Өнер • 02 Қаңтар, 2024

Қылқалам құдіреті

382 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өнерлі жанның таланты тағдырына айналса, есін білер-білмес бала кезінен-ақ ұшқынданып, қылаң береді. Әйгілі суретшілердің бәрінің алғашқы шығармашылығы топыраққа, қабырғаға, ақ қағазға түскен шимайдан бас­талды. Қазақстанның халық суретшісі, кескіндеме мен графика өнерінің қайнар бастауында тұрған Әбілхан Қастеев те ең алғашқы суреттерін тасқа қашап салған.

Қылқалам құдіреті

Бала Әбілхан сегіз жасынан байлардың қой-қозысын бағады. Қой соңында жүрген бала бойындағы таланттың ұшқынымен қорым тастардың жылтыр бетіне аттың, тауешкінің, арқардың, бөкеннің суретін бейнелейді. Қой жайып жүріп, тас қа­шай­ды. Жұмсақ тастарды теріп, олардан сыр­ға, сақина, моншақ, ұршықтың басын жасайды. Әбілханның өрісте жүріп жа­саған моншақтары мен түймелерінің ерек­ше әдемілігіне тамсанып, ауылдың қыз-келіншектері таласатын көрінеді. Кем­пірлер де: «Сенің жасаған ұршығың жеңіл әрі жылдам», деп риза болысады екен.

Әбілханның сурет салар қағазы тас болса, бояуы – арбаға жағатын қара май. Бірде таудың қия бетіндегі шатқалдың үлкен кесек тастарының бетіне адамның басын салады. Бұл суретті мал иесі Шалғынбай бай көріп қалып: «Сен, зұлмат, не істеп жүрсің? Құдай ақыретке барғанда салған суретіңе жан бітір деп қинайды. Күнәһар!» деп баланы сабай жөнеліпті.

Бала суретшінің жас таланты ауыл расында танылып, абыройы арта береді. Қыз-келіншектер арнайы іздеп келіп, киім-кешектерінің жағасына, бет орамал-дарының шетіне, сүлгі орамалдарға гүлдің суретін, ал сырмақ, текеметке ою сыздырып: «Жақсылап сызып бер», деп өтінетін болған. Ал мектепте оқып жүрген балалар дәптерлеріне сурет, өрнек сыздырады. Әбілханның ауылдастарына қадірі артып, «суретші бала» атанады. Оның сурет өнеріне деген құштарлығын байқаған бір диірменші қария: «Сенен үлкен суретші шығады. Талабыңды қайтарма, ізден! Алматыға бар, одан әрі мүмкін Мәскеуге жолың түсер», деп ақылын айтады. Қарияның сөзі от боп жанған талантты қоздыра түсіп, 1926 жылы қой бағуды қойып, оқуға бет бұрады.

Міне, тасқа қашап сурет салған қойшы баланың, биыл туғанына 120 жыл толып отырған шебер суретшінің үлкен өнердегі алғашқы қадамы осылай өріліпті. Ғұмыры аңызға баланған суретшінің түрлі-түсті бояу әлеміне келген соң да жұлдызды сәттері, қилы оқиғалары, шынайы өмірмен жарысқан өнер жолындағы бұлтарыс-қалтарыстары да аз болған жоқ. Соның бірінде суретші 1926 жылы Жаркенттегі жол бөлімінде жұмыс істейді. Онда да қылқаламы алақұйын толқып, беті табақтай саудагерлерді, қалғып-мүлгіп отырған бақсы-балгерлерді сықақтап салған суреттері жұмысшылардың наза­рын аударады. Жаркенттің Саламатов деген ­фотографы жас суретшінің өнеріне қы­зы­ғып, салған суреттерін Қызылорда қала­сына, Халық ағарту комиссариатына салып жібереді. Сөйтіп, беймәлім да­рынның суреттері астанаға өзінен бұрын жеткен.

