Биылғы қыс Ертіс-Баян өңірінде ерекше жылы. Жуырдағы үскірік аяздардың соңы жылымыққа ұласып, қазіргі уақытта күндізгі температура +3 градусты көрсетіп тұр. Оның үстіне осы аптаның сейсенбісінде жауған жаңбыр өзі аз ғана түскен ақ ұлпаны ерітіп жіберді. Ауа райының бұлайша құбылуы қызық болғанда Ертіс өзені жағалауында салынып жатқан мұз қалашықтарды ерітіп жіберді. Павлодар қаласының билігі Жаңа жыл мейрамын ұлан-асыр етіп тойлауды жөн деп шешіп, бюджеттен бақандай 185 млн теңге бөлген. Оның 52 млн теңгесі жаңадан орнатылған жасанды шыршаның құрылысына бөлінсе, 53 млн теңге мұздан қалашықтар мен сырғанақтар, жаңа жылдық ертегілердің кейіпкерлерін кескіндеуге бағытталған.
Қазына қаражатын жаратушы құзырлы мекемелер мен конкурсты ұтып алған мердігерлер ауа райын ескермеген бе, жуықта ғана қаланған мұз қалашықтың дені бір күннің ішінде еріді де кетті. Ал орталық жағалаудың төменгі тұсында тұрғызылып жатқан қалашыққа қараудың өзі аянышты еді. Усолка өзенінің мұзынан ойылып алынған мұз кесектері жылы ауа райына шыдас бермей еріп, айналасы бір-екі сағаттың ішінде көлшікке айналды.
Қала халқы осыншама қыруар қаржы бөлінген мұз қалашықтың бір күнде еріп кеткенін түсіне алмай дал. Миллиондарды суға ағызғанша, өзге игілікті істерге жұмсауға болмас па еді? Оның үстіне бұған дейін қала әкімінің орынбасары Светлана Гладышева жауапты фирма қалашыққа мұз ғана емес, пластик пен ағаш материалдарды пайдаланып жатқанын, ауа райы жылы болған жағдайда қалашықты шаһар тұрғындары мен қонақтары емін-еркін қызықтай алады деп сендірген. Сайып келгенде, мемлекеттің қаржысы желге ұшқан жағдаймен тең бұл.
«Мұз қалашығының еріп жатқаны жұрттың Жаңа жыл мейрамы алдындағы жақсы көңіл күйіне кәдімгідей әсер етіп отыр. Ауылдан немерелеріміз келіп, оларды мереке күндері қыдыртамыз деп жоспарлап қойып едік. Естуімше, 50 миллион теңгеден астам ақша жұмсалыпты. Біздің түсімізге кірмейтін қаражат қой бұл. Есіл кеткен қайран ақша? Одан да бұл қаражат жоқ-жітікке, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек ретінде таратылса болмас па еді? Мейрам алдында қамкөңіл жандарды қуантар едік деп ойлаймын», дейді қала тұрғыны Ержан Серіков.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ғизат Смайыловтың айтуынша, мұз қалашық пен сырғанақтарға мердігер фирма кепілдік берген. Алдағы күндері құлап, еріп кеткен бөліктерін қайта қалпына келтіреді деп сендіріп отыр. Алайда көп бөлігі су болып ағып кеткен кескіндерді қайта қалпына келтіру үшін жауапты фирма қосымша қаражат шығындай қояр ма екен?
Бұған дейін өңірлік экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен антикор қызметінің өкілдері қала билігінің жаңажылдық мейрамға осыншама мол қаржы шығындағанына тексеру жүргізіледі деп мәлімдеген. Ендеше, еріп жатқан миллиондардың сұрауы болады деп үміттенеміз.
ПАВЛОДАР