Сенат • 27 Желтоқсан, 2023

Жер қойнауын пайдалану заңы жетілдіріледі

118 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, сенаторлар жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері туралы заңды қарады және депутаттық сауал­дарын жолдады.

Жер қойнауын пайдалану заңы жетілдіріледі

Сенаторлар заңды Мәжіліске қайтарды

Екінші оқылымда талқылан­ған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жер қойнауын пайдалану және экология сала­ларындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге арналған.

Атап айтқанда, практика­лық геоло­гия­лық барлау жұмыс­тарына жедел көшу­ді, сараптама мерзімдерін 8-12 айға қыс­қартуды, әкімшілік шығындарды 2 есе­ден астам жоюды, сонымен бірге жер қой­науын пайдалану жөніндегі опера­ция­ларды жүр­гізу жағдайларын жақсар­туды көздейді. Сенаторлар заң нормаларын талқылай келе, оны концептуалды түрде мақұлдап, бірқатар түзету енгізді.

Депутаттар ұсынған өз­геріс­­­тер жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның есептерді тексеру рәсімдері бо­йынша халықаралық стандарттарды енгізуіне қатысты болды. Сондай-ақ есепте жер қой­науы және жер қойнауын пайда­лану туралы мәліметтерді жа­сыр­ғаны үшін жауапкершілік­ті күшейтуге қатысты өзгерістер де қарастырылған. «Өзгерістер заңның жекелеген ереже­лерін жетілдіруді көздейді. Атап айт­қанда, заңда жер қойнауын пайдалану саласындағы инвестиция­лық тартымдылықты жақсар­ту­ға, осы ба­ғыт­тағы саясаттың тұрақтылығын қам­та­масыз етуге арналған нормалар бар. Алдағы уақытта бұл заң елімізде жер қой­науын тиімді пайдалануға өз септі­гін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Талқылау нәтижесінде, Сенат депутаттары құжатты Мәжіліс­ке қайтару туралы шешім қабыл­дады.

 

Жердің 75 пайызының тозығы жеткен

Палата отырысы кезінде се­натор­лар депутаттық сауалдарын жолдады. Мә­селен, сенатор Закиржан Кузиев елі­міздегі топырақтың тозып кет­кені тура­лы айтты. Оның айтуынша, елі­міз­дің ауыл шаруашылығын дамыту үшін топырақтың жай-күйі аса маңыз­ды рөл атқарады. Ол топырақ сапасы­ның қазіргі жағдайы туралы айта келіп, дег­радацияның негізгі фактор­лары ретінде дефляцияны, су эрозия­сын, тұздануды және гумустың төмен­деуіне тоқтал­ды. Мұның бәрі жердің құнар­лы­лы­ғына қамқорлықтың жоқты­ғының салдарынан болып отыр.

«Агротехнологияның бұ­зы­луы, егіншілік мәде­ниеті­нің төмен­дігі және тауар өндірушілердің ауыл ­шаруашылығы білімінің нашар­лығына байланысты жағ­дай күрделеніп барады. Осының бәрі жердің тозу проблемасын көрсетіп отыр. Еліміздің бүкіл аумағының 75 пайыздан астамы тозығы жеткен жер болып саналады. Салыстырмалы түрде қалған 25 пайызы құнарлы топы­рақ аэрогендік әсерге төзімділік дәрежесінің төмендігіне байланысты генетикалық анықталған қасиетін жоғалту қаупі бар», деді сенатор.

Закиржан Кузиев еліміз бү­гінде жайылымдық жер көле­мі бойынша әлемде бесінші орын­да тұрғанын атап өтті. Деген­мен депутат тарапынан тыңайт­қыштарды дұрыс қолдан­бау топырақтың азып-тозу жыл­дамдығын арттырады және жайы­лым өнімділігінің төмендеуіне әкеп соғатыны айтылды.

«Өкінішке қарай, кейінгі жылдары елімізде топырақтану ғылымы назардан тыс қалып келеді. Біздің еліміздің басқа ел­дерден айырмашылығы – осы уақытқа дейін топырақтың анық­тамасы, оның құнарлылық жағ­дайы мүлде реттелмеген. Осы­ған байланысты «Топырақ­ты қорғау туралы» заң жобасын әзірлеу, сондай-ақ 2025-2035 жылдар кезеңіне арналған «Қазақстан Республикасының ұлттық игі­лігі ретінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің топы­рақ құнарлылығын сақтау және қалпына кел­тіру» ұзақмерзімді мемлекеттік ғылы­ми мақсаттағы бағдарлама қабыл­дау қажеттігі туындап отыр», деді З.Кузиев.

 

Кооперативтердің төлем қабілеті төмен

Сенатор Жанболат Жөр­генбаев ауыл шаруашы­лығы кооперативтерінің проб­лемалары туралы мәселе көтерді. Отандық аграршылар ауыл шаруа­шы­лығы саласында 3 284 кооператив құр­ған болатын. Алайда іс жү­зін­­де бұл бір­лестік­тердің 60 пайы­зы төлемге қабі­лет­сіз немесе әре­кет­сіз тұрған болып шықты. Сена­тор Жанболат Жөрген­баев өзінің депутаттық сауалында осы мәселені көтерді.

Депутаттың айтуынша, бас­тапқы капиталдың болмауы – кооперативтердің негізгі проблемасы. Яғни «әуелі несие алып, содан кейін кооперативке кіру» пайымдауы жұмыс істемейді. Депутат биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 400 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылғанын айта келіп, олардың жұмыс істеуі үшін 100 миллиард теңге бөлінгеніне тоқталды. Сонымен қатар «Аграрлық несие корпорациясы» 543 ауыл шаруашылығы кооперативіне тағы қосымша 370 миллиард теңге бөлді. Алайда сенатордың айтуынша, елдегі 268 000 ферма мен 1,5 миллионнан астам жеке қосалқы шаруа қожалығы әлі күнге дейін ауылшаруашылық кооперативінің қызметіне қосыл­май отыр.

«Осы аталған құрылымдар арасында ірілендіру бағы­тындағы жұмыстың әлсіз жүріп жатқанын көрсетеді. Біріншіден, насихаттау жұмысы жүргізілмейді және «Ауыл аманаты» бағдар­ламасының мүм­кін­діктері толық ашылмаған. Екін­шіден, жер қатынас­тарын реттеу­­дің кейбір мәселе­лері толық қарастырыл­маған. Үшіншіден, кооператив пен оның мүше­лері үшін салық салу мәселелері толық реттелмеген. Төртіншіден, кәсіпкерлік субъектілерінің өнімді сақтауға арналған қоймалардың жоқтығы, өңірлерде сауда-логистикалық орталықтардың шешілмегендігі де проблема болып отыр», деп атап өтті депутат.

Сенатор осы айтылғандарды тұжы­рым­дай отырып, еліміздің Үкіметіне бір­қатар ұсыныс айтты. «Ауыл шаруа­шы­лығы коо­перациясын дамыту жұмыс­тарын жүйелендіру үшін Үй­лестіру кеңесі құрылуға тиіс. Осыған байланыс­ты «Ауыл ша­руашылығы кооператив­тері туралы» Заңына бірқатар өзгеріс енгізу маңызды. Сонымен қатар Салық заңна­масын жетілдіру аясында коопера­тивке, оның мүшелеріне қосар­ланған салық салуды алып тастауды қарас­тыру керек. Ауыл шаруашы­лы­ғы коо­перативтерінің көлік шығыстарын субсидиялау бо­йынша ұсыныстарды қарастыру маңызды», деді сенатор.