Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев баянды бастаманы аяғына дейін жеткізді. Бюджеттен бөлінген қаражатқа Қазақстан Жазушылар одағының өңірдегі мүшелерінің және бірнеше автордың поэзия, проза жанрындағы жинақтары жарық көрді. Жоба аясында қаламгерлерге қаламақы берілмек.
Кітаптардың тұсаукесеріне қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев алдағы уақытта да қаламгерлерді қолдау мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынатынын айтты. Іс-шара барысында Ербол Қарашөкеев зиялы қауым өкілдері айтқан маңызды ұсыныстарды зерделеп, мәдениет, руханият бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесуде өңірде әдеби орта құру, білім мен мәдениет ошақтарының санын арттыру, қаламгерлердің шығармашылығын көпшілік арасында насихаттау секілді мәселелер көтерілді.
Жамбылдық қаламгерлердің жинақтарын басып шығарған «Абай» баспасының директоры, ақын Ақберен Елгезек «Әулиеата» сериясы жобасын іске асыру, ақын-жазушылардың қаламақысын ретке келтіру туралы пікірін ортаға салды.
Ербол Қарашөкеев барлық ұтымды ұсыныс-пікірлерді қолдап, олардың міндетті түрде назарға алынатынын айтты. Сондай-ақ ол өз сөзінде «Әулиеата» сериясы аясында кітапхана қорын молайту, кітаптардың электрондық нұсқасын жасау ісіне көңіл бөлу қажеттігіне тоқталып, махаббат рәмізіне айналған Қарахан мен Айша бибіге арнап поэма, роман жазылса, фильм түсіруге қолдау көрсетуге ниетті екенін жеткізді.
Тараз