«Алаш» не сөз?» мақаласымен тарихи жадымызға қан жүгірткен ғұлама ғасырлар тоғысындағы аласапыранда азаттықтың адастырмас жолында тер төкті. «Құлағанды көтеру – адамшылықтың белгісі! Сұлағанды көтеру – ағайыншылықтың белгісі!» («Екі дәуір») – деген байрақты сөзімен қаймана жұртын жаттың езгісінен арылтудағы күрескерлік ұстанымынан танбады. Қашанда ақ сөйлеп, «Қазақ-қырғыз жұртының бұрын көрген жауыздықтарының ең үлкені – отаршылдық...» (Азаттықтың жолы осы) болғанын, «...Жел жақты күзету қолдан кеткенін» («Екі дәуір») ашық айтты. «Әлеуметшіліксіз қазақта ұлт тіршілігі, ұлт мемлекеті болу мүмкін еместігін» («Аламан») тереңнен екшеп, қазақ қауымының қордаланған толғақты мәселелерін заман талабына сай шешудегі келелі істерге темірқазық болды.
Қоғамдық қызметін Қазақ конституциялық-демократтық партиясының құрамында бастаған ол Орал облыстық қазақ съезіне, Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысады. «Елдің қимылын жолға салып, ұйымдастырып отыратын көсем керек» («Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат»), «Қанат, құйрық болмай, сүйеуші тіреу болмай жұмыс көркеймейді» («Қазақ-қырғыз білім кәмисиесінен») деп, кемел істердің көшбасынан табылды. Ұлт-азаттық Алаш қозғалысына ұйытқы болып, «Алаш» партиясын құрудағы қажыр-қайратымен ел құрметіне бөленді. Бірінші, Екінші Жалпы-қазақ съездеріне қатысып, Алашорда үкіметінің құрамына сайланды.
Санкт-Петербург императорлық әскери-медициналық академиясында білім алған кәсіби дәрігер ұлт саулығын сақтауда аянбай тер төкті. Денсаулық сақтау саласында ана тілімізде алғашқы оқулықтар жазуды қолға алды. «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік – сүзек», «Жұқпалы ауру хақында», «Шума қандай ауру?», «Жұқпалы аурулар», т.б мақалалары, «Шәкірттер саулығын сақтау», «Как бороться с чумой среди киргизского народа («Практическое руководство для работающих на чумной эпидемии»). 2-ое издание» еңбектерімен отандық медицинаға үлес қосты.
Қазақ ғылымының әр тарапта дамуына ерен еңбек атқарған ағартушы «Табиғаттану. І бөлім» (1922), «Жануарлар. І бөлім. Сүйектілер хақында» (1922), «Жануарлар. ІІ бөлім» (1922. 1926), «Жануарлар. ІІІ бөлім» (1926), «Зоология» (1922), «Адамның тән тірлігі» (1927), «Оқушылардың саулығын сақтау» (1925) атты ана тілімізде жаратылыстану ғылымынан тұңғыш оқулықтарын шығарды. Қазақ тілінде ғылыми терминология қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосты.
Аталған еңбектер сол кездегі мерзімді басылымдардағы рецензияларда лайықты бағаланды. «Ақ жол» газетінің «Жаңа кітаптар», «Табиғатпен танысу керек» редакциялық мақалаларының арқауын Халел оқулықтарының құндылығы құрады. Ж.Аймауытұлының «Оқушының саулығын сақтау», «Сыр баласының» «Кітап жазушылар туралы» рецензияларында оқулықтар мазмұнына, ғылыми құрылымына салиқалы ойлар айтылды.
