Ауа райы • 03 Қаңтар, 2024

Ауа температурасы жиі құбылады. Қаңтарда ауа райы қандай болады?

316 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қазгидромет» РМК 2024 жылдың қаңтар айына арналған ауа райы болжамын жариялады, деп жазады Egemen.kz.

Ауа температурасы жиі құбылады. Қаңтарда ауа райы қандай болады?

Синоптиктердің айтуынша, 2024 жылдың алғашқы айында елдегі ауа райына Атлантикалық циклондар әсер етеді. Сондықтан республиканың басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), солтүстік өңірлерде жиі қар жауады.

Республика бойынша  бұрқасын, көктайғақ болып, 15-28 м/с дейін жел соғады. 

3 қаңтардан бастап Қазақстанның солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында және шығысында ауа температурасы аз уақытқа төмендейді:

Республиканың солтүстік-батысында, солтүстігінде түнде -3...+2°С-тан -20...-27°С-қа дейін, күндіз -3...+2°С-тан -7...-15°С-қа дейін;

еліміздің орталығында және шығысында түнде 0...-8°С-тан -20...-28°С-қа дейін, күндіз 0...-5°С-тан -5...-18°С-қа дейін аяз болады деп болжанып отыр.

Синоптиктер бірінші онкүндіктің екінші бөлігінде Қазақстанның солтүстік жартысында аяздың беті қайтады деп болжады: түнде -5...-15°С дейін, күндіз -3...-8°С дейін температура төмендейді.

Қаңтардың бірінші онкүндігінің соңында, екінші онкүндігінің басында антициклонның күшеюімен түнде температура қайтадан -18...-25°С дейін төмендейді. Еліміздің батыс өңірлерінде қаңтар айының басында ауа температурасының түнде -3...+5°С-тан 0...-10°С-қа дейін, күндіз -3...+7°С-тан 0...-5°С-қа дейін төмендеуі күтіледі. Айдың екінші жартысында – түнде -10...-18°С-қа дейін, күндіз -3...-10°C-ға дейін ары қарай төмендейді, бірінші онкүндіктің соңында ғана күн жылынады. Республиканың оңтүстік жартысында ауа температурасы түнде -5...+5°С-тан -3...-15°С-қа дейін, күндіз +5...+10°С-тан -8...+3°С-қа дейін өзгеруі болжанады.

Консультативтік болжамға сәйкес 2024 жылғы қаңтардың екінші және үшінші он күндігінде Қазақстанның басым бөлігінде ауа райының күрт өзгеруі күтіледі. Атап айтқанда, аязды күндер жиілеп, қар жиі жауып, бұрқасын болуы ықтимал. Сонымен қатар қаңтарда ауа массалары өзгеріп, көктайғақ болып, тұман түседі деп болжанған.

Ауа температурасы солтүстік жартысында және шығысында түнде -3...-13°С дейін, күндіз -5...+5°С дейін республиканың оңтүстік жартысында және батысында түнде -5...+5°С дейін, күндіз +5...+15°С дейін жоғарылайды.

Қаңтар айының соңында ауа температурасы төмендеуі мүмкін: Қазақстынның солтүстік жартысында, шығысында және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында термометр көрсеткіші түнде -22...-30°С дейін, күндіз -12...-20°С дейін боласа Қазақстанның оңтүстік жартысында және батысында түнде -13...-23°С дейін, күндіз -3...-13°С-ты көрсетеді.

Қаңтар айында Қазақстан аумағы бойынша температуралық фон климаттық нормадан 1...-2°жоғары болады. Жауын-шашын мөлшері еліміздің басым бөлігінде норма шамасында, елдің солтүстік-батыс жартысында, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нормадан көп болады деп болжанып отыр.