Еліміздің Қорғаныс министрінің кубогі сарапқа салынған бәсекеге қазақ спортшыларымен қатар Ресей Федерациясы, Өзбекстан және Беларусь республикаларының сайыпқырандары бақ сынады. Солардың бірі – 57 кг салмақта турнир чемпионы атанған Жандос Мадехиянов.
Кез келген елдің әскері қару-жарағының күштілігімен ғана емес, сонымен қатар жауынгерлерінің дене дайындығымен де қуатты. Осы мақсатта 2018 жылы қоян-қолтық ұрыс әскери қызметкерлер үшін міндетті әскери дене дайындығы бағдарламасына енгізілді. Бұл жекпе-жек өнерінің түрлері ықылым заманнан бері де көптеген елде жауынгерлерді тәрбиелеу, шынықтыру жүйесі ретінде қолданылған. Кейінгі ғасырларда қару-жарақ пен техниканың дамуымен маңызы төмендегеніне қарамастан, әлі күнге күштік құрылымдардың жауынгерлерін даярлаудың маңызды құрамдас бөлігі болып қалып отыр.
Білегі мықты, жүрегі түкті жандарға арналған спортты жанына серік еткен кейіпкеріміз, халықаралық жарыстың су жаңа чемпионы сержант Жандос Мадехиянов Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Қарағанды қаласындағы №61 орта мектептің түлегі. Спортпен 16 жасынан кәсіби түрде айналысып келеді. Қоян-қолтық ұрыстан, кикбоксингтен, ушу-саньдадан спорт шебері. Осы үш спорт түрінен де ел чемпионы.
Қорғаныс министрінің кубогі жолындағы жарыстарға төрт жыл қатарынан қатысып, биыл жеңісті қолдан бермеді. Алғашқы жылы қатысқан турнирде 3-орын, одан кейін 2-орын, былтыр 3-орын алған еді. Биыл көптен күткен жеңіс тұғырынан көрінді. Спортта жеңімпаз болу оңай емес. Ол үшін адамға темірдей табандылық пен мінез керек.
«Соңғы қарсыласым – үш дүркін Қазақстан чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы. Сондықтан одан айламды асыру үшін барымды салдым. Бұған дейін министрдің кубогі үшін өткен турнирде және Қазақстан чемпионатында одан екі рет ұтылған едім», дейді Жандос.
Әскерге келген соң армиялық қоян-қолтық ұрыспен шұғылдана бастаған оған жалпы жекпе-жек техникасы жақсы таныс. Өйткені бұл спорт түрі де жауынгерді шыңдайтын, қолмен, аяқпен соққы жасап, лақтыру, күресу әдістеріне негізделген. «Алдағы мақсатым – қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы атанып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алу», дейді Жандос.