«Өз еліміздің өткен-кеткені туралы, басынан кешкен дәуірлері туралы бұрынғы, осы күнгі мекендері туралы қолдан келгенше толық мағлұмат беру, ата-бабаларымыздың істерімен танысып, еткен жаңылыстарына күйініп, жақсылықтарына сүйініп, ғибрат алмақ – адамға сана береді» («Қазақ-қырғыз білім кәмисиесінен»). Міне, реформатордың Түркістан Республикасы Халық ағарту комиссариаты жанындағы Қазақ ғылым, білім комиссиясы, Мемлекеттік ғылыми кеңестің төрағасы қызметтерінде жүріп ұлттық санамызды жаңғыртуда атқарған соны қадамдары сүйсіндіреді. Халық ауыз әдебиетінің асыл үлгілері мен этнографиялық құнды материалдар жинау, Алаш оқулықтарын дайындап, баспаға ұсыну, оқу үрдісіне қажетті ғылыми аудармалар жасау, қазақ тілінің сөздігін түзу өзге де кемел істердің жүзеге асырылуы оңай болған жоқ. Қайраткердің 1921 жылдың 28 қарашасындағы Қазақ ғылым комиссиясы қызметінің барысынан жасаған қысқаша есебінде қажетті материалдық жабдықтармен қамтудағы қадау-қадау кемшіліктер, білікті мамандар тапшылығынан туындайтын басты-басты түйткілдер, еңбекақы мардымсыздығы, қызметкерлерге тиесілі қаржы қаражаттың уақытында берілмеуі орынды айтылған (Досмұхамедұлы Х.Краткий отчет о деятельности Киргизской Научной комиссии и план ближайших работ // Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы (Избранное). Құрастырған: Ғарифолла Әнес. – Алматы: Ана тілі, 1998. 366-бет.).
Қандай істе болсын кәсіби біліктілігімен жарқырай көрінген санаткердің «Қазақ-қырғыз білім кәмисиесінен» баяндамасындағы ой-толғамдары нақыл сөздерге тұнып тұр. «Ауруын жасырған жазылмайды», «Тіл – жұрттың жаны», «Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды», «Білім таратып, елдің қолын мәдениетке жеткізетін – мектеп», т.б.
«Ұлт мемлекетін жасап, қазақ арасынан әлеуметшілік туғызамыз деген дәуірде тұрмыз» («Аламан») деген ол туған халқының рухани кемелденуіне айқын бағыт нұсқаған «Талап» қауымының басқармасына төрағалық етті. Түркістан Денсаулық сақтау халық комиссариаты, Орта Азия мемлекеттік баспа коллегиясы, Қазақ мемлекеттік баспасында қызмет атқарды. Орта Азия (Түркістан) университетінде, Қазақ педагогикалық институтында ұстаздық етті.
1920 жылдардағы аштық алапатында «Екі дәуір» («Ақ жол». 1922. 11.05. №171) мақаласымен қазақ қасіретіне барша қоғам назарын аудартты. «...Атасы баласын, анасы қызын жей бастады. Ел қырылды, жүрерге жол жоқ, барарға жер жоқ. Келген тағы жәрдем жоқ... Қарны тоқ ағайын, ашыққан тумаңа қарасар күнің осы күн!» деген жанайқайымен заман шындығын жеткізіп, барша саналы қауымды қандастарына қарайласуға шақырды.
Ұлт керегін түгендеуге қара нар болып жегілген еңбек торысы «Абай Құнанбайұлы. Таңдамалы өлеңдерін» (1922) басып шығаруға қатысып, ақын шығармаларындағы жат сөздерге түсінік жазды. Ғалымның өзі атап көрсеткеніндей, «Абай өлеңдерін тергегенде бірінші баспасындағы кемшіліктерді жоюға, сөздерін анықтап, дұрыстауға қолдан келген шаралар қылынды».
Келелі істердің көшбасынан табылған отырған білімпаз 1923 жылы Қазақ-қырғыз комиссиясы жанынан «Сана» журналын ашып, тағылымы мол істерге тірек болды. «Ғылымды іздеп тауып, тексеріп, бәрін шешіп отырған – адамның ақылы. Адамның ақылы, ақылдың баласы – ғылымнан айналса болмай ма?!» («Мәшиненің күші») деп, «Сана», «Жас қазақ», «Шолпан», «Сәуле» журналдарындағы «Дүния қалай жаратылған?», «Ұйқы деген немене?», «Диуани лұғат ат-түрк», «Мәшиненің күші», «Жұлдыздарды күндіз көруге бола ма?», «Миллион деген немене?» ғылыми-танымдық мақалаларымен жас толқынның жаңашыл ізденістеріне қуат дарытты.
