Сенатор Әли Бектаев Президент бүгінгі сұхбатында халық көкейіндегі сауалдарға шынайы жауап бергенін алға тартты.
Қаңтар қасіретіне де екі жыл толып отыр. Уақыт зымырап өтіп жатыр, бірақ сол кездегі халықтың жүрегіне түскен сызат әлі сыздап тұр, жазылар емес. Әрине ол бір-екі жылда жазылатын да нәрсе емес. Біз сол қаңтарда егемендігіміз ғана емес, елдігімізден айырылып қала жаздадық. Шетті айтпағанда өзіміздің арамызда да түрлі саягөйлер әртүрлі пікір таратып, халықтың санасын сарсаңға салды. Дәл осы кездегі қосарланған биліктің екіұштылығы да күмән қиялында отырған халықтың сенімсіздігін тереңдете түсті. Бұрынғы биліктің құдіретінен айрылып қалғысы келмеуі және жаңа биліктің жасап жатқан жаңа реформаларын қабылдамау пиғылы алаңсыз отырған халықты ақыры дүрбелеңге салды. Осындай сындарлы уақытта Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың табандылығы мен қайратты мінезі, батыл шешімдері, айтқан орнықты сөздері, салиқалы саясаты, жасаған қадамдары, бар жауапкершілікті өз мойнына ала білуі, абдырап отырған елдің есін жиғызды, күмәнін сейілтті, үмітін оятты. Болмысынан ұлттық сана-сезімі биік, ел мүддесіне қатер төнген кездерде құрыштай ұйыса алатын, ақ-қараны ажырата білетін халқымыз Президентіміздің айналасына бірігіп, көк туымыздың астына жиналып, қайсарлығын танытты. Елдік пен егемендікті таңдады.