Қаржы • 31 Желтоқсан, 2023

Ең төменгі жалақы мөлшері өседі

157 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) еңбек нарығын реттеуде негізгі орын алып, ең төменгі әлеуметтік стандарт ретінде жыл сайын тиісті қаржы жылына Республикалық бюджет туралы заңмен айқындалады. Бұл мемлекеттің толық күн жұмыс істейтін және еңбек уақытының нормаларын орындайтын қызметкердің белгілі бір деңгейден төмен жалақы ала алмайтынына кепілдік беретінін білдіреді.

Ең төменгі жалақы мөлшері өседі

Алдыңғы екі жылдағы жоғары инфляция, пандемия және геосая­си дағдарыс әлемнің көптеген елін­­де нақты жалақының төмен­деуіне әкелді. Әдеттегідей бұдан ең төменгі жалақы алғандар қат­ты зардап шекті. Ең төменгі жала­қының сатып алу қабілетінің тө­мендеу үдерісі әлі де жалғасып жа­тыр. Ұлттық статистика бюро­сы­ның ақпаратына сүйенсек, нақ­ты жалақы бойынша көрсеткіш жыл басындағы 112,7%-дан жыл соңында 102,8%-ға дейін тұрақты түрде төмендеген. Өткен жылдың бірінші тоқсанында нақты жа­лақы индексі теріс траекторияда тербеліп, ел тұрғындарының жа­лақысының сатып алу қабі­леті 0,6%-ға төмендеді. Елдегі ең тө­менгі жалақы негізгі шығындарды жабуға мүмкіндік бермейді. 2022 жылы және 2023 жылдың ал­ғаш­қы екі тоқсанында орта­ша қазақстандықтың айлық тұтыну шығыстары ЕТЖ-дан ең кемінде 12,1%-ға, ең жоғары шегінде 27,9%-ға асып түсті. Былтыр екін­ші тоқсанда ел азаматтары азық-түлікке, киім-кешек пен аяқ­киімге, коммуналдық қыз­мет­терге, медицина мен білімге 79,8 мың теңге жұмсаса, бұл төменгі жалақыдан 14%-ға артық.

ЕТЖ-ның үш жыл қатарынан 42 500 теңгені құраған 2019-2021 жылдардан кейін бірден 41,2%-ға, 60 мың теңгеге дейін өсуі ең төменгі белгіленген стандартты ғана емес, жалпы жалақы қо­­рын ұлғайтуға көмектесті. Ал өт­кен жылы оған тағы 10 мың тең­ге қосылды (16,6%). Бұл рет­те Ұлттық статистика бю­ро­сының ақпараты бойынша ин­фляция өткен жылмен са­лыс­тыр­ғанда шамамен 19%-ды ал­қымдады. Президент биылғы қыр­күйектегі Жолдауында ең тө­менгі жалақы мөлшерін 2024 жылы 85 мың теңгеге дейін жет­кізуді тапсырды. Яғни ендігі өзге­ріс – 21,4%, бұл 2021 жылмен са­лыстырғанда екі есе көп. Қа­ражат қазір Республикалық бюджет туралы заңда көзделген. Осының нәтижесінде 1,8 млн отандасымыздың табысы артпақ. Десе де Мәжіліс депутаттарының пікірінше, ЕТЖ мөлшері әлі де төмен және бұл 200 мың теңгеден аса соманы құрауға тиіс.

Ұлттық экономика ми­нистр­­лігінің ҚҚС-ны 12%-дан 16%-ға дейін көбейту тура­лы ұсы­нысына байланысты инфля­цияның күтілетін үдеуі аясында қосылатын 15 мың теңге әрең сезіледі деп болжауға болады. Сенат отырысында ведомство басшысы Әлібек Қуантыров Салық кодексінің жаңа нормасы бюджетті 2,4 трлн теңгеге дейін толықтыруға көмектесетінін айтты. ҰЭМ есептеуінше, салық өсі­мі негізінен импорттық тауарларға әсер етеді. Бірақ Қазақстан өзін тек негізгі азық-тү­лік өнімдерімен (өндірісінде им­порттық жаб­дық­тар да пайдала­нылады) толық қамтамасыз ететініне, ал қайта өң­деудің барлық өнімдері мен азық-түлік емес тауарлардың көп­шілігі шетелден әкелінетініне қа­рағанда, ҚҚС өсімі инфляцияға әсер етудің барлық мүмкіндігіне ие.

Осы ретте Президент тапсыр­масы бойынша алдағы жы­лы Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қор­ғау министрлігі ең тө­мен­гі жалақы­ны есептеудің жаңа әдістемесін әзірлеу бо­йын­­ша жұмыс жүргізіп жатыр. Министрлік Дүниежүзілік банк мамандарымен бірлесіп әзір­леген жаңа әдістеме бойын­ша ең төменгі жалақы шегін айқындау кезінде орташа жалақы мен еңбек өнімділігі ескеріледі. Яғни ЕТЖ өнімділікке, орташа жалақы қан­дай болатынына байланысты қалыптасады.