Ұлт руханиятының ділгір мәселелерінде қалам тербеген оның тіл білімі, әдебиеттану, Отан тарихы, фольклортану, сөз өнері, түркітану хақындағы «Қазақ-қырғыз білім комиссиясы жайынан қысқаша баяндама», «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы», «Қазақ емлесі», «Түркі тілдері туралы», «Қазақ-қырғыз білім комиссиясынан», «Диуани лұғат ат-түрк», «Қазақ-қырғыз мәдениетін көркейтушілер қауымы «Талап» қоғамының жолы», «Мұрат ақын», «Қазақтың өткен ақындары туралы», «Қазақтың батырлары: Исатай, Махамбет», «Түзетушіден («Кенесары-Наурызбай»)», «Қазақ тіліне латын харфін алу мәселесі», «Шернияз кім?», «Жалаңтөс батыр», «Жат сөздер туралы», «Адай Абыл ақынның сөздерінен қалған бір жұрнақ», «Үш қиян (Мұрат ақынның сөзі)», «Базар жырау», т.б. ғылыми саралаулары, көркемдік-эстетикалық пайымдары энциклопедиялық ізденістегі тереңдігін көрсетеді.
«Өз жұртына жұмыс қылып, еңбек сіңірген адамдарды қадірлеу – елдіктің белгісі» («Қазақ-қырғыз білім кәмисиесінен») деген оқымысты «Кенесары-Наурызбай» (1923), «Сұлтан Кенесары тарихына қосымша материал» (профессор Поливановпен бірге) (1923), «Қыз Жібек» (1923), «Мұрат ақынның сөздері. Бірінші бөлім» (1924), «Исатай-Махамбет. Бірінші бөлім» (1925) сынды жауһар мұраларымызды жариялап, текстологиялық зерделеулер жүргізді. Әдебиеттің Отан тарихымен тамырлас тінін «Елдің өзінен шыққан, қанымен қаны, жанымен жаны бір дерлік ақын елдің мұңын айтпай қалай тұрсын?» («Мұрат ақын туралы қысқаша мағлұмат»), «Он сегізінші, он тоғызыншы әсірлердегі қазақтың қозғалысының ең күштілері – Сырымдікі, Исатайдікі, Кенесарынікі» («Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат») деп айқындады.
Қазақ классикалық филологиясын, қазақ лингвистикасын, түркітануын іргелі зерттеулерімен ғылыми негіздеген Халел қазақ тілінің ілім мен білімнің тілі болудағы маңызын үнемі қаперде ұстады. «Аламан. Қазақтың ел әдебиетінен алынған сөздер» (1926), «Казахская народная литература («Доклад, прочитанной в кабинете казахского языка при Казахском высшем педагогическом институте»)» (1928) ғылыми еңбектерін жазды. Ю.Вагнердің «Өсімдіктердің тіршілігі мен түзілуі туралы әңгімелер» (1924), «Денеміздің түзелуі мен жұмыс қылуы туралы әңгімелер» (1924) еңбектерін қазақ тіліне аударды.
«Нағыз алтында, нағыз темірде қосымша жоқ» («Адамның тән тірлігі») – дейді қыр перзенті. Иә, қандастарының бойындағы «Отан бірлігі, Отан намысы, Отан сақтау сезімдері» өрелі болуын діттеген дегдардың ұлттық сана биігіндегі елдік пен мемлекетшілдікке ұйыстырып, қазақ баласының рухани дамуының жаңа асуларын межелейтін саралы сөздерінің қасиетін ұғынатын, өмірлік ұстанымға айналдыратын кезеңде тұрмыз.
Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы