармалары еліміздің эстрадасында жүрген мықты әншілердің орындауы арқылы да танылды. Әсіресе өнерсүйер қауымды түрлі ойдың жетегіне ерткен «Кеш мені» әні Еркін Нұржановтың шырқауында әннен мән іздейтін жұртты тәнті еткеніне ешкімнің дауы жоқ шығар. Қалай десек те, біраз жыл бұрын жазылған бұл шығарма көптің көңіліне қонғаны ақиқат. Содан да болар, әдемі әнді әлі күнге дейін ұмытпаймыз.

Дәл осы «Кеш мені» әні біз айтқымыз келетін, бірақ айта алмай жүрген талай сөзді ән тілінде сөйлетіп тұрғандай күй кештіреді. Кейде біздің өркөкіректігіміз үшін осы ән талай адамнан кешірім сұрап тұрғандай болады. Әйтеуір тереңдігімен өзіне тарта түседі. Мұны енді композитордың шеберлігі демеске лаж жоқ.

«Сүрінген құлагер ем, жылаған жанын қоса,

Алдыңда тұра берем, не керек бәрін жаса.

Жанымды қашқан жігер түйіп ап орамалға,

Тереңге тастап жібер, соңғы рет қарап ал да»,

деп басталатын әннің алғашқы шумағының өзі адам санасына салмақ салатыны ақиқат. Мұнда өзекті өртейтін әлдебір өкініштің табы тұрғандай сезіледі... Сол өкініш әрбіріміздің кеудемізде жүр­ген жоқ па екен?

Жанын жабырқатқан жалғыздықтан қажыған кісінің көңіліндегі сезім шеруінде беймәлім бір драманың үні бар ма дерсің. Бір анығы, ұлы сезім алдында дәрменсіздік күй кешкен автордың жан арпалысы, көңіл түкпіріндегі мехнаты мен өкініші, бәлкім біз білмейтін азабы әншінің дауысы арқылы аза бойыңды қаза қылғандай болады. Баяу әннің ырғағынан терең күрсіністің үнін естігендей сезімде болатының анық. Аралас ойлар жүрек төріндегі түрлі ойды қозғайды, толғандырады. Тереңдігімен тұңғиығына тарта түседі...

«Өр кеуде жанды биік, көндіріп мазағыңа,

Жатайын мәңгі күйіп, сен тартқан азабыңа.

Дүние кең шағында не кірді арамызға,

Осынау жер шарында екеуміз ғанамыз ба?

 

Бұрқанса байыпты күн дауылын шегерер ме?

Алдыңда айыптымын, жаным-ау, сөге берме.

Жарқ етсе сөнген ізгі ой, жойылар өкпе-нала,

Бәріміз пендеміз ғой, періште көкте ғана»,

деп түйінделетін екі шумақ та адамды түрлі ойға батыратыны анық.

Қалай десек те, «Кеш мені» әні аты айтып тұр­ғандай адам баласын ізгілікке шақырып тұр. Әнге композитор көңілін тербеген ұлы махаббаттың арқау болғанына ешқандай күмән жоқ. Көңілде қалған кірбіңді әні арқылы тазартқысы келеді. Шығармасы арқылы шынайы сезімді биік қойып, кешірім сұрайды. Сонысымен де ретроға айнала бастаған ән көңілден көшпейді, жүректен өшпейді.