Қылмыс • 26 Желтоқсан, 2023

Малыңа абай бол!

93 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Малсақ қауымның бар бейнетін арқалап, әупірімдеп өсіріп отырған түлігін тегін олжа көретін баукес­пе­лер азаймай тұр. Оңай олжаға құныққандары соншалық, обал-сауапты да ұмытқан.

Малыңа абай бол!

Целиноград ауданының екі тұр­ғыны құқық қорғау қыз­мет­кер­­лерінің із кесуді ыждағатты жүр­­гізулерінің арқасында қолға түсті. Олар­дың екі бірдей қыл­мыс­тық іс-әрекетке қатысы бар­­ы анықталып отыр. Талап­­кер ауылындағы шаруа қожа­лы­­ғы­ның басшысы белгісіз біреу­­­лердің қорасынан жиырма қо­йын ұрлап кеткені туралы ха­бар­лаған. Шығын бір мил­лион теңгеге жуық. Өрісте жүр­ген же­рінен ит қуып үркіп неме­се жел­деп кетті дейтін емес, қа­­мау­лы тұрған жерінен қолды бол­­ған. Ал екінші ақ адал малы­нан­ айырылған тұрғынның қора­сы­нан­ бес қойы жоғалған. Оның шы­ғы­ны 300 мың теңгенің төңі­ре­­гін­де.

Полиция қызметкерлерінің жедел алдын алу шараларын жүргізуінің арқасында Қажы­мұ­қан ауылының екі тұрғыны қолға түсті. Із кесу барысында ұрылар малды үптеп кетуге келгенде көлік жалдаған. Кейін сойып,­ сат­қан. Айғақ ретінде терісі, үш қойдың еті табылды. Тергеу бары­сында ұрының бірі осылайша ақша жинап, үйлену тойын өткізгім келді деп ақталатын көрінеді. Мал ұрлап бір басын екеу етпек болғанның енді өз басы дауға қалып отыр.

Сандықтау ауданындағы Жы­лан­ды ауылының тұрғын­да­ры­ аяқастынан әбігерге түскен. Тебін­дегі 103 бас жылқы ізім-қайым. Мал сүмесімен күн көріп отырған малсақ қауым үшін адам айтқысыз шығын. Алғаш­қы тәуліктері ауыл тұр­ғын­­дары түгелге жуық атқа қонып, тау-тастың, орман-тоғай­­дың ішін сүзіп шыққан. Жып-жылмағай. Соныға түскен бір із болсашы. Құтты жүзден астам жылқыны жел көтеріп кет­­кендей. Шығыны да отыз мил­­­лион теңгенің көлемінде. Өздері таба алмайтын болған соң полицияға хабарлаған. Жал­ғыз полиция қызметкерлері ғана емес, төтенше жағдай депар­та­мен­тінің қызметкерлері де із кесуге келген. Тіпті аспанға дрон да ұшырылды. Полиция қыз­мет­­керлері күре жолдың бойын­дағы күдікті-ау деген көлік­терді тоқ­тата бастады. Етпен айналысатын алыпсатарлар да назарға алынды. Шағын ауыл­дың бар жылқысы түгел жо­ғалса, малсақ қауым жүген ұстап қалмай ма?! Дәл осы күн­дері қас қылғандай күн күрт суы­тып, сақылдаған сары аяз күшіне мініп тұрған. Әйтсе де әлсін-әлсін жылынып алған із кесушілер қыруар жылқыны іздеу­мен болды. Еңбек еш кеткен жоқ, табылды. Жел айдаған тәмам жылқы қыр асып, көрші ауда­н­ның аумағына шығып кетіпті. Түстеп түгендесе, түгел.

Қайтқан малдың қайыры бар. Былай қарағанда, анау айтқандай қыл­­мыстық оқиға болған жоқ. Ендеше, неге жазып отырмыз. Қан­­шама жұртты әуре-сарсаңға сал­­ған осы тақылеттес оқиға жиі тір­­келеді. Демек мал баққан соң көз­ден таса етпеген жөн. Қарау­сыз малға көз салатындар қай жер­­де болсын кездесіп қалуы әбден мүмкін.

 

Ақмола облысы