Желтоқсанның 25-і күні «Атамекен» өнер ордасында «Азаттықтың ақ таңы» атты республикалық айтыс Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы мен «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» БҚО филиалының бірлесе ұйымдастыруымен өтті.
Суырып салма жыр бәйгесіне Абай Жолмағамбетов (Маңғыстау), Айбек Қалиев (Арқалық), Айнабек Бисенғалиев (БҚО), Айтбай Жұмағұлов (Қарағанды), Бауыржан Ширмединұлы (БҚО), Біржан Байтуов (Шымкент), Жансая Мусина (БҚО), Жұлдыз Қожабекова (Ақтөбе), Қайнар Алагөзов (Ақтөбе), Мейірман Шәкенов (БҚО), Мұрадым Мерланов (БҚО), Мұхтар Ниязов (Қызылорда), Талғат Мықи (БҚО), Шалқарбай Ізбасаров (Атырау), Шұғайып Сезімхан (Алматы), Шынарбек Қабиев (Атырау) сынды 16 ақын қатысты.
Жыр додасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Аманжол Әлтай жүргізді.
Бұл айтыстың бір ерекшелігі – көптен бері сырқатына байланысты айтыстан көрінбей жүрген Жүрсін Ерман ағамыздың Ақжайыққа арнайы келіп, қазылар алқасына жетекшілік етуі болды.
«Азаттықтың ақ таңы» деп аталған республикалық айтысқа қатысуға келген барша ақынға құтты болсын айтамын. Екі-үш жылдан бері мына сырқаттың тырнағына ілініп қалып, айтыстарға бара алмай жүр едім. Осы айтысқа өзімді өзім қинағандай болып келіп отырмын. Өйткені айтыстың астанасы – Алматы мен Астана болса, содан кейінгі іргелі орда – осы Орал. Талай керемет додалардың куәсі болған жұрт бұл. Енді мына ділмар ақындардан атына заты сай болатын кесек жыр, кестелі сөз тосамыз. Айтыңдар, тартынбаңдар! Айтыстың салты сол – айту! Баршаңызға ақ жүзді, нұрлы болыңдар, айтыстан жасымай қайтыңдар, тасып қайтыңдар деген тілек айтамын. Айтыс құтты болсын!» деді «Отан» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов айтыстың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеп, айтыскер ақындарға ақ жол тіледі.
Бес сағаттан аса уақытқа созылған айтыстың қазылар алқасы қатарында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Құдайберлі Мырзабек, Мәдениет қайраткері Серік Құсанбаев, Білім беру саласының үздігі, ақын Дариға Мұштанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Айтақын Бұлғақов, Мәдениет қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, ақын Бекарыс Шойбеков, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» БҚО филиалының өкілі Бауыржан Халиолла сынды қаламгерлер болды. Сайыс соңында қазылар алқасы барлық ақынға бірдей 500 000 теңгеден жүлде берді. Ақындар БҚО әкімінің Алғысхатына ие болды. Бұдан бөлек, қазақ айтысының қатепті қара нары, абызы атанған Жүрсін Ерманға Ақжайық жұртының атынан Бақытжан Нарымбетов шапан жауып, тұлпар мінгізді. Биыл 60-қа толған ақын Серік Құсанбаевқа Ақжайық өңірі ат мінгізіп, иығына шапан жапты.
«Еліміздің қос бірдей азаматына ат мінгізіп, қолдау көрсеткен жергілікті меценат, өнер, спорт және айтыс жанашыры Құрманғалиев Мадияр Қуанышұлына ақжарма алғыс білдіреміз», дейді осы іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі Бауыржан Халиолла.
Батыс Қазақстан облысы