Аймақтар • 28 Желтоқсан, 2023

Есірткі таратқан шетелдік 10 жылға сотталды

176 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2023 жылдың жаз мезгілінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Өзбекстанның 25 жастағы азаматын қамауға алған еді. Күдікті есірткі тасымалымен айналысқан, деп хабарлайды Egemen.kz.

Есірткі таратқан шетелдік 10 жылға сотталды

Фото: ашық дереккөз

Тінту жұмыстары барысында күдіктіден жалпы салмағы 4,88 грамм мефедрон есірткі заты салынған 11 түйіршік табылды. Полицейлер синтетикалық есірткіні тәркілеп алды.

Анықталғандай, ұсталған шетелдік «курьер», дәлірек айтқанда, есірткіні жасырып қойып кетуші болып жұмыс істеген. Ол Telegram-чаттағы топ басшысынан есірткі заттары жасырылған жердің координаттарын алып, оларды ары қарай Ақтөбе қаласы бойынша таратып жүргенін мойындады. 

Нәтижесінде ҚР Қылмыстық Кодексінің 297-бабы (Аса ірі мөлшерде есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Өзбекстан Республикасының азаматы қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.