Өміріңде жолыққан жақсы адамдар әрқашан бір жақсылыққа сеп болады. Теміржол бойының әр қиырында еңбек етіп жүрген суретшінің оқуға түсуіне де кездейсоқта жолыққан, ниеті жақсы, өнерді бағалайтын жандар себеп болған. Әбілхан Айнабұлақ стансасында істеп жүргенде дау­лы бір жиналыс өтеді. Онда өнердің қадірін білетін суретші сөз сөйлеп, Әбілханның болашақта үлкен суретші болатынын, оны тезірек Түрксіб жұмысшыларының атынан оқуға жіберу керек екенін айтты. Сонда орыстар: «Біз Қастеевті жақсы білмейміз. Мүмкін ол бай баласы шығар. Өмірі қой соңында жалшылықта жүрген байқұстан мұндай өнер шықпайды», деп қарсыласады. Мұндай әділетсіздікке шы­дамаған жерлестері ызадан жарылардай болып: «Біз Әбілханды жақсы білеміз, ол нағыз сіңірі шыққан тақыр кедей, 8 жасынан байдың жалшысы болды», десіп шырылдайды. Жиналыстың аяғы елінен тақыр кедей екенін растайтын құжат алдырсын деумен бітеді. Әбілхан бір жыл бойы елден кедейлігін растайтын құжат ала алмай таусылады. Жауап күте-күте шаршап, ақыры 1929 жылы қыста жұмыстан босап, Шежінге тартады. Түйе айдаған керуенге ілесіп, жаяу-жалпылап Жаркентке шаршап-шалдығып жеткенде Садық Сапарғалиевтен: «Сені Алматыға оқуға шақырған қағаз күтіп жатыр», деген қуанышты хабар естиді. Сөйтіп, 1929 жылдың қаңтар айында, сарттың екі дөңгелекті есек арбасына отырып, Әбілхан Алматыға аттанады. Фотограф Саламатов Әбілханның 1928 жылы салған «Молданың нұсқасы», «Саудагерлер», «Бай» сияқты суреттері мен тастан қашаған «Ат», «Қой», «Адамның басы» сияқты мүсіндерін, оған қоса әдемі тастардан жасаған моншақтарын Алматы облыстық оқу-ағарту бөліміне салып жіберген екен.

Талантымен ерекшеленіп, өзіндік қол­таңбасымен әрқашан өз ортасынан оза шап­қан суретші әйгілі Николай Гаврилович Хлудовтың шеберханасынан дәріс ал­ға­ны мәлім. Орысша білмейтін Әбілхан Хлудовпен түсінісу үшін аудармашы етіп, өзімен жатақханада тұратын Дәлденбаев пен Оразымбетовті ертіп алады. Хлудов Әбілханның ерек дарынын байқап, бар білгенін үйретіп, шын пейілімен шәкірт етті. Онымен қоштасарда бір қорап бояуы мен қылқаламын тарту етіп: «Менің арманым жоқ. Қазақтан суретші шықты. Аман болсаң, атақты суретші боларсың, тек сурет салуды тастама!» дейді.

«Қазақтан суретші шықты» деген сөзді айтқызған Әбілхан Қастеевтің мол мұрасы – бүгінгі ұрпаққа олжа. Отба­сы­лық мұрағатта суретшінің 400-ге жуық жұмысы бар. Портреттері, сызбалары, этюдтерінің көбі отбасылық қорда сақ­талған. Одан бөлек, туындыларының көп бөлігі Алматыдағы Өнер мұражайында тұр. Павлодардағы музейде де 15 шақты туындысы бар. Жаркенттегі Сурет галерея­сында да Қастеевтің біраз картиналары қойылған. Бүгінде Қастеевтің туындыла­рына шетелдіктер де көп қызығады. Яғни Қастеев – туындылары қымбатқа баға­ланатын суретші. Мәселен, суретшінің 1965 жылы салған «Пейзаж» атты кар­ти­насы аукционда 413 мың долларға сатыл­ға­нын айтсақ та жетіп жатыр. Десек те шын өнердің бағасы шексіз емес пе!