ФОТО: aikyn.kz
Шынтуайтында, Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы ауызекі тілде «регресшілер проблемасы» деп аталып кеткен, негізінен, кеншілердің көкейкесті мәселесін шешуге бағытталған. Бұл жайлы биік мінберден сегіз жылдан бері айтылып жүргенімен, мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары кеншілердің жанайқайын естімегендей кейіп танытып келген еді. Олар тіпті Парламент депутаттарының осы жөніндегі депутаттық сауалдарына да «сырғытпа» жауап қайтарып, «құтылуды» әдетке айналдырған. Бұл тақырыптағы соңғы депутаттық сауалды еңбек жолын шахтер болып бастаған бүгінгі мәжілісмен Арман Қалықов биыл 15 қарашада Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдап: «Біздің сауалымыз тау-кен металлургия саласындағы зиянды өндірісте денсаулығын жоғалтқан мыңдаған мүгедек пен регресшінің өтінішіне негізделген.
2015 жылы Азаматтық кодекске енгізілген түзетулер қазіргі уақытта мүгедектер мен регресшілердің құқықтарына нұқсан келтіріп, оларды кемсітіп отыр. Сол түзетулер кәсіптік еңбекке қабілеттілікті жоғалту бойынша әлеуметтік төлем мөлшері инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес белгіленуіне әкелді (мысалы, 2022 жылы инфляцияның нақты деңгейі 20,3 пайызға жеткенде жасалған түзету 8,5 пайыз ғана болды). Бұл ретте инфляцияның болжамды және нақты деңгейлері арасындағы айырмашылық орасан зор екені көзге ұрып тұр. Соның салдарынан зиянды өндірісте денсаулығын құртқан адамдардың және олардың отбасыларының өмір сүру деңгейі жылдан-жылға нашарлап барады.
Бұрын денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу бойынша төлемдер өмір бойы төленетін. Бірақ 2015 жылы Азаматтық кодекске енгізілген өзгерістердің салдарынан мұндай төлемдер зейнет жасына келген кезде тоқтатылатын болды. Сонда қалай, кәсіби дерті бар адам зейнет жасына жеткенде бір ғажап сиқырмен құлан-таза жазылып кете ме, ал өндірісте жарақат алған мүгедекке жаңа аяқ немесе қол біте ме?» деді.
Депутаттық сауалға берген жауабында вице-премьер Т.Дүйсенова: «Жұмыскерлердің жекелеген санатын өмір бойғы төлеммен қамтамасыз ету мақсатында «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» заңға тиісті түзетулер енгізу көзделіп отыр. Мәселен, кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі алғаш рет 2015 жылғы 10 мамырға дейін белгіленген және қайта куәландыру мерзімінсіз 2015 жылғы 10 мамырдан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартылған адамдарға сақтандыру ұйымдарынан олардың кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін қайта куәландыру мерзіміне сақтандыру төлемдерін алу құқығы берілетін болады, яғни төлемдер зейнет жасына толғаннан кейін де жасалады», деп мәлімдеді.
Осылайша, мүдделі мемлекеттік органдар бізге белгісіз себептермен 2015 жылы өз қолдарымен туындатып, мыңдаған регресшінің әлеуметтік жағдайын қиындатқан проблемаға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, тікелей араласқан соң, Үкімет оны шешу шараларын айқындады. Бұдан бөлек, ауыр жұмыстарды атқарып, денсаулығына зиян келтіріп жүрген адамдарға шын мәнінде 55 жаста зейнетке шығумен пара-пар жеңілдік те қарастырылды. Ол – алғаш рет арнайы әлеуметтік төлемнің (АӘТ) енгізілуі. Міне, осы қарапайым еңбек адамдарына деген жанашырлықтан туындаған әділ де бірегей жаңашылдықтар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер мен еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілді. Бұл маңызды құжат Мәжілісте қабылданып, Сенат мақұлдаған соң, құжатқа Мемлекет басшысы биыл 21 желтоқсанда қол қойды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндірмесіне қарағанда, АӘТ-ті тағайындаудың міндетті шарттары – 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы. АӘТ төрт қаражат көзінен жүзеге асырылады: республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнайы кәсіптік жәрдемақы; өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде; жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен.
Әлеуметтік кодекске сәйкес жұмыс берушілер Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесіне енгізілген жұмыскерлер үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады. Еліміздегі осындай кәсіптер мен қызмет түрлері 2 мыңнан астам екен. Олар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер өз қаржысы есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесін бекіту туралы» 2023 жылғы 24 мамырдағы №170 бұйрығында көрсетілген. Жалпы, АӘТ еліміздің экономикасының 19 саласында, соның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтін азаматтардың игілігіне айналады. Оны алғысы келген жұмыскерлер еңбек жағдайлары зиянды жұмыспен айналысуды доғаруға тиіс. Содан кейін жеңіл жұмысқа ауысып, тиісінше жалақы және АӘТ алуларына болады немесе демалысқа шығып, зейнет жасына жеткенше аталған төлемді ала алады.
«БЖЗҚ деректері бойынша арнайы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін міндетті шарттарды ескере келгенде, оған 2024 жылы 37 мыңнан астам, 2030 жылы 58 мыңнан астам, 2035 жылы 95 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады. Осылайша, әлеуметтік төлем алушылар саны жыл сайын ұлғая түседі. Алдын ала есептеу бойынша 2024 жылы арнайы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері оның БЖЗҚ-дағы жинағына байланысты болады. Бұл ретте жыл сайын арнайы әлеуметтік төлем мөлшері ең төмен күнкөріс мөлшерінің артуына байланысты өседі. Мәселен, 2030 жылы төлемнің орташа мөлшері 339 мың теңгені, ал 2035 жылы 519 мың теңгені құрауға тиіс», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жуырда Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде болған брифингте.
Қолданыстағы заңнамаға енгізілген түзетулер жұмыскерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін де жетілдіріп отыр. Нақты айтқанда, өмірді сақтандыру компанияларының зардап шеккен жұмыскердің санаторий-курорттық емделу ақысын 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде төлеуі; жазатайым оқиға салдарынан келген зиянды өтеу, яғни сақтандыру төлемінің мөлшерін айқындау кезінде жұмыскердің кінәсін бұдан былай ескермеу сияқты оң өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ вице-премьер Т.Дүйсенова депутаттық сауалға берген жауабында айтқандай, кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі 2015 жылғы 10 мамырға дейін алғаш рет 30-дан 100 пайызға дейінгі мөлшерде белгіленген және 2015 жылғы 10 мамырдан бастап 2024 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде куәландыру мерзімінсіз ұзартылған немесе қайта куәландырылған адамдарға сақтандыру ұйымдарының қаражаты есебінен сақтандыру төлемдерін өмір бойы төлеу қарастырылды. Мұндай төлемдерді алушылар саны – шамамен 1,4 мың адам.
Сонымен, АӘТ-ті еңбек жағдайы зиянды жұмыстарда істейтін, жасы 55-ке келген азаматтар келесі жылдан бастап алатын болады. Оған қажетті қаржы Мемлекет басшысының маңызды бастамаларына арналған Президент резервінен бөлінді. Ауыр жұмыстарды атқарып жүрген адамдарға жасалып отырған осы жанашырлық Әділетті Қазақстан орнату жолындағы тағы бір маңызды қадам екендігі даусыз.