Конференцияда есімі тек қана қазаққа ғана емес, исі түркі жұртына мәлім тау тұлғаның қайраткерлігі талданып, қазақ мектептерін ашу, жоғары оқу орындарын құру, ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді, халықтық өнерді дамытудағы ерен еңбегі жайлы жан-жақты баяндалды.
Көсемсөз шеберінің әдеби-публицистикалық шығармалары жайында сөз бастаған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бауыржан Иманғалиев Т.Жүргеновтің жазған кітаптары мен мақалаларына ерекше тоқталып өтті.
«Кешегі 37-де орылып түскендердің барлығы – көмбесіне жетпей құлаған сәйгүлік тәрізді бойындағы барын сарқи алмай кеткендер. Солардың бірі әрі бірегейі – Қазақстан мен Орталық Азия республикаларындағы оқу-ағарту, мәдениет және әдебиет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сыншы-публицист Темірбек Қараұлы Жүргенов.
Т.Жүргенов – ойы ұшқыр, қаламы қарымды публицист. Оның жазушылық қызметін қайраткерлік қызметінен, қаламгерлігін қайраткерлігінен бөліп қарауға келмейді. Қоғамдық-әлеуметтік қызметі біршама зерттелсе де, қаламгерлік қарымы назардан тыс қалып, мемлекеттік қызметінің тасасында қалып келді. Қазіргі қолдағы мәлімет бойынша Ағарту комиссарының әзірше 7 кітап, 150-ден аса әдеби-публицистикалық мақала жазғаны белгілі болып отыр», деп атап өтті жүргеновтанушы-ғалым Бауыржан Сәбитұлы өзінің «Темірбек Жүргенов – қазақ руханиятының жарық жұлдызы» атты баяндамасында.
Бұдан кейін М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, театр өнер бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты Амангелді Мұқан Т.Жүргеновтің басшылығымен 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі ұлт мәдениетінің өркендеуіне, тіпті тәуелсіздікке қол жеткізуге игі әсерін тигізгенін баяндап берді.
Ұлт үшін әлі талай игі істерді жүзеге асыруды жоспарлап жүрген Алаш ардақтысын 1937-1938 жылдардағы Сталиннің «үлкен терроры» айналып өтпеді. Небәрі 39 жыл ғана өмір сүрген қайраткерді 1938 жылдың 25 ақпаны күні жалған айыппен «халық жауы» деп ату жазасына кесті. Оның қалай тергелгендігі, өмірінің соңғы күндері туралы Ұлттық ғылым академиясының академигі Хангелді Әбжанов нақты архивтік деректерді келтіре отыра баяндама жасады.
Сондай-ақ Орталық Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға Темірбек Жүргеновтің өмірі мен шығармашылығы жайында ой бөлісуге көршілес Қырғыз Республикасының да ғалымдары келді. Тарих ғылымының кандидаты, доцент Жұмағұл Байдилдеев екі елдің оқығандарының тығыз байланыс орнатумен қатар, оқу-ағарту саласында талай жұмыстарды біріге атқарғандығын айтып, соның дәлелі ретінде «Кыргыз-казак элитасы: мемлекеттүүлүк үчүн күрөш» атты кітабын таныстырды.
1933-1937 жылдары Қазақстан Үкіметінің халық ағарту комиссары қызметтерін атқарған Т.Жүргеновтің тікелей атсалысуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданып, қазақ орта мектептерінің санының артуына себепкер болғаны, ұлты үшін туған ұлы тұлға халық ағарту комиссариатын ұлттық мәдениетті өркендету штабына айналдырғанын тілге тиек етті.
Пассионар тұлғаның ел тәуелсіздігі жолында жасаған еселі еңбектері сараланған халықаралық конференция соңында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының өнерпаздары мен Құрманғазы атындағы Ұлттық консерватория студенттері көңіл толқытар концерттік бағдарламаларымен қорытындылады.
Алматы облысы