Еңбекте Мұхаммед Хайдар Дулатидің (1499-1551) мұрасы тарихи-филологиялық, танымдық-философиялық бағытта тұңғыш рет жүйеленіп зерттелінген. Тұлға мемлекет қайраткері, қолбасшы, жазушы, суретші, ғұлама деңгейіне қалай жеткені зерделенген. Шындығында, Мұхаммед Хайдар – жан-жақты энциклопедист. Оның классикалық «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде 40-тан астам ғылым саласының мәселесі қозғалған. Зерттеуші М.Қазыбек беймәлім деректер мен танымдық-тарихи материалдар негізінде біртуар қайраткер ғұламаның өмірі мен шығармашылығын қатар қарастырады.
Ел тәуелсіздігінің ұлы жеңісі Мұхаммед Хайдар Дулатиді Қазақ елімен қайта қауыштырды. Соңғы ширек ғасырда қайраткер ғұламаны еліміз бен әлемге танытуға байланысты түрлі шаралар өтті. Мұрасы жарияланып, конференциялар ұйымдастырылды. Еліміздегі ірі университет М.Х.Дулати есімімен аталады. Сонау Үндістан жерінде өткен халықаралық іс-шаралар атқарылды. Бұл – шүкір деуге лайықты шаралар.
Мұхаммед Хайдар Дулатидің тарихи рөлі ерекше. Егер ол дер кезінде хаттамаса, моғолдар мен Моғолстанға қатысты тарихи оқиғалар мен мәлімет-деректер із-түссіз жоғалып кетер еді. Ғұлама тарихи мәліметтерді көнекөз қариялардан, ел басқарған әмірлерден, сенімді кісілерден алғаны сөзсіз. Ол моғолдар бастан кешкен тарихи оқиғаларды ерінбей жинаумен, жазумен болды. М.Х.Дулати мұрасы – өз кезеңінің міндеттеріне ғана жауап беретін кезеңдік дүние емес, заманалар сынынан, дәуірлердің тезінен өткен ескірмес қазына.
Замандастарының жазуынша, Мұхаммед Хайдар – әдеби дарыны айшықты әрі жазушы, әрі ақын. Оның жазу стилі, қаламгерлік қолтаңбасы әбден мойындаған. Бүгінгі әдебиетшілер «Тарих-и Рашиди» шығармасын мемуар деп бағалайды. Бұл ретте шығыстанушы академик, марқұм Ә.Дербісәлі мен профессор Н.Келімбетов, ҚазҰУ профессоры Ж.Дәдебаев пікірі маңызды. М.Қазыбек жанрын «әдеби-мемуралық роман» деп анықтайды. Зерттеуші «Тарих-и Рашидидің» Тоғылық Темірге, Қасым ханға, Дос Мұхаммед ханға қатысты тарауларын көркем шығарма іспеттес деп бағалап, тарихи тегеурінін, саясаттанушылық салмағын, жағрафиялық ауқымын, философиялық әлеуетін мейлінше аша түседі.
Автор тарихи тұлға тағдырын ХV-ХVІ ғасырдағы ірі саяси, мәдени оқиғалармен сабақтастықта қарастырады. Мұрасының әлемдік маңызын байыптайды.
Ғалымдар мен білім алушыларға қаламгер, зерттеуші Мұхтар Қазыбектің бұл кітабының пайдасы молынан тимек.
Жамбыл Тілепов,
мәдениеттанушы