Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Бексұлтан Нұржекеұлы,
Қазақстанның халық жазушысы:
– Қазақта «Ескі жылым – есірке, жаңа жылым жарылқа» деген тілек бар. Өтіп бара жатқан ескі жыл өз басымды есіркеді деп ойлаймын. Ел-жұртыма, отбасыма, денсаулығыма айтар өкпем жоқ. Мемлекетіміз еңбегімді бағалап, «Қазақстанның халық жазушысы» деген атақ берді. Бұл атақтың аты жақсы. «Халық жазушысы» деген – «халықтың адамы, азаматы» деген қадірлі сөз. Одан кейін жаңадан құрылған Жетісу облысының «Құрметті азаматы» атандым. Осының бәрі – елдің құрметі деп білемін.
Жақында Тәуелсіздік күні мерекесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасын тыңдадым. Сонда Мемлекет басшысы жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталып, қорытынды жасады. Осы игілікті шараны қолдау ретінде дәстүрге айналдырсақ, Тәуелсіздік мерекесі алдында жыл бойы не істегенімізді жұртшылықтың алдында жарқыратып айтып, ел еңсесін көтеруге жақсы бір бастама болар еді.
Жас ұрпақты отансүйгіштікке, туған елді, жерді сүюге баулу туралы жиі айтамыз. Мысалы, өткен жылы екі үлкен оқиға ескерілмей қалды. Халқымыз «бұдан кейін ел болып қала ма, қалмай ма?» деген ауыр күн туған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты қасіретке 300 жыл болды. Осыған байланысты елімізде конференция өтіп, мерзімді баспасөзде ғылыми, тарихи мақалалар жариялануы керек еді. Бұған ешкім көңіл бөлмеді. Бұл – біздің кемшілігіміз. Екінші – әйгілі Орбұлақ шайқасындағы жеңісімізге 380 жыл толды. Осы дата Панфилов ауданы деңгейінде аталып өтілді. Бұл бір ауданның емес, республиканың мәртебесін көтеретін іс-шара еді. Біз мұндай айтулы оқиғаларды ұмытпауымыз қажет. Өйткені осындай құрбандықпен жеткен тәуелсіздіктің бағасын, қадірін, қасиетін кейінгі ұрпақ білер еді. Алдағы жаңа жылдан үлкен үміт күтемін. Еліміз дамудың даңғыл жолына түссе екен деп армандаймын!
Эрлан БАТЫРБЕКОВ,
ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры:
– 2023 жыл жемісті болды. Ғылым мен техника саласындағы аса үздік жетістіктері үшін екі жылда бір рет берілетін Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атандық. Менің жетекшілігіммен Ұлттық ядролық орталықтың авторлар ұжымы «Қазақстан Республикасының атом-энергетика саласын құруға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын іске асыруға арналған әлемдік деңгейдегі зерттеулер мен әзірлемелер» жұмысы үшін осындай мәртебелі марапатқа лайық деп танылды. Бұл сыйлық біздің ұжымға үлкен жауапкершілік жүктеді, ертеңгі күнге деген сенімімізді арттырды. Бұған қоса жекелеген ғалымдарымыз да жоғары деңгейдегі түрлі марапаттарға қол жеткізді. Мұның барлығы ұжымды ұйыстырып, алдағы ауқымды істерді атқаруға ынталандыра түскені анық.
Қазір еліміз атом-энергетика саласына ерекше мән беріп отыр. Осы бағытта еңбек етіп жүрген ғалымдарға үлкен сенім артылды. Әлемнің жетекші ғылыми ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Президенттің ғылым саласына ерекше көңіл бөліп отырғанын да ерекше атап өткен жөн. Биыл соның нақты жемісін көргендей болдық. Осы бағыттағы жұмыстар жалғаса берсе екен деп тілейміз. Жаңа жылдан күтеріміз көп. Жоба-жоспарларымыз да ауқымды. Соның жемісін көруді нәсіп етсін! 2024 жыл жақсылыққа толы жыл болғай!
Дулыға Ақмолда,
актер, Қазақстанның халық әртісі:
– 2023 жыл театр саласы болсын, кино саласы болсын өте табысты болды. Жас ақын-жазушылардың кітаптары жарық көріп, бірқатар деректі фильм экранға шықты. Әсіресе театр және кино саласындағы жас режиссерлер мен актерлердің халықаралық фестивальдерде топ жаруы мені қатты қуантады. Осының бәрі мемлекетіміздің мәдениетке ерекше көңіл бөліп отырғаны деп санаймын.
Отыз жылдан аса М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында еңбек етіп келемін. Биыл біздің театр сахнасында 5-6 қойылымның премьерасы өтті. Бұл туындыларды көрермендер өте жылы қабылдады. Кеше ғана «Асылтас» қоғамдық қорының қолдауымен «Асылтас» театры ашылып, алғашқы премьерасы болды. Онда мен де ойнадым.
Жаңа жылдан күтеріміз көп. Әсіресе дәстүрлі өнеріміз шетқақпай болып қалмаса екен деймін. Дәстүрлі өнер – ұлттың рухы деп түсінемін. Сондай-ақ облыстық театрларда қызмет істейтін актерлердің материалдық жағдайы, жалақысы төмен. Сондықтан онда кәсіби актерлер көп тұрақтамайды. Осы мәселеге назар аударылса екен. Жаңа жыл елімізге құт-береке әкелсін!
Дайындаған –
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan»