Заман талабын түсіне тұра, шет тілін, әсіресе ағылшын тілін меңгеру туралы сөз қозғалғанда, бір бүйірден қазақ тілінің «жанашырлары» шыға келіп, «отыз жылда өз тіліңді төрге шығара алмай, өзгенің тілін өрістетемін деген неңді алған?» деп қасақана салыстырып, қиямпұрыс сөздің шетін шығаратыны да ежелгі дағды. Рас, өз тіліміз – өмірлік ұлы құндылығымыз, жүріп өтетін ұлы жол, өкпеге оттегі айдап, күретамырды қуалап жатқан қан-жанымыз. Ал ағылшын тілі – қажеттілік, табыс кілті. Шет тілін үйрену алдындағы басты бөгет – орыс тілінің маңызы әлсіреген сайын отаршылдық қамытынан босатып, дамуға жетелейтін күш. Ал ағылшын тілін міндетті түрде білуің керек деп қоғамды психологиялық қысымға алып жатқан және ешкім жоқ.
Жақында еліміз ағылшын тілін нашар білетін елдер қатарынан көрінді. «Бенин мен Сомалидің арасында орналасқан Қазақстан 113 елдің ішінен 104-орынға ие болып, тіл үйрену жөнінен ең шорқақ елдің қатарында» деген «Education First» ақпаратын әр-әр жерден көзіміз шалды. «Ақпарат тексерілмеген, дұрыс статистика емес» деп ағылшыншасының артықтығымен ортаазиялық елдердің көшін бастап тұр деген ілгерідегі рейтинг нәтижесіне сүйенетіндер бұл деректі қабылдамады. Былтыр ғана жыл сайын жаңа зерттеуін жариялап тұратын «English Proficiency Index» Қазақстанды 92-орынға жайғастырған болатын. Қалай десек те, екі зерттеу қорытындысы өзара қарайлас. Негізгі айтпағымыз бұл да емес, осы рейтинг мәліметімен жарыса жүрген тағы да сол ежелгі сөз, ескі сарын – «өте төмен» бағаға ие болған еліміздің шын қайғысы бұл болмауы керек, нағыз қасірет мемлекеттік тілді мемлекеттік деңгейде қолданбайтындардың арасында нешінші орындамыз, міне, біз үшін сұрақ осылай қойылуға тиіс көрінеді.
Кейінгі жиырма жылда қазақ тіліне қызығушылық артып, маңызды түркі тілдерінің бірі ретінде Түркиядан бастап, сонау Еуропа мен Америкада да оқытыла бастады. Әлемнің онға жуық елінің студенттері қазақ тілін шет тілі ретінде меңгеріп жүр. Осыдан он бес жыл бұрын Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университеттің түркітану бөлімінде болған жағдай әрі қуандырып, әрі қамықтырып, оқта-текте еске түсетіні бар. Сол университеттің қазақ тілі бөліміне ана тілімізді ағылшын тілі арқылы үйретуге Алматыдан арнайы жіберілген оқытушының айтуынша, поляк балалары аз ғана уақытта біздің тілімізде еркін сөйлеп, қатесіз жазатын деңгейді бағындырған. Қазақша жазған шығармаларын өз көзімізбен оқыдық, сапасы мен сауаты кез келген қазақты шаң қаптырады. Поляк тілінде, ағылшын тілінде сайрап тұрған балалардың қазақ тіліне құштарлығы оянып, беймәлім елдің рухани құндылықтарымен жете танысуды діттеп, бір топ студент жазғы каникулда Қазақстанға тартып кетеді және қай қаланы таңдаған десеңізші: Астана мен Көкшетау. Ана тілінде сөйлеп жүрген қазақты анда-мұнда кездестіргені болмаса, қала тұрғындарының бір-бірімен негізінен орыс тілінде қарым-қатынас жасайтынына қатты таңырқаған поляк студенттері еліне барған соң университет басшылығына мәселені төтесінен қояды: өз тілін керек етпейтін елдің тілі бізге неге керек?
Айтпағымыз, сол оқытушының А.Мицкевич атындағы университет жастарының кемі екі тілді, әйтпесе үш-төрт тілде жатық сөйлейтінін жаңалық көріп жеткізгені. Ана тіліміз бен әлемнің алпауыт тілін жарыстырып, лагерьдің екі басында отырып алғандар екеуін де жөргегінде тұншықтыруды көздейтін кембағал көзқарасынан құтылатын уақыт жетті. Параллель жатқан қос рельстің дөңгелегіндей ортақ мақсатқа жетелеп апаратын күре жолдың бір қапталын өз қолыңмен талқандап тастағанмен бірдей бұл.
Тілді адам қажеттіліктен үйренеді. Ал бүгінгі қоғамдағы ахуал азаматтардың халықаралық мансабынан бастап қиырды бетке алған гастарбайтерлігіне дейінгі қажеттілікке тұнып тұр. Дәл қазір кез келген азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруіне де, шет тілін үйренуіне де еш кедергі жоқ. Тек тиісті талап пен ниет жетіспейді. Қажеттілік туғызатын орта қалыптастыру да басты тетік болып қала береді. Ал мынау халыққа азық жеткізіп отырған тілдік дағдылар мен деңгейді өлшеуге арналған халықаралық рейтингтер қорытындысы ағылшын тілін төмен деп белгілеп беруінің бір себебі, үстемдігінен айырылмаған орыс тілінің елімізде әлі күнге дейін әрі ресми тіл, әрі шет тілі рөлінде қосақталып, екіжақты міндет арқалап жүргеніне байланысты шығарылса, еш таңғалмаймыз...
АЛМАТЫ