Суретті түсірген – Ерасыл БАЗЫЛОВ
Кеш шымылдығы «Таң самалын» шырқаған Сейіл Аяғанның бейнебаян үзіндісімен түрілді. Сахнаға көтерілген «Арай» квартеті әнді жалғады.
Ақын Серік Сағынтайдың «Арқадан Сейіл кетті, Сержан қалды», деп аяқталатын өлеңі бар. Сейіл қазақтың бүгінгі Әміресі атанған Сержан Мұсайын бауырының талантын шын пейілімен бағалады. Сол күміс көмей бауыры Ілия Жақановтың «Бұлбұл еді» әнін шырқады.
Сейілдің мезгілсіз қазасынан соң әлеуметтік желіде түрлі шерлі өлеңдер жарияланды. Арқаның бір топ ақыны әншінің ғажап болмысын сөзбен суреттеп, жоқтады. Кеште Серік Ақсұңқарұлы, Қойлыбай Асан, Тілеген Әділов, Серік Сағынтай, Руслан Нұрбай, Қайрат Асқар, Сұлтан Дәулетхан, Айбек Байтөре өлеңдерін тебіреніспен оқыды.
Дәстүрлі әннің дүлдүлдері Ержан Базарбек «Сурет сырын» шырқаса, Дәуренбек Әркенов «Меңді қыз» әнін тамылжыта орындады.
Сейілдің ән-қоржыны бай еді. Арқаның қос жұлдызы Амангелді мен Зағыпран «Таңғы тілегін», Ержан Найманбай «Сағынышым менің» әнін, Арайлым Жүкенова «Жіберілген хатын», Шыңғыс Сәрсенбай «Ән-домбырасын», Ербол Алшынбай «Бал сезімін» шырқады. Мұның бәрі де Сейілдің сүйікті әндері еді.
Кешке Алатау төрінен аяулы досы, өнер жұлдызы Роза Әлқожа келді. Әдемі дуэт болып, әсем ән шырқаған кездерін сағынғанын әуенмен жеткізе білді. Өнердегі ағасына арнап шығарған «Сейіл-жүрек» әнінің тұсауын кесті.
Мұрат Қоңыр, Бақытжан Рахымжанов, Саян Мұздыбай, Сейіл Боқаев сынды әнші дос, бауырлары да сахна төрінен табылып, көрерменді әнмен тербеді.
Ғажап әнші «Жас қаламымен» көпшіліктің жүрегіне жол тапқан еді. Репертуарындағы бұл әннің де шоқтығы сөзсіз биік. Кезінде осы әнге бейнебаян түсіріп, «Youtube» желісінен 5 миллионнан аса қаралым жинаған еді. Кешті осы әнмен түйіндеген танымал әнші жұп Қуаныш пен Гүлзар көрерменді орнынан тұрғызып, қол соқтырды.
«Сейілді сонау тоқсаныншы жылдардан бері аға ретінде, дос ретінде, өнерпаз ретінде білетін едік. Әншінің мезгілсіз қазасы бәріміздің жүрегімізге батты. Сейілдің екінші өмірі басталды деп жатыр. Ағамыздың әннен басқа айтар әңгімесі жоқ-тын. Әнге, өнерге адал еді. Қайда жүрсе де ән ғана айтатын. Жақында тұрған үйіне ескерткіш тақта орнаттық. Келер жылы республикалық «Сейіл салған әндер-ай...» атты өнер кешін жоспарлап отырмыз. Сейілдің әндерін жинақтап, альбом етіп шығару ойымызда бар. Сейілдің ізін басқан шәкірттері аман болсын», деп жылы лебізін білдірген облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын әншінің асыл жары Қымбат Түсіпбекова мен аяулы әнші Роза Әлқожаның иығына елдің атынан қамзол жапты.
«Сейіл ағамызды еске алу кеші – әншінің шығармашылығын насихаттаудың бастауы. Келер жылы көктемде ән фестивалін өткізбекпіз. Әнші ағамыздың барлық өнердегі достарына ризашылық білдіреміз. Барлығы атсалысты. Көмек қолын созды. Сырым Хордин мен Мейрамгүл Сейілханқызы да кешімізді әдемі тізгіндеп берді», дейді кешті ұйымдастырушы Асхат Қажытай.
«Бұл Сейіл – тірі қалған Оғызыңдай, Гитара – Қорқытыңның Қобызындай», деп басталады ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлының «Сейілдің гитарасы» атты өлеңі. Осы бір өлең жолынан-ақ Сейіл әншінің аты аңызға айналатынын оңай аңғаруға болады.
Көпшілік кештен «Шіркін-ай, Сейіл салған ән қандай!» деп қимай тарқасты...
Қарағанды